Ақкиізтоғай ауылының топырағына аунап өскен елімізге танымал ақын-жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ауданның Құрметті азаматы Маржан Ершудің соғыс және еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері, орденді директор Тұрдығали Мәмбетов туралы жазылған «Жалғыз қол» кітабының тұсаукесері өтті. №10 мектептің төрінде бастау алған іс-шараға ауданымыздың әдебиет өкілдері мен ауданның құрметті азаматтары, сондай-ақ мұғалімдер мен кейіпкердің ет жақындары қатысты.
Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп аталғаны баршамызға мәлім. Бұл жөнінде ҚР Президентінің өзі «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген еді. Иә, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елімізде үздік маман иелері жиі насихатталып, олардың озық үлгілі жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Десек те бұл көшке көзінің тірісінде елі үшін еңбек етіп, нағыз еңбек адамының бейнесін танытқан қаншама азамат іліге алмай кетті. Олардың артынан тек жақсы сөз ерсе де, жұрт үшін жасаған жақсылықтарының бірі айтылып, бірі естен шығып жатады. Міне, осы қағиданы өзгерткен ақкиізтоғайлық ақын Маржан Ершу Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері, танымал, тарихи тұлға Тұрдығали Мәмбетовтің өнегелі өмір жолы мен еңбектегі ерен үлгісін, сондай-ақ кісілік парасаты мен қарапайым адамгершілік қасиеттерін негізге ала отырып, ол туралы 80 беттен тұратын поэма жазып шықты. Алғашында Жұмысшы мамандықтар жылына байланысты байқауға қатысу үшін кейіпкер іздеп, сол кейіпкерді өзі туып-өскен Жаңатаң ауылынан тапқан жазушы кейіннен шығармасына шырақ болған Тұрдығали Мәмбетов турасында жазып бастаған поэмасының соңына жете алмай, байқаудың мерзімінен кешігіп қалған. Кешіккен дүниенің қайыры осы болса керек. Дүниеге жақсының жақсылығын аша білген «Жалғыз қол» кітабы келді.
Иә, Тұрдығали Мәмбетов туралы жазылған хат пен пікір жетіп артылады. Олардың бірі оның еңбек жолынан үлгі алса, бірі оның қызметтегі біліктілігін жарыса жазып, ал бірі оның майдан даласындағы маңдай терінің қадір-қасиетіне тоқталады. Солардың бірі аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі партия басшысы қызметтерін атқарған ардагер Жәрдем Кейкін өз естелігінде: «Төрт жылға созылған ауыр зардапты Отан соғысы Жеңіспен аяқталғанда, өз деңгейінде майдан қажетін өтеу үшін бар мүмкіндігін сарқа пайдаланған, өндірістік қуаты титықтаған ауданның мұнай кәсіпшіліктерін қайта жасақтау, одан әрі дамыту, жаңа кен орындарын ашып, тез игеруге ауыл шаруашылығын уақыт талабына сәйкес қайта құру, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік ахуалын жақсарту міндеттері тұрды. Осы мақсатты жүзеге асыруда ауданның қолда бар экономикалық-материалдық ресурстары, халықтық ой және қол еңбегі тегіс жұмылдырылды. Бұл қозғалыста жастармен қатар қанды ұрыстың ортасынан оралған майдангерлер ерекше еңбектенді. Солардың бірі емес-ау, бірегейі, жалғыз қолды соғыс мүгедегі Тұрдығали Мәмбетов болатын»,-деп жазып қалдырған екен. Міне, осындай қолына құт дарыған майдангер, жалғыз қолдың иесі мен «Жалғыз қолдың» кейіпкеріне айналған кітап тұсаукесеріне жиналған жұртқа алдымен ризашылығын білдіріп, сондай-ақ шығарманың қалай жазылғанына тоқталған жазушы Маржан Ершу алдымен кейіпкермен қалай танысқанын сөз етіп, ойлы пікірін ақтарды. Ол өз сөзінде:
- Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бір жақсы бастама болды. Адамды адам еткен еңбек емес пе?! Халқымыз «Еңбек ер атандырады» деп бекерге айтпаса керек. Еңбек адамының ерен тұлғасы жырлануы керек деп ойладым. Тұрдығали ағаның ұрпақтарына хабарласып, поэма жазу ойым бар екенін айтқаным жөн деп шештім. Өйткені қазір кейбір адамдардың «біздің рұқсатымызды алмай неге жазасың немесе өлең деген кімге керек? Кітапты кім оқиды?» деп айтып жататындары да болады деп еститін едік. Сөйтіп Сәуле Тұрдығалиқызы Мәмбетоваға хабарласқанымда, ол «Ойың дұрыс екен. Жазсаң жазып көр» деді. Міне, сол күннен бастап, алаңсыз жазуға отырып, мені құдды бір жер мен ердің киесі қолдағандай іске кірістім. Мен Тұрдығали ағаны көрген жоқпын. Бірақ Үмітжан апайдың атын көп естідім бала кезімде. Тұрдығали ағамыздың жұбайы Үмітжан апай – Әлім Шүреннің қызы. Менің әжем Сарбөпе де сол рудан. Әжеммен туысқан сіңлісіндей жақын араласқан адамдар еді кезінде,-деп өткен-кеткенді еске алып, поэманың жазылу тарихымен бөлісті.
Кітап тұсаукесері ашылмастан бұрын №10 жалпы орта білім беретін мектеп ордасынан Ақкиізтоғай ауылының жұлдызын жаққан басшы Тұрдығали Мәмбетовтің атына жаңа сынып есігі ашылып, ол білім бөлмесіне еңбек ардагерінің өмірбаяны жазылған стенді ілінді. Одан бөлек оның көзі тірісінде алған марапаттары қойылып, жетістіктері де сол қатардан табылды. Тарих және Т.Мәмбетов кабинетінің есігін айқара ашып, салтанатты түрде қызыл лентасын кескен Т.Мәмбетовтің қызы, белгілі экономист Мәншүк Тұрдығалиқызы еді. Ал жаңа кітаптың лентасын қиып, қалың оқырманға таралуына жол бастаған азаматтар ішінде ауданның Құрметті азаматы - Нұрдәулет Ақназаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Алмабек Абдолов, Т.Мәмбетовтің көзін көрген Ақкиізтоғай ауылының тұрғындары Орынбасар Шәдір мен Жаңыл Ағыновалар, сондай-ақ Т.Мәмбетовтің қызы Мағия Тұрдығалиқызы мен Мәлік Керейұлы бар болатын. Кітап авторы мен кітап кейіпкерінің туған өлкесінде өткен іс-шараның жалғасы кейіннен аудан орталығы Құлсары қаласында жалғасын тауып, Т.Мәмбетов ұрпақтары әкелерін еске ала отырып, кітап тұсаукесерінің жалғасын тағы бір мәрте көлемді атап өтті. Жиын барысында бірнеше азамат Атырау облыстық ардагерлер кеңесі атынан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты «Ар мен Даңқ», Махамбет Өтемісұлына 220 жыл толуына орай «Дауылпаз», даңқты ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы орденмен, одан бөлек «Алтын қыран» сынды ордендермен марапатталды. Бұл қатарда «Алтын қыран» орденімен Т.Мәмбетов пен ақкиізтоғайлық ақын Аманқос Ершуов те марапатталып, олардың төсбелгісі ұрпақтарына табысталды. Ал осы марапат иелерінің қатарынан көрінген №10 Амангелді атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрлан Тілеуов «Дауылпаз» орденімен марапатталғаны үшін қуанышын жасыра алмай, өз ойымен бөлісті.
- Бүгінгі шара ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атағаны себепті, жерлесіміз, ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Аманқосқызы Ершуова Коммунизм таңы совхозының директоры қызметін атқарған, ауыл шаруашылығының үздік қызметкері Тұрдығали Мәмбетовтің еңбегін бағалау мақсатында осы поэманы жазып шықты. Поэманың тұсаукесері Ақкиізтоғай ауылындағы №10 білім ордасында кесілді. Шара жоғары деңгейде өтті. Ауылға, ауданға белгілі азаматтар қатынасып, кітаптың тұсауы сол жерден кесілді. Жиынның керемет жері, Т.Мәмбетов және тарих кабинеті жасақталды. Ол кабинеттің жасақталуына кітаптың басты кейіпкерінің ұрпақтары мен немерелері атсалысты. Бұл шараның мақсаты еңбек адамын қадірлеп, еңбек адамына деген құрметті арттырып, сондай-ақ жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу екені даусыз. Осы шараның нәтижесінде демесем де, шараға атсалысқаным үшін болар, бүгінгі жиында М.Өтемісұлының 220 жылдығына байланысты «Дауылпаз» орденімен марапатталдым. Бұл мен үшін тосынсый болғаны рас. Осындай құрметке ие болғаным үшін бақыттымын,-дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрлан Тілеуов.
Иә, Т. Мәмбетовтің өнегелі ғұмыры мен ерен еңбегіне арналған бұл рухани іс-шара – бүгінгі ұрпаққа өткеннің өр тұлғаларын үлгі етудің айқын көрінісі. «Жалғыз қол» кітабының тұсаукесері арқылы ел есінде сақталған азаматтың тағылымды өмірі жаңа қырынан танылып, кейінгі буынға аманат етілді. Бұл ретте жазушы Маржан Ершудің қаламынан туған поэма еңбек адамына деген құрметтің, адамдық қасиеттің, қарапайымдылық пен ұлтжандықтың көркем көрінісі. Қарапайым ауылдан шығып, ел игілігі үшін аянбай тер төккен Тұрдығали Мәмбетовтің өмір жолы бүгінгі жастарға жігер, ұмтылыс пен жауапкершіліктің үлгісі болары анық.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



