Энергетика саласын жаңғырту – ел болашағының кепілі


       Энергетика саласындағы реформаларды мұқият қадағалап жүрген азамат ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы тапсырмаларын өте құптаймын. 


Себебі сенімді әрі заманауи энергетикалық жүйе – экономиканың тұрақты дамуы мен әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасының артуына тікелей әсер етеді. 
        Соңғы жылдары елімізде жаңа қуат көздерін іске қосу, ескі станцияларды жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. 2023–2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты пайдалануға берілді. Алдағы жылы тағы 621,5 мегаватт, 2026 жылға дейін 2 600 мегаваттан астам қуат енгізілмек. Бұл – елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің нақты қадамы. Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейінгі ірі электр станциясының құрылысы жүріп жатқаны, Қызылордада жаңа жылу электр орталығының салынуы – халыққа жылу мен жарықтың үздіксіз берілуін қамтамасыз етеді. Тағы бір маңызды мәселе – инфрақұрылымның тозуы. ЖЭО-лардың апаттық жағдайы көпшілікті алаңдатып келген еді. Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында 9 ЖЭО «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа көшті. Бұл – нақты нәтижені көрсететін оң өзгеріс. Ұлттық жобаның бекітілуі де қуантады. 13 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, 86 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылмақ. Нәтижесінде апаттар саны 27%-ға азайып, станциялардың тозуы 15%-ға төмендейді деп күтілуде. Энергетикалық жобалардың ел экономикасына қосар үлесі зор. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, отандық кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істеп, импортқа тәуелділігіміз азаяды. Үшіншіден, халық үшін тарифтік жүктемені жеңілдету тетіктері қарастырылып отыр. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы саласында да ауқымды бастамалар қолға алынуда. Полипропилен зауыты іске қосылып, полиэтилен өндірісіне қатысты жоба басталды. Бұл – Қазақстанды тек шикізат емес, қосылған құны жоғары өнім шығаратын елге айналдыру жолындағы үлкен қадам. 
      Бұл бастамалар – еліміздің ұзақ мерзімді дамуының кепілі. Ең бастысы, жоспарлы жұмыстар халықтың күнделікті өміріне нақты пайдасын тигізуі керек. Энергетика саласының сенімді болуы – әрбір қазақстандық отбасының үйінде жарықтың сөнбеуі мен жылудың үзілмеуі деген сөз.

                                                                     Құттығай Ешібай, 
ардагер энергетик

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT