Тәуелсіздік таңы енді ғана атқан шақта жас мемлекеттер үшін өтпелі кезең оңай болған жоқ. Әсіресе, Тәжік-Ауған шекарасынан есірткі мен қарудың үздіксіз тасқыны Тәжікстанды ғана емес, бұрынғы одақтас елдердің де тыныштығын бұзды. Осыған байланысты Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан басшыларының шешімімен шекараның Тәжік-Ауған аумағын қорғайтын біріккен күш құрылды.
Бұл құрамда Қазақстанның Жеке құрама атқыштар батальоны болды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының шетелге қауіпсіздік миссиясын орындауға жіберген тұңғыш әскері атанды. Батальон құрамына десантшылармен бірге шекарашылар мен ішкі әскер бөлімшелері де кірді. Тәжікстандағы жағдай өте күрделі еді: елде азаматтық соғыс өрті лаулап, Ауғанстаннан есірткі мен қару тасыған содырлар шекараны еркін кесіп өтетін. 1992-2001 жылдар аралығындағы 9 жылға созылған ұрыс қимылдарында 46 қазақстандық сарбаз қаза тапты, көптеген қазақ жауынгерлері жараланып, мүгедек болып қалды. Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқандардың бірі жылыойлық Мырзағалиев Ерлан Үсенұлы болатын.
Бұл – Қазақстан батальонының қайғылы шығыны. Сонымен қатар Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан да көптеген сарбаз ТМД елдерінің сыртқы шекарасын қорғау жолында ерлікпен қаза тапты. Жалпы, 1992-2001 жылдары Тәжікстандағы азаматтық соғыстың құрбаны 100 мыңнан астам адамды құрады. 50 мыңнан астам әйел жесір, ондаған мың бала жетім қалды. Осы жылдар ішінде он мыңға жуық қазақстандық әскери қызметші тәжік халқымен бірге қиыншылықты еңсеріп, мемлекет жүктеген міндетті абыроймен атқарды.
1995 жылдың 7 сәуірі – қазақстандық әскерлер тарихына алтын әріппен жазылған ерлік күні. Таулы Памирдің Пшихавр шатқалында жүк алып бара жатқан жеке құрама атқыштар батальоны колоннасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылына ұшырады. Төрт сағатқа созылған қанды шайқаста 17 қазақстандық жауынгер ерлікпен қаза тапты, отыздан астам әскери қызметші жараланды. Бірақ олар өз міндеттерін абыроймен атқарды. Бейбіт күнде ұлдарынан айырылған аналардың жанарынан жас сорғалады. Бүкіл ел қайғыдан қан жұтты. Қазақстан батальонының ерлігі – ұрпаққа үлгі, ол ешқашан ұмытылмайды. Жауынгерлер қыршыннан қиылса да, соңғы демі қалғанша жаумен арпалысып, намысты қолдан бермеді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Тәжік-Ауған шекарасында болған ардагерлер 7 сәуірді «Ерлік күні» деп жариялады. Енді 7 сәуір мен 7 мамыр аралығы - "Ерлік айы" болып аталып өтеді. Ерлікке толы оқиғаның 25 жылдығына орай ҚР Ұлттық ұлан басшылығының қолдауымен «Қазбат» көркем фильмі түсірілді.
Қазіргі таңда Атырау облысында 300-ден астам оның ішінде Жылыой ауданында 30-ға жуық Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысқан ардагер бар.
Биыл 2026 жыл 8 ақпанда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ардагерлерінің ТМД елдерінің сыртқы шекарасын қорғап, Тәжік-Ауған шекарасындағы міндетін абыроймен өтеп шығарылғанына 25 жыл толады.
Тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтары арасында әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру, жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, Отан қорғаушының рөлін көтеру – аса маңызды мәселе. Осы мақсатта ардагерлер елімізде ерлік сабақтарын, әскери-патриоттық лагерьлерді ұйымдастырып, жастармен кездесулер өткізуде. Алдағы уақытта да ардагерлер еліміздің болашағы – жастардың бойында ұлттық рухты ояту, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру жолында аянбай еңбек етеді.
Қайрат Дүйсенбетов,
«Ардагерлер одағы (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)»
республикалық қоғамдық бірлестігі Құлсары қаласы бойынша филиалының төрағасы




