Есімі ел есінде қалған ер

Ұлы Отан соғысының ардагері Жүнісқали Қарабайұлы 1925 жылғы 17 наурызда сол кездегі Гурьев (Атырау) облысы, Жылой ауданы, Тұрғызба топырағында дүниеге келді. Орта мектептің 7-сыныбын бітіріп, қаршадайынан еңбекке араласты. Мұнайшы атанып, Құлсары кәсіпшілігінде оператор болып еңбек жолын бастады.

Соғыс өрті тұтанғанда Жүнісқали Қарабайұлының бронмен тылда қалуына мүмкіндігі болды. Бірақ зұлым жауға деген ыза-кек бозбала жігітті өндірісте қалдыра алмады. Өз еркімен сұранып, небәрі 17 жасында Отанын неміс-фашистерінен қорғауға аттанады.

Жылыойлық жауынгердің жорық жолында көрсеткен ерлігі аз емес.  Соның бірі - 1945 жылы 7 қаңтарындағы шайқас. Командир Жүнісқали Қарабаевқа қарауындағы артиллеристтермен бірге алдыңғы бекініске ентелеп келіп қалған неміс танкілерін жоюға бұйрық беріледі. Қарабаевтың дәл есептеп берген нысанасымен көздеп атылған артиллерия снаряды жау «тигрлерінің» осал жеріне дәл тиіп, сол сәтте-ақ өрт құшағына орады. Әскери басшылық Жүнісқалидың бұл ерлігін жоғары бағалап, «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен, кейін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапаттады.

Қандыкөйлек жолдастарымен бірге жауды өз ұясында талқандауды мақсат тұтқан Ж.Қарабаев қарауындағы сарбаздармен бірге неміс жеріне бірінші болып табаны тиген жауынгердің бірі. Фашизмнің ең мықты бекінісі - Кенигсберг қаласындағы жаудың бекінісін бұзып, ішіне ентелей енген ерлермен бірге ерліктің үлгісін көрсетті.

1946 жылы елге Жеңіспен оралған ол жаумен қалай батыл шайқасса, еңбек майданында да солай ерледі. Туған халқына, жеріне адал қызмет еткен ердің есімі Құлсары қаласының көшесіне берілді. Осылай Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ұрпақтары батыр баба рухына тағзым етіп, ерлікке тағылыммен қарап, перзенттік парызын өтеді.

Әйгерім ҒАЛЫМЖАН,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

журналистика факультетінің І курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT