Наркотикалық заттардың заңсыз айналымы мен оны қолданудың көбеюі — қоғамның денсаулығына, қауіпсіздігіне және болашағына төнген ең үлкен қауіптердің бірі.
Осыған орай уәкілетті органдар тарапынан бұл мәселені түбегейлі шешу бағытында нақты тапсырмалар жүктелу қажет.
Бүгінгі таңда есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастарды зиянды әдеттен сақтандыру, қоғамда сауатты ой қалыптастыру — тек медицина саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Есірткі тек бір адамның тағдырын емес, бүтін отбасының, тіпті тұтас ұрпақтың болашағын бұзатын қатер екенін түсіну маңызды.
Мамандардың айтуынша, есірткіні алғаш тәжірибе ретінде қолдану көбіне жасөспірімдер арасында кездеседі. Сол себепті ерте жастан профилактикалық ақпарат беру, мектептер мен колледждерде түсіндіру жұмыстарын күшейту, ата-аналармен тығыз байланыс орнату — басты бағыттардың бірі.
Денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан тәуелділікті дер кезінде анықтау, емдеу және психологиялық қолдау көрсету қызметтері тұрақты жүргізіліп келеді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен бірлескен шаралар заңсыз айналымды анықтауға және оны түбегейлі жоюға бағытталған.
Қорыта айтқанда, есірткіден қоғамды қорғау — әр азаматтың белсенді ұстанымын талап етеді. Жастардың санасына дұрыс бағыт беру, отбасында бақылауды күшейту, білім беру ұйымдарында профилактиканы жетілдіру — қауіптің алдын алудың ең тиімді жолы.Есірткіге қарсы күрес – бүгінгі күннің емес, болашақтың қамы.
Жаңылша Нұрбайқызы



