ХХ ғасырдың ең зұлматты жылдары – Ұлы Отан соғысы. 1941 жылдың маусымында ала таңнан басталған сол бір қаралы күн күллі адамзаттың жүрегіне жара салып, бейбіт аспанды найзағай тіліп өткендей болды. Фашистік Германияның тұтқиылдан жасаған шабуылы күллі Кеңес халқына сынақ әкеліп, әр отбасының тыныштығын бұзды. Жүздеген мың боздақ майдан даласына аттанып, елін, жерін, туған топырағын қорғауға ант етті. Сол азаматтар сапында Қалмұқан Қалиев та бар еді.
Қалмұқан Қалиев 1906 жылы Индер ауданы, бұрынғы Гребенщик селосында дүние есігін ашқан. Ол өзінің өмір жолында әрқашан батырлық пен еңбекқорлықтың, қайсарлық пен адалдықтың айқын үлгісі болып қала берді. Ерлігі мен жанқиярлық іс-әрекеттері арқылы бүгінгі ұрпаққа Отанға деген шексіз махаббаттың, адал еңбектің, ұлт үшін жанын пида етудің қандай екенін көрсете білді.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кездегі қиын жағдайлар оның жігерін жықпады, керісінше, Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынтасын арттырды. Ол қан майданға аттанып, 101-атқыштар батальонында автоматшылар тобында болды. Құралайды көзге атқан мергендігімен танылып, өзінің жауынгерлік қабілетімен ұрыс даласында талай ерлік көрсетті.
Қалмұқан Қалиев соғыстың алғашқы күндерінен-ақ неміс басқыншыларына қарсы ауыр шайқастарға қатысып, сан сынақтан өтті. Германия, Прибалтика, Курск, Орловск, сондай-ақ Орел қаласын азат ету жолында болған маңызды ұрыстарда батырлығымен көзге түсті. 1942 жылғы қаңтарда Орловск майданында, 1943 жылы шілдеде Курск түбіндегі жан алысып, жан беріскен шайқастарда шыңдалды. Алған ауыр жарақаттарына қарамастан, Қалиев жауынгерлік жорығын тоқтатқан жоқ. Әрбір жарақат, әрбір госпитальда өткізген сағаттары бойындағы адамдық күшті, адалдыққа деген сенімді арттыра түсті. 1943 жылы Орел қаласын азат ету шайқасында қайта жараланса да қайтадан қатарға қосылып, жеңіске жетуге деген жігерін жани түсті.
Редакциямызға келіп, әкесі жайлы сыр шерткен қызы Батима Қалмұқанқызы:
- Менің әкем өнегелі өмір жолында бізге тек ерлік пен адалдықтың, еңбекқорлық пен қайсарлықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетті. Әкеміздің әрбір қадамы біз үшін нағыз тәлім мен тәрбие болды. Оның ерлігі мен өмір жолы жайлы сөз қозғағанда, тек соғыс жылдарындағы батырлығын ғана емес, оның өмірдің қиын кезеңдерінде де талмай еңбек етіп, ел үшін жасаған игілікті ісін ұмытпаймыз. Бүгінгі күні әкеден екі ұл мен екі қыз қалдық. Әкеміздің батырлығы мен ерлігі жүрегімізде мәңгі сақталады,-деді есіне алып.
Жауынгер Қалмұқан Қалиевтің соғыстағы ерлігін бірнеше орден-медалі айғақтайды. Ол ІІІ дәрежелі «Даңқ» және І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің, Жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдық медальдарының иегері.
Әрине, ер ерлігі жауынгерлік даңқпен ғана есте қалмайды. Соғыстан жараланып туған жерге оралғаннан кейін Есбол ауданы, Кулагино селосындағы «Правда» колхозында 18 жыл бойы сиыр бақташысы болды. Оның табанды еңбегі мен қарапайымдылығы сол кездегі ауыл тұрғындары үшін үлкен үлгі болды. 1951 жылы Құлсары поселкесіне көшіп келіп, теміржолда еңбек етті. Болатжолдың бойында табан аудармастан 20 жылға жуық жұмыс жасап, 1969 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. Жұбайы Хамиза Нұржановамен отау құрып, 10 бала тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырды. 1995 жылы 90 жасына қараған шағында өмірден өтті.
Иә, кешегі аталардың ерлігі мен төгілген қаны ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне жол ашты. Олардың жанқиярлығы мен табандылығы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын да қалады. Бүгінгі бейбіт таң – боздақтардың қиылған жанымен, төгілген қанымен келген қасиетті мұра. Сондықтан да ер есімі ел есінде мәңгілік сақталады. Оған дәлел - 2021 жылы Құлсары қаласындағы 234-көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Қалиевтің есімі беріліп, батыр даңқы асқақтай түсуі.
Е.Жастабан