Ана мен баланы қорғау – әрбір мемлекеттің көпқырлы саяси және әлеуметтік ішкі басым бағыттарының бірі. Бала қоғамның ең осал бөлігі және қорғаусыз тобы болғандықтан, олардың құқықтары айрықша қорғалуы тиіс. Бүгінгі таңда нәзік жандардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы және жасөспірімдердің педофилдерден зардап шегуі сияқты жағдайлар жиі кездесуде. Бұл мәселемен мемлекеттік деңгейде кең ауқымды күрес жүргізілуде.
Қазіргі уақытта бұл мәселе Үкімет деңгейінде талқыланып, құқықтық реттеу шаралары қолға алынуда. Ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізген едік:
Айнагүл Нұрланқызы, «Отбасын қолдау» орталығының басшысы:
- Баршаңызға мәлім, ауданымызда "Отбасын қолдау орталығы" 2024-ші жылдан бері бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Басты мақсатымыз елімізде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды әлеуметтендіру, ата-анасы бар балалардың жетімсіремеуіне ықпал ету, ана мен баланы бір-бірінен жырақтатпау. Орталық өмірдің қиындықтарын бастан кешірген қыз-келіншектерге жан-жақты қолдау көрсетеді, оларды қоғамға бейімдеп психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетеді. Жас аналардың жасы 18-ден басталады. Жаңа жетілген буынға тіпті жасы үлкен аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, 1 айға дейін орталықта тұруға мүмкіндік береміз, болашақтарына жоспар құруға жәрдемдесеміз. Тұрмыстық, экономикалық зорлық-зомбылыққа тап болғандар да кездеседі, мысалы, несие арқылы қарызға батырылған әйелдер. Айта кету керек, отбасын қолдау орталығы болғандықтан біз тек әйелдермен емес, ер адамдармен де жұмыс атқарамыз. Бұл тек бір бағыттағы емес, жан-жақты күрестің нәтижесі болары сөзсіз деп есептеймін. Көп отбасы оқиғаларын жасырады, көмек сұраудан қорқады. Салада назар аударатын нәрсе елімізде отбасын қорғау тек материалдық деңгейде емес, рухани деңгейде де жан-жақты қолға алынуы деп есептеймін. Қазіргі таңда өте көп қысым көрген аналар да, әкелер де келеді. Күйеуі тарапынан тек кінәлі болып қалғандар, отбасында өзін керек емес сезінген ерлер де көп. Сөзбен де, іспен де қорлық көрген жандар өте көп кездседі. Соның бәріне үндемей көніп, тек ажырасу шешіміне келгенде, шегіне жеткенде ғана орталыққа келеді. Діни тұрғыдан да, заң бойынша да ешкім зорлық көруге құқылы емес. Бала – ел ертеңі. Ал ана – сол ертеңнің негізін қалаушы. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық пен әлеуметтік қолдау – болашақ ұрпақтың дені сау, саналы, тәрбиелі болып өсуіне жасалған ең үлкен инвестиция.
Жадыра Жұмабайқызы, заңгер:
- Ата-ана өмірге әкелген баланың өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Алайда неке бұзылған жағдайда, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті және ерлі-зайыптылардың біреуі бұрынғы жұбайынан алименттер өндіріп алуға талап қою арызымен сотқа жүгінуге болады. Бүгінгі күні кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, жекелеген жағдайларды қоспағанда, ешқандай тарап алимент төлеу жөніндегі міндеттерден босатылмайды. Елімізде зорлық-зомбылық, адам денсаулығына зиян келтіру, балаларға қатысты қылмыс және ар-намысқа тиетін әрекеттерге қарсы нормалар енгізілген болатын. Балалар құқығына нұқсан келтіргендерге қашанда жаза қатаң. Ол ана мен баланы қорғаудың заңнамалық негіздері көптеген мемлекеттердің Конституцияларында, арнайы қабылданған Еңбек кодексі, Отбасы кодекстерінде, сондай-ақ бірқатар заңдарда, атап айтқанда, «Денсаулық сақтау туралы», «Бала құқықтарының кепілдіктері туралы» Заңдарда және өзге де заңнамалық актілерде нақты көрсетілген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана сөз бар. Қазақ халқы шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға, сақтауға ерекше мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.
Балалардың болашағын бүгіннен бағдарлап, түзу тәрбие беру алдыңғы орында болса, оларды дұрыс тәлім-тәрбиемен өсіру – ата-ананың жауапты міндеті. Ал ана мен баланың қорғалуы – қоғамның мемлекет дамуының кепілі.
А.Ерденқызы


