2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылданды. Сол уақыттан бастап елдігіміздің тұтас үш тағаны - көк байрағымыз бен елтаңбамыз, әнұранымыз заңдылық тұрғыдан қорғалып келеді. Және сол күн Қазақстан тарихына Мемлекеттік рәміздер күні ретінде енді.
Бірақ сол кездегі заң мемлекеттік рәміздерді қолдану аясында бірқатар шектеулер енгізді. Бұл бертінде қоғам арасында түрлі пікірталас туғызып, көзқарас қалыптастырды. Сондықтан 2020 жылдың қазан айында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлім етті. Мемлекет басшысы Твиттер парақшасына былай деп жазды: «Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет. Парламенттің бірқатар депутаты мен азаматтарымыздың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын». Көп ұзамай заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет деген тапсырма берді. Ел Үкіметі де оны созбаққа салмай, сол күні-ақ, 2020 жылдың 27 қазанында №801 қаулысын шығарып, алдыңғысына дереу өзгеріс енгізіп жіберді. Содан бастап қаулының төртінші тармағы былайша жазылатын болды: «Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін».
Осыдан кейін туды азаматтардың өз тұрғын үйлерінің балконына немесе қабырғасына ілуге, көліктерде желбіретіп жүруге ресми рұқсат берілді. Онда да патриоттық сезім мен қазақы болмысты таныту үшін, Қазақстан мен ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ілуге мүмкіндік туды. Оның үстіне, мемлекеттік рәміз таза болуы, дұрыс ілінуі және заңнамада белгіленген стандарттарға сәйкес орналасуы тиіс. Қаулыда мемлекеттік рәміздерді қолдану қағидаларында басқа да қызықты ережелер жазылған:
•Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы уақытында жарық түсіп тұруға тиіс;
•Лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы Мемлекеттік Ту 1х2 метр көлемінде Елтаңбаның сол жағында (тігіледі) орналастырылады;
•Мемлекеттік Туды шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) көлемі басқа тулардан кіші болмауға және төмен орналастырылмауға тиіс;
•Қаулыдағы 13-тармақтың екінші тармақшасында жеке және заңды тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде) орналастырылатын Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс;
•Заңды тұлғалар мемлекеттік туды қағидаларға сәйкес бір қабатты және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктерін ескереді және мынадай параметрлерді пайдаланады:
• 1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
•2) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5х3 метрден 2×4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1×2 метр өлшеммен) орналастырылады;
•3) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2×4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1х2 метр өлшеммен) орналастырылады.
•Ал Мемлекеттік Елтаңбаға келсек, оның да өзіндік қолданылу ерекшеліктері бар. Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.
•Кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға орналастырылатын Елтаңбаның диаметрі 500 миллиметр болу керек.
•Бір қабатты ғимаратта Елтаңба (диаметрі 500 миллиметр) ғимараттың жабу деңгейінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
•Биіктігі 20 метрге дейінгі 2, 3, 4, 5 қабатты ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында орналастырылса, диаметрі 1-ден 1,5 метрге дейін болу керек. Ал ғимаратқа кіреберіс маңдайшада диаметрі 500 миллиметр көлемінде орналастырылады;
•Биіктігі 30 метрге дейінгі 6, 7, 8, 9 қабатты ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында диаметрі 2 метр болып тұруға тиіс. Ал ғимаратқа кіреберіс маңдайшада диаметрі 500 миллиметр болып орналастырылады;
•Ал биіктігі 30 метрден немесе 9 қабаттан жоғары ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында диаметрі 3 метр және одан жоғары болу керек. Немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшадағы көлемі 500 миллиметр диаметрден кем болмайды.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздер ерекше статусқа ие және заңмен қорғалады. Оларды дұрыс пайдаланбаған жағдайда ірі көлемде айыппұл төлеуге тура келеді. Айталық, мемлекеттік ту - спорттық жарыстар мен мерекелік іс-шараларда жиі пайдаланылатын атрибут. Оны саяхатшылар да жиі қолданады. Бірақ оны пайдалану немесе ілу кезінде қаперде ұстайтын мәселелер бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодекстің 458-бабына сәйкес, көк туымызды заңсыз пайдаланғаны үшін тиісті жаза көзделген, бұл норма басқа да рәміздерге қатысты.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, мемлекеттік туды: апат сигналын беруді қоспағанда, төңкеріп қоюға, жерге, еденге, суға және т. б. тиетіндей етіп қоюға, көлденеңінен алып жүруге болмайды. Сондай-ақ зақымдалуы немесе ластануы мүмкін болса орнатуға, оған заттарды орап, кенеп ретінде бірдеңе жазуға немесе бояуға болмайды. Киім, төсек-орын және драп ретінде, костюмде немесе спорттық формада қолданылуға тыйым салынған (тудың бейнесі тек патриоттық ұйымдар, әскери, полиция және өрт сөндірушілердің формасына тігілуі мүмкін). Бұған қоса, майлықтар, қораптарға және басқа да бір рет қолданылатын заттарға сурет түрінде басуға қатаң тыйым салынады.
Мемлекеттік мекемелерде рәміздерді орнатудың арнайы тәртібі белгіленген. Тек ту мемлекеттік емес нысандардың қасбетіне орнатылған болса, тәуліктің қараңғы кезінде оны арнайы жарықтандырудың қажеті жоқ. Қазақстандықтар туды бірнеше жағдайда қолдана алады. Әсіресе мерекелік іс-шаралар кезінде оған шектеу жоқ. Соңғысында ескеретін бір жайт: ту өлшеміне қарамастан мемлекеттік стандартқа сай болуы керек. Яғни, ол көк түсті матадан, тікбұрышты түрінде жасалуы қажет. Тудың өлшемінің арақатынасы 1:2 болуға тиіс. Ортасында күн сәулесі және оның астында қалықтаған бүркіт бейнеленген, ал тудың білігінің жағында ою-өрнек (тік жолақ) бейнеленген. Бұл элементтердің барлығы алтын түсті болуы шарт.
Әнұран мен елтаңбаны қолдану ережесі де бекітілген. Жекеменшік компаниялар мен жеке тұлғаларға елтаңбаны пайдалануға тыйым салынған. Оның бейнесін мемлекеттік туды пайдалану ережесін сақтай отырып қана қолдануға болады. Сол сияқты әнұранды пайдалану тәртібі бар, ол Конституциялық заңмен реттеледі. Атап айтқанда, әнұран орындалғанда ҚР азаматтары орнынан тұрып, оң қолын жүрек тұсына қоюға міндетті. Сондай-ақ әнұранның мәтінін немесе музыкасын басқа әндер мен шығармалардың негізі ретінде пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Айта кетейік, қазір мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қолданылатын жаза күшейтілді. Қылмыстық кодекстің 372-бабына өзгеріс енгізіліп, нәтижесінде айыппұл көлемі артты. Рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл мөлшері 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды, ал қоғамдық жұмыстарға тарту мөлшері 900 сағатқа дейін көбейтіліп, бекітілді.
Дайындаған Е.БИСЕКЕНҰЛЫ