Ел ертеңіне ерекше қамқорлық

Аудандық «Amanat» партиясы өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралап, мониторинг жүргізіп, тексеріп тұрады. Кезекті бақылау барысында партия белсенділерімен бірлесіп, білім бөліміне қарасты қаладағы №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің қос қабатты ғимаратын көзбен көріп қайттық. Еске сала кетейік, бұл нысан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның демеушілігімен салынып, өткен жылы пайдалануға берілген еді.

Мониторингтік топтың құрамында «Amanat» партиясы аудандық филиалының басшысы Сайлаубай Таласов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, мәслихат депутаты Ризангүл Атинова және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болды.

Иә, өткен жылы «Самұрық-Қазына» АҚ табыстаған нысан бүгінгі күні заманауи талаптарға сай келеді әрі сапалы салынған. Ерекше балаларға өз қызметін ұсынып отырған аталған мекеме ғимаратында 6 орындық монтессори, сенсорлық, ойын және педагог-логопед бөлмесі қарастырылған. Екі-екіден педагог-дефектолог, педагог-психолог, әлеуметтік педагог бөлмелері бар. Одан бөлек емдік дене шынықтыру, музыкалық, медициналық дәрігер кабинеттерімен қатар, 100 орындық акт залы, 56 адамдық асхана және 20 бүлдіршінге арналған 3 жатын бөлмесінің есігі балалар үшін айқара ашық. Мекеме басшысы Айнаш Төлегенқызы мониторингтік топқа барлығын түсіндіріп, бүкіл бөлмелерді аралатып шықты. Айнаш Шауқымова өз сөзінде:

- Ғимараттың жағдайы өте жақсы. Ешқандай мін таға алмаймыз. Келіп жатқан балалар да кезек-кезегімен бөлінген уақыт аралығында тиісті маманмен жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта арнайы автобус бөлетін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, кей уақтарда балалардың қатынауы қиынға соғады,- деді.

Түзету кабинетіне келу үшін ерекше балалар дәрігерден өтіп, арнайы құжат алуы тиіс. Сол жағдайда ғана оның игілігін көре алады. Депутаттар да өз кезегінде сауалдарын қойып, ғимаратты жіті бақылап шықты. Дегенмен, тайға таңба басқандай жаңа нысанның сапалы салынғаны көзге көрініп-ақ тұрды. Халық қалаулылары қиындық туындаған жағдайда партия арқылы депутаттық сауал жолдап, мәселені шешу жолында аянып қалмайтындығын баса айтты. Сондықтан, қандай да көмек керек болса, қолұшын беруге даяр екендігін жеткізді.

Бүгінгі күні түзету кабинетіне шамамен 150-ге жуық бала келеді. Оның ішінде ауылдық округтерден қатынайтын бүлдіршіндер де жетерлік. Жаңа ғимараттың сыртқы келбеті де келісті әрі іші де ерекше балаларға жылулық пен еркіндік сыйлайды. Себебі мұнда түрлі аспапта ойнап, тіпті қуыршақ театрының әртісі атануға да мүмкіндік бар.

Заман талабына сай жабдықталған түзету кабинетінің қызметі өз деңгейінде жүріп жатыр. Бұл ретте ауданда ерекше балалар саны азайып, осында ем алып жүрген ел ертеңінің тезірек қатарға қосылып кетуі үшін кабинет қызметкерлері аянып қалмақ емес.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT