Ерлікке үндеген еңселі ескерткіш

2015 жылдың маусым айы. Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында Ауған соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен боздақтарға арналған үлкен ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Ондағы мәрмар тасқа облысымыздан 14 интернационалист-жауынгердің есімі қашап жазылды. Салтанатты жиынға атыраулық ардагерлермен бірге жылыойлық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов те қатысқан еді.

Баянды бастама

Ауған соғысының аяқталғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткенде облыс орталығынан бой көтерген бұл үлкен ескерткіш пен тақта жылыойлық жауынгерлердің көшбасшысы Досан Рашидұлына ой салды. Расында да, дәл осындай игі істі неге Жылыой ауданынан да қолға алмасқа?! Негізінен, Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан қос сарбаз – Болат Ербосынов пен Ерболат Омаровқа, жалпы ауған жауынгерлеріне бір белгі орнату туралы оралымды ой осыған дейін де туындаған еді. Бірақ белгілі бір себептермен бастама сөз жүзінде қалып келді. Ал Атыраудағы еңселі ескерткіш игі идеяға май құйғандай болды.

Бұл уақытта Атыраудан кейінгі екінші қала - Құлсары шаһарындағы орталық алаңдағы Жеңіс саябағы заманға сай жаңартылып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш-тақта қайта тұрғызылған еді. Оның бас сәулетшісі Баян Сатиев болатын. Ол өзінің жобасында саябақ ауласын жоспарлы түрде кеңейтіп, саяси-қуғын сүргін құрбандарына, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған болашақ ескерткіштерге орын қалдырып кеткен-ді. Енді, міне, жаңа саябақтың бір бөлігі соған сұранып тұрғандай. Қоғам төрағасы Досан Әділовтің ұсынысын сол кездегі аудан әкімі Мақсым Ізбасов та қолдай жөнелді. Бірақ бюджеттен немесе басқадай қаржы көздерінен көмек бере алмайтынын бірден кесіп айтты. Әйтсе де Жеңіс саябағының ішінен қажетті жер телімін заңды түрде ресімдетуге уәде берді.

Тың идея, жаңа бастама қашанда терең толғаныс пен мазасыз ойларға жетелейді. Әуелден-ақ бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын Досан Әділов күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Атырау қаласында бой көтерсе де, аудандарда қолға алынып көрмеген тың жоба тыныш жатқызбады! Ақыры идея иірімдері қоғам басшысын сәулетші Баянғазы Сатиев пен мүсінші Серік Мәтениязовтың шеберханасына алып келді. Өйткені жаңа Жеңіс саябағының бой көтеруіне Баянғазымен бірге Серік те көп еңбек сіңірген еді. Ондағы ескерткіш-тақта алдына қойылған мұңлы ана мүсіні Досанның көңіліне қона кетті. Соғыста қаза тапқан ұлы мен ерін зарыға күткен ана мен жар бейнесін сомдаған мүсінші ауғандағы ерлердің де келбетін құрыштан құя алары анық.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына»

Досекеңнің бастамасын Бәкең мен Сәкең де қостады. Қос азамат Досан Әділовтің бұл мәселе жайлы ақылдасып, сырласатын бірден бір кеңесшісіне айналды. Ескерткішке сай келетін гранит тасты да бірлесіп іздесті. «Ізденген жетер мұратқа», көп ұзамай материал да табыла кетті. Қаланың өндірістік аймағындағы орналасқан бір мекеме базасында көптен сақтаулы тұрған құнды тастардың ішінен таудың шатқалы тәрізді еңселі ескерткішке лайықты түрін таңдап алды. Сөйтіп 8 тонналық бағалы гранит Серік Мәтениязовтың шеберханасына жеткізілді. Әрине, оны қашап мүсін жасау, қаза тапқан ерлер есімін, өзге белгілерді ойып жазу, эскизі күні-түні талмай еңбектенуді, үлкен шығармашылық жұмысты талап етеді. Оның үстіне, орналасатын жеріне сай бас жоспары дайындалып, заңдастырылып, соған сай жұмыс жүруі тиіс. Мұндай қыруар шаруаға жұмсалатын шығын да шаш-етектен. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бірақ оның барлығы қоғам басшысын райынан қайтара алған жоқ. Керісінше, қайрай түсті.

Өнерді жанына серік еткен мүсінші Серік Мәтениязов пен кәнігі кәсіби сәулетші Баянғазы Сатиев бірлесіп талай игі бастаманы баянды еткені белгілі. Қос шеберге сенген Досан Әділов көп ұзамай аудан басшысының ықпалымен болашақ ескерткіштің жерін де белгілетті. Мұндайда дана халқымыз «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демей ме?! Сара сәулетші мен мықты мүсінші идея авторының қиялына біткен қос қанаттай көрінді. Асқақ арман, айқын мақсат іске аса бастады. 2015 жылдың күзінде негізгі жұмыстар қолға алынды. Ең бастысы – сең қозғалды.

Тау шатқалының тасындай еңселі ескерткіштің басты бетінде Ауғанда интернационалистік борышын өтеп жүрген жылыойлық жауынгер бейнесі көрініс тапты. Онда кезекті ұрыс қимылдарынан кейін автоматын қолына алып, тау басында тыныстап отырған сарбаздың бейнесін көреміз. Ауыр шайқастан соң бір сәт дамылдап, көкжиекке көз тіккен жауынгер жанарынан жарқ еткен сағыныш ұшқыны бар. Ол туған жерге, елге деген махаббат сезімі. Антына адал азаматтың бойындағы осы бір жалын бойына ерік-жігер беріп, қайратын қайрай түседі. Солдат мүсінімен бірге «1979-1989. Ауған соғысында қаза болған интернационалист-жауынгерлерге» деген жазулар да қашап жазылды. Ескерткіштегі жауынгердің бейнесін де сырттан іздеген жоқ. Оң жақ қапталына Ауғанстанда интернационалистік борышын өтеу кезінде қаза тапқан жылыойлық қос боздақ - Болат Ербосынов пен Ерболат Омаровтың есімдері жазылды. Екінші қапталынан ақын-жазушы, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың:

Сендер көкке сiңiп кеткен нұрсыңдар,

Зау биiкте жұлдыз болып тұрсыңдар.

Армандарын айырбастап ажалға,

Туған жерге қайтпай қалған қыршындар, - деген арнау өлеңі орын тепті. Бұл өлең жолдарын Досан Әділов сол кездегі депутат Бақытбектің өзіне телефон соғып, рұқсатын сұрап алған-ды. Әрине, ол - Ауғанстанда «армандарын ажалға айырбастаған» барша боздақтарға арналған жүректен шыққан жыр еді.

«Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар!»

Күзде басталған бірлескен жоба келер жылдың көктеміне қарай өз мәресіне жетті. Шеберханада «шыңдалған» ескерткіш белгіні Жеңіс саябағына орнататын күн де келіп жетті. Бұл уақытта аудандағы Ауған соғысы ардагерлері қоғамының басшысы Досан Әділовтің тапсырысымен Фархад Ибатоллаев жетекшілік ететін «Стройинвест» жеке кәсіпкерлігінің жұмысшылары 8 тонналық гранит тастан қашалған ескерткіштің қадасын қағып, орнын дайындау үшін қызу жұмыстар жүргізіп жатқан еді. Мұның барлығы сәулетші Баянғазы Сатиевтің басшылығымен, оның алдын ала дайындаған жобасы негізінде жасалып, жүзеге асты.

Ескерткіш пен орны әбден дайын болған соң, оны тасымалдап жеткізу де үлкен күшті талап етті. 8 тонналық гранит тас Жеңіс саябағына жеткізілгенімен мұндай салмақтағы ауыр жүкті көтеріп, орнатуға Досан Әділовтің тапсырыс беріп қойған 25 тонналық кранының әлі келмеді. Өйткені саябақтың ішіне жүк көлігі кіре алмайды, амалсыз, ауласының сыртынан көтеруге тура келген-ді. Амал жоқ, Досекең өзі жұмыс жасайтын Теңіз кенішіндегі ірі мекеме-кәсіпорындардан ауыр салмақты кран іздеп кетті. Оны да тапты-ау. 60 тоннаға дейінгі жүкті көтере алатын кран көлігін әкеліп, Фархад Төлегенұлының «Стройинвест» кәсіпкерлігі жұмысшыларының қолдауымен жобаға сәйкес ескерткішті тұғырына қондырды.

2016 жылдың мамыр айының 6-сы. Жеңіс күні қарсаңында Ауған соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіштің ресми түрде салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған сол кездегі аудан әкімі Мақсым Ізбасов бастаған аудан басшылары мен Ауған соғысының ардагерлері, ел азаматтары қатысты. Көптен көкейде жүрген үлкен іс тындырылды. Қаза тапқан қос боздақтың ата-аналары, туысқандары, Ауған соғысының ардагерлері еңселі ескерткішті көріп, жанары жасқа толды. Барлығы да Досан Әділовке алғысын жаудырып жатты. Бірнеше ай, жыл бойына тынымсыз төгілген маңдай тер өтелді. Көрген қиындық, ұйқысыз түндер, мазасыз күндер бір сәтте ұмытылып кеткендей.

Басқа аудандардың ішінен мұндай еңселі ескерткіш жалғыз біздің Жылыой өңірінде ғана бой көтерді. Оған Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов көп еңбек сіңірді. Алғаш ақылдаса келгенде үш-төрт эскизін ұсынған едім. Кейін бізбен кеңесе келе осы гранит тасқа тоқтады. Демеушілерді өзі тауып, басы-қасында бірге жүріп, қысқа мерзім ішінде мақсатын жүзеге асырды. Бұл бүгінгі жастарды отаншылдық рухқа тәрбиелейтін аудандағы бірден бір ескерткіш, -дейді сәулетші Баянғазы Сатиев пен мүсінші Серік Мәтениязов.

Иә, бұл Ауғанда қыршын кеткен Болат пен Ерболатқа ғана арналған белгі емес, бұл кешегі интернационалдық борышын өтеу кезінде жастық шағын құрбан еткен барша боздақтар рухына арнап қойылған ескерткіш. «Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар!» деп Қадыр Мырза-Әли ақын айтқандай, олардың тұғырға қонған тұлғасы ортамызда ғасырлар бойына қасқайып тұра бермек! Сол игі бастамаға дәнекер болған Досан Әділовтей ардагер азаматтар барда елі үшін жанын пида еткен ерлер есімі ешқашан өлмек емес. Қайта жылдармен бірге ұрпақтар жадында жаңғыра берері сөзсіз.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT