Жақында «Қазақ Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы ерекше кеш ұйымдастырды. Бірлестіктің белсенді мүшесі, елге еңбегімен де, өнерімен де танылған Еркін Сүйешевтің «Менің өмірім – менің өнерім» атты есеп беру концертін өткізді.
Бұл кеш көрермендер үшін өнер иесінің шығармашылық жолын ғана паш етіп қойған жоқ, оның өмірге деген құштарлығы мен қайсарлығының жарқын үлгісін көрсетті.
1963 жылдың 10 наурызында Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген Еркін Рахымұлы Жданов атындағы мектепті бітіріп, сол кездегі Гурьев теміржол техникумының «Теміржол құрылысы» бөлімін тәмамдады. Алғаш еңбек жолын туған ауылында теміржол саласында бастаған ол кейін Құлсары қаласында түрлі мекемелерде монтер, диспетчер, шебер қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинады. Жастайынан еңбекке араласып, түрлі салада шыңдалған Еркін жиырма жылға жуық уақытын «Атырау-Жарық» мекемесінің аудандық бөлімшесіне арнады. Адал еңбек еткені үшін бірнеше мәрте марапатталып, абыройға бөленді. 2021 жылы қос жанары сыр беріп, бірінші топтағы мүгедек атанғанымен, бұл дерт оның рухын жасыта алған жоқ. Көздің күрт нашарлауы оңайға соқпады, бірақ Еркін мойымады. Бойындағы өнерін өгейсітпей аудандық, облыстық, республикалық мәдени шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Әнге деген сүйіспеншілігі оны жаңа қырынан танытып, өнерсүйер қауымға шабыт сыйлады. Ол эстрадалық және дәстүрлі әндерді шынайы ықыласпен орындап келеді. Отбасында жан жары Шұға Сақтағанованың қолдауымен мақсатына жете білді. Жан жары белгілі мейірбике, бүгінде зейнеткер. Ұл-қыздары, немере-жиендері бар.
Осындай еңбекқор, қайсар жанның есеп беру кеші қоғамдық бірлестіктің ұйытқы болуымен өте жоғары деңгейде өтіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Кеш шымылдығы Еркін ағаның жүрекжарды сөзімен ашылды. Гитараның қоңыр үнімен бастаған алғашқы әуенінен-ақ зал іші ерекше толқынысқа бөленді. «Бозторғай ана» әні шырқалған сәтте көрерменнің жанарына жас үйірілсе, «Менің әкем – жақсы адам» әрбір тыңдарманға өз әкесін еске салғандай әсер қалдырды. Ал бірінен соң бірі орындалған «Қарағым-ай», «Нұрикамал» секілді халық сүйген әндер жүректерге жол тауып, махаббатқа жетеледі.
Кеш барысында қоғамдық бірлестіктің өзге мүшелері де сахна төріне шығып, Еркінге қолдау білдіріп, өз өнерлерін тарту етті. Мансұр Ысқақовтың жүрекке жақын «Ағаларым» мен сағынышқа толы «Жылыойға сәлем» әндері тыңдарманды бір сәт туған жерге деген сезімін тербеді. Айнагүл Жекеева мен Жайнаргүл Баймешованың «Көнеміз ғой» әнін қосыла шырқаған дуэті көрерменді ерекше толқытты. Әрбір әуен орындалған сайын залды ыстық ықылас пен толассыз қол шапалақ кернеп кетті. Ал кештің шарықтау шегінде Еркін Сүйешевтің өзі орындаған «Ауылға барам», «Біз екеуміз», «Жүрегім жүрегіммен егіз бе еді», «Қызыл көйлек», «Тамаша», «Ұнатамын мен сені» әндері көпшіліктің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады. Әр ән тыңдарман жүрегін тербеп, әрбір сөзін зал бірге шырқап тұрғандай әсер қалдырды.
Кештің соңғы сәтінде орындалған «Атамекен» әні ерекше рух беріп, сахна мен көрерменді бір арнаға тоғыстырды. Кеш соңында қоғамдық бірлестік мүшесі Қамқа Құлтумиева сахнаға шығып, Еркін Рахымұлына жүрекжарды жылы лебізін арнап, сый-сияпат табыс етті. Кеш иесінің құрдастары мен сыныптастары да сөз сөйлеп, оны «жарық жұлдызымыз» деп атап, естелік сыйлықтарын ұсынды. Зал толы көрермен өнер иесін ұзақ қол соғумен құрметтеді.
Иә, қоғамдық бірлестікте осындай мықты адамдар бар. Қоғам жұмысы Еркіндей еркіндікті сүйген азаматтармен жанданып келеді. Оған қайсарлығы мен өнерге деген адалдығы айқын көрінген Е.Сүйешевтің өмір жолы куә. Еңбекқорлығы мен қайсарлығы, адамгершілігі мен өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі – әрқайсымызға үлгі. Бұл шара – автордың тек есеп беру кеші ғана емес, маңайына Ерекеңдей өмірге құштар жандарды топтастыра білген қоғамдық бірлестіктің де қызметін халыққа паш еткендей болды.
Әйгерім ҒАЛЫМЖАН