Елдіктің тірегі

Елімізде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оған деген қажеттілікті арттыру – өзекті мәселелер қатарында. Қазақ тілі мемлекеттілікті айқындайтын факторлардың бастысы, сондықтан ана тілді білу және сөйлеу – Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтың парызы.

Қазақ тілін дамыту, оған деген құрметті арттыру мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан істер аз емес. Дегенмен мемлекеттік тілдің тағдыры азаматтардың отаншылдығына тікелей байланысты екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Олай дейтініміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін ел азаматтары жұдырықтай жұмылып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруы тиіс. Мысалы, тіл туралы арнайы заң бар. Іс-қағаздары толықтай қазақ тіліне көшірілді. Аталған заңмен «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі» екені айқындалған. Егер кез келген қызметкер осы норманы қатаң ұстанса, мемлекеттік тілдің жағдайы өз-өзінен жақсарар еді.

Бұл ретте мемлекеттік тілде сөйлеуді заңмен міндеттеудің маңызы зор. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметтің басты ұстанымының бірі десек, кімге болса да қазақ тілін меңгеру талабын күшейткен абзал. Қазіргі таңда соттарда қазақ тілінде қаралатын істердің сапасы артып, құжаттар мемлекеттік тілде сауатты дайындалады. Сот тәжірибесі байқатқандай, азаматтарға құқықтық тұрғыда көмек беретін адвокаттар мен заңгерлер талап арыздарды көбінесе орыс тілінде дайындайды. Мұның өзі мемлекеттік тілдің дамуына кедергісін тигізеді. Қай салада болмасын тіл мәртебесінің артып, тынысының ашылуына жалпы қоғам өкілдері жаңашылдық танытса, діттеген мақсатымызға жетеріміз анық. Қазақ тіліне қажеттілікті арттыру – елдік іс. Сондықтан оның қолдану аясын кеңейту жауапкершілік пен жүйелі жұмыстарды талап етеді. Гүлзада Жанғазиева, аудандық сот әкімшісінің аға сот приставы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT