Ерекше балалардың ертеңі алаңдатады

Нәресте өмірінің алғашқы айларында-ақ даму процесі қарқынды жүреді. Шақалақ кезінде күндегісін күнде өзгерістер орын алып отырады. Жаңа қабілеттер пайда болады. Осыған дейін «Жаңа туған сәби сезбейді, көрмейді, естімейді, ойлау қабілеті де болмайды» деген жаңсақ пікір қалыптасып келді. Зерттеулердің нәтижесінде нәресте ананың құрсағында жатып-ақ сезім мүшелері жетілетіні белгілі болып отыр. Өкінішке қарай, соңғы жылдары балалардың ойлауы, сөйлеу қабілетінің дамымай қалуы көбейе түскен. Оның басты себеп-салдары неде?

«ЕРТЕ АРАЛАСУ» БАҒДАРЛАМАСЫ

Бұл сауалға нақты жауап жуырда Құлсары қаласындағы «Құлыншақ» балабақшасында өткен «Даму ерекшеліктері. Баланың дұрыс психомоторлы және психо-сөйлеу дамуы» атты семинарда айтылды. Оны Атырау қаласынан келген «Болашақ» қоғамдық қоры оңалту орталығының жетекші мамандары өткізді. «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған семинар «Ерте араласу» бағдарламасымен балаларды «Ерте оңалту» жобасы аясында жүзеге асты. Семинарға аудан педагогтары мен баланы оңалтумен айналысатын мамандар және балабақша әдіскерлері қатысты. Жобаның мақсаты – оңалту орталығына келген жанға сапалы реабилитациялық көмек беру арқылы денсаулығын жақсарту. Семинарда сөз алған «Болашақ» қоғамдық қорының басшысы, дәрігер-реабилитолог Жібек Бисенова осы жоба мен көтерген өзекті мәселелер туралы ой өрбітті.

- Ерекше балаларды оңалтумен айналысқандықтан, олардың даму сатысында ауытқушылықтарды неғұрлым ерте анықтап, түзету жұмыстарын ерте бастасақ соғұрлым нәтиже жақсы болады. «Ерте араласу» жобасын облыс көлемінде пайдалы деп танып, «Теңізшевройл» компаниясына ұсынып, жұмыс жасап келе жатқанымызға биыл үшінші жыл. Қазіргі таңда 8 облысымызда, соның ішінде Атырау қаласы, «Алмагүл» мөлтек ауданындағы қалалық перзентханада «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы ашылды. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар жоба. Қазіргі таңда ерекше балалар және ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндер қатары көбеюде. Бұрын біздің орталыққа қол-аяғы сал, жүре алмайтын бөбектер келсе, қазір олар азайып, аяқ-қолы балғадай, жүгіріп жүрген балалардың арасында сөйлемейтін, айтқан тілді алмайтын, мінез-құлқында ауытқушылықтар бар ел ертеңі келуде. Бұның себебі көп. Ананың денсаулығы, дұрыс тамақтанбауы, экология да әсер етуде. Сондай-ақ цифрлық технологиялардың, яғни, баланың телефонға телміріп, жіпсіз байлануының кері әсері, ата-ананың баламен сөйлеспеуі секілді басқа да себептерді айтуға болады. Осы тұрғыда жоба аясында ата-аналармен, дәрігерлермен баланың жетілуі мен дамымай қалу себебін анықтау, оны қалай түзету жөнінде семинар өткізіп келеміз. Ең бастысы – ананың денсаулығы мықты болуы керек. Халық арасында жобаның нәтижесі мен сұранысы болған соң әрмен қарай да жалғастырамыз деген сенімдеміз,- деп семинарды бастап кетті.

Иә, аталған қоғамдық қордың басшысы, дәрігер-реабилитолог Жібек Қуанғалиқызымен біз де келісеміз. Қоғамда ана мен сәбидің өмірі мен денсаулығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде ол өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Бұл ретте дәрігер-реабилитолог түрлі аурулар туралы сөз қозғады. Соның бірі - анемия ауры.
-Анемия – былай қарағанда зиянсыз секілді болғанымен, оның зияны өте көп. Анемия – қан (гемоглобин) тапшылығы. Анемия кезінде ағзаға оттегі жетіспеушілігі болғанда, құрсақтағы нәрестеге де кері әсер етеді. Құрсақтағы бала үшін оттегі – ең бірінші миға керек. Оттегі жетіспесе баланың миы гипоксия (кислородное голодание) салдарынан дұрыс дамымайды,- деп анемияның балаға да кері әсерін айтып өтті. Сондай-ақ, қазіргі тұтынып отырған азық-түлік тағамына қосатын қарапайым күнбағыс майы, газды сусындардың зияндылығын тілге тиек етті. Расында да, мойындауымыз керек, күнделікті базардан сатып алып жатқан азық-түліктің құрамын қарамаймыз. Зиян екенін біле тұра түрлі газды сусындарды тұтынып жатамыз. Құрамында баланы тәуелді қылатын химиялық қоспалар тағы бар.

БАЛА БОЙЫНДАҒЫ ДАБЫЛ БЕЛГІЛЕРІ

Жалпы семинарда қозғалған мәселелер көп болды. Соның бірі - логопед-дефектолог, нейропсихолог Марина Жұмабаеваның әңгімесі де назар аударуға тұрарлық. Ол сәбидің туылғанынан бастап 3 жасқа дейінгі сатысы, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығы жайлы әңгімеледі. - Бәріміз білеміз, адамда 5 түрлі сезім мүшесі бар. Олар: көру, есту, иіс сезу, сипап сезу және дәм сезу. Есту адамда басқа сезім мүшелеріне қарағанда бірінші дамиды. Себебі бала ананың жатырында жатыпақ сыртқы дыбыстарды естиді. Сау баланың психоневрологиялық дамуының бірден-бір көрсеткіші ол – айтылған сөзді түсінуі. Мысалы айтқанда 6-7 айлық нәрестеге қарап, дыбыстап айтсақ ол сізге күледі, өзінің эмоциясын мимикасы арқылы білдіреді. Мұны алғашқы түсініктері деп айтамыз. 8 айында ойыншық, басқа да заттарды ұстап қарайды. Сол уақытта балаға «Дала қайда?», «Далаға шығамыз ба», «Қолың қайсы?», «Көзің қайсы?» деп алғашқы түсініктерді осы жест, мимикалармен қалыптастыра бастаймыз. Яғни нұсқау арқылы. Қарапайым «Алақай!», «Кел» «Сау бол!» деген сөздермен жетілдіреміз. Дамуы тежелген балаларды практикада ойыншықтар арқылы саусақ моторикасы арқылы үйретеміз. Жалпы балалар сөйлемесе де, ішкі сезімін эмоциясымен, мимикасымен көрсетеді. Сөйлемейтін бала келгенде оған сұрақтар қоямыз. «Мама қайсы?» дегенде анасына қарайды, бөлмеге кіргенде кеңістікті бағдарлай ала ма, соны қадағалаймыз. Мысалы «Доп қайда?», «Ойыншық қайда?», «Есік қайда?», «Аяқ киімің қайда?» дегенде бала айналасын бағдарлай ала ма, жоқ болса, бос кеңістікті бағдарлауға үйретеміз. Бала 1 жасқа қарай «Папа», «Мама» деген сөздерді айта бастайды. 3 жастан бастап қырсықтық пайда болады. Бұл - тіл алмаушылық (негатизм), психологияда өзінің уақыты бар. Ата-ана ондай кезде баланы қадағалауы керек. Тіл алмаушылық қандай деңгейде, соның бәрін зерттеп, қарап жүруі қажет.

...Енді дабыл белгілеріне тоқталсақ, 4 жастан 5 жасқа дейін әлі сол тіл алмаушылық болса, бірдеңе айтсаң кейбір балалардың шалқасынан құлап, жылап жатып алса, онда психологтың, невропотологтың көмегіне жүгіну керек. 2 жасқа келсе де 4-5 сөзді айта алмаса, яғни «Маған берші», «Мына затты апаршы» дегенді түсінбесе - бұл дабыл белгілері. Сондай-ақ, таңертеңнен кешке дейін бір ойыншықты ұстап, қолынан жібермесе, шаш-тырнақтарын алғанда жиі жылай берсе, ол да дабыл белгісі,- дейді Марина Асқарқызы.

Мамандар семинар кезінде баламен сөйлесу керектігін, оған көңіл бөліп, арнайы уақытын арнау қажеттігін баса айтты. Иә, шынымен де көп ата-ана күйбең тірлікпен жүріп балаға көңіл бөлмей қалып жатады. Оны мойындау керек. Жанұясын асыраймын деп кейбірі вахталық әдіспен отбасын айлап көрмей жұмыста жүреді. Тағысын тағы, айта берсең көп, әрине. Сонымен қатар балаға күнделікті қозғалыс керектігі баса айтылды. Таза ауаға шығарып, қоршаған ортаға үйреткен абзал. Келесі сөз кезегін алған кинезиотерапевт және нейропсихолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Гүлмира Жұмашева бала және оның дамуына тоқталды.

- Бала өмірге келгеннен соң 1 жасқа дейін мойыны қатайып, басын ұстайды. Одан кейін аунайды, отырып барып еңбектейді немесе еңбектеп барып бір жағына қарай қырындап отыра қалады. Тіректен ұстап тұрады. Одан кейін жар жағалап, содан кейін барып қадам жасайды. Бұның бәрі – ірі моториканың дамуы. 3 айына дейін физиологиялық тұрғыда жұдырығы жұмулы тұрады, ол дұрыс қалыпты жағдай. 4 айынан бастап алақаны ашылады. Ал, егер осы кезден бастап жұдырығын түйіп жата берсе, онда ол дабыл белгісі. Яғни ол толықтай ДЦП – бұл ми ауруының қабынуы, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы,- дейді маман.

Әр нәрсе өз кезеңімен жүреді. Сондай-ақ, маман баланың өсе келе болатын көз үйлесімдігінің бұзылуына (оның ішінде тақтадан көшіре алмауы) тоқталып өтті. Оны мектеп кезінде мұғалімдер байқай бастайды екен. Семинар соңында «Болашақ» қоғамдық қорының басшысы, дәрігер-реабилитолог Жібек Бисенова семинарға қатысқан педагог мамандарға, балабақша әдіскерлері мен балаларды оңалту жолында еңбек етіп жүрген мамандарға алғысын білдіріп, сертификат табыс етті. Әрине, онда айтылған мәселелер біздің қоғам үшін өзекті тақырыпқа айналды. Мамандар жалпы балалардың ғана емес, ересек адамдардың да уақытылы ұйықтауы, дұрыс тамақтануы маңызды екенін баса айтты. Ұйқы бұзылса, түрлі ауруларға әкеп соқтырады. Қорыта келе елімізде ана мен баланың денсаулығын қорғау мақсатында көптеген маңызды жобалар ұйымдастырылып жатқанын білдік. Соның бірі - осы «Ерте араласу бағдарламасы». Бұл өңірлер үшін аса қажет. Өйткені реабилитолог дәрігерлер аудан ғана емес, облыс көлемінде тапшы. Сондықтан осы секілді семинар-тренингтер көптеп өткізілсе, балалармен жұмыс жасайтын мамандар мен аналарға өте пайдалы болар еді.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT