Екінші өмір сыйлаған...

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы күн сайынғы тәуекел мен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қызмет барысында қабылданатын әрбір шешім адам тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін. Қоғамда әлі күнге дейін түрлі пікір мен ой тудырып келе жатқан сол бір 2015 жылғы оқиға Жылыой жұртын дүр сілкіндірген еді. Адам төзгісіз жағдайда, ақылға сыймайтын жерде табылған жаңа туған сәби... Төтенше жағдай туралы ақпарат түскен бойда оқиға орнына жедел жеткен полиция майоры Аманкелді Мұқашев уақыт жоғалтпай әрекет етіп, дәретханадан табылған жаңа туған шақалақтың өмірін сақтап қалуға себеп болды. Аталған оқиға кейіннен қоғамда кең талқыланып, бейбіт кезеңдегі қызметтік ерліктің нақты үлгісі ретінде бағаланды. Арада он бір жыл өтсе де, қызмет барысында сәби өмірін сақтаған полиция қызметкерінің ерлігі ел жадынан өшкен емес. Сол бір сәтте дәл осы азаматтың батыл шешімі болмаса жағдайдың қалай өрбуі мүмкін екені жайлы ой бүгін де көпшілікті толғандырады. Осыған орай, арада өткен жылдардан кейін сол оқиғаның басты кейіпкерімен қайта тілдесуді жөн көрдік.

- Бұл – менің азаматтық міндетім әрі қызметтік парызым. Арада 11 жыл өтсе де сол пікірдемін. Бірақ сол күні бұл сөздер қағаздағы анықтама емес, адам өмірі үшін күреске айналды. 2015 жылы кезекшілікте жүрген кезімде басқару пультіне жергілікті тұрғын үйлердің бірінің дәретханасынан жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабарлама түсті. Мен дереу жиналып, оқиға орнына жеттім. Хабарды жедел жәрдемнің медбикесі берген екен. Ол қатты абыржып, «бала өліп қалған» деп айқайлап жатты. Ойланып тұруға бір секунд та болған жоқ. Улы газдан дем алу мүмкін болмай, көз алдым қарауытып бара жатқан сәтте әлсіз ғана шыққан баланың дауысы естілді. Сол сәтте бар ойым баланы аман-есен сыртқа алып шығу ғана болды. Кейін әжетхананың астындағы шұңқырға үңіліп, баланы жарақаттап алмау үшін төменге түстім. Сол кезде сәбидің плацентасы бар екенін көрдім. Бұл баланың шын мәнінде періштесі бар деуге болады. Ол кезде мен небәрі жас лейтенант едім. Қызмет жолының басында тұрған, өмірдің мұндай сынағына әлі толық дайын емес жас маман болатынмын. Бірақ сол сәтте жас та, шен де, қорқыныш та маңызын жоғалтты. Тар, тұншықтырған жерде көзге әрең көрінген баланы көргенде жүрегім шым ете түсті. Сол сәтте өз балам есіме түсті. Мен де әкемін. Сондықтан ойлануға емес, әрекет етуге міндетті болдым. Сәбиді қолыма алған сәттегі жауапкершілікті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол бір адамның емес, бүтін бір тағдырдың салмағы еді. Құдай сақтап, сәби аман қалды. Сол күн менің өмірімде өшпес із қалдырды. Бұл оқиға мені тек қызметкер ретінде емес, адам ретінде де өзгертті. Араға жылдар салып, бүгінде сол кішкентай балақай 10 жасқа толды, нағашы әжесінің қолында өсіп жатыр. Кейде жолығып қалсақ, алыстан танып, жүгіріп келіп, ағам деп амандасады. Осындай сәттер полицей болудың жай ғана мамандық емес екенін дәлелдейді. Ал, баланың анасы 1993 жылғы азаматша. Мамандардың айтуынша, оның ақыл-есінің дамуы тежелген, тіпті босанғанын толық түсінбеген болуы мүмкін. Сол кезде бұл істің мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілген. Арадан қанша жыл өтсе де, сол бір сәттер әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Бірақ мұндай оқиғамен алғаш рет бетпе-бет келдім. Бұл сұмдық. Осы оқиғадан кейін балаға Аманкелді деп менің есімім берілді. Алдағы уақытта кішкентай Аманкелдінің үлкен өмірге қадам басып, елге пайдалы, сенімді азамат болатынына үмітім зор, - дейді кішкентай Аманкелдіге өмір сыйлаған полиция майоры. Бейбіт күнде ерлік пен батылдық танытқан бұл полицей бүгінде өз отбасының тірегі, екі қыз бен бір ұлдың әкесі.

Кейіпкеріміз көп сөзге жоқ. Әңгіме барысында әр сұраққа ойланып, қысқа ғана жауап береді. Оқиғаның әр деталі газет бетіне шығып, жария болғанын да аса құп көрмейтіндей. Өйткені, ол өзін батыр санамайды. Бір қарағанда, шынымен де солай көрінуі мүмкін. Алайда жедел шешім қабылдауды қажет ететін сәтте адам өміріне араша түсу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Мұндай сәтте адамның ішкі болмысы, тәрбиесі мен азаматтық келбеті айқын көрінетіндей. Бұл тек полицейдің емес, әкенің, азаматтың арманы. Әңгіме барысында Аманкелді қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – балалар қауіпсіздігі туралы да алаңдаушылығын білдірді. Әсіресе, педофилия деректерінің көбеюі оның жанына бататынын жасырмады.

 - Бала – біздің байлығымыз, болашағымыз. Олардың қаскүнемдердің құрбанына айналуына жол бермеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын күшейту қажет,-дейді ол.

Бөле-жара айтар жайт, елімізде ерлік көрсеткен тәртіп сақшылары да аз емес. Бір кездері Тараз қаласында лаңкестік әрекеттің алдын алып, жеті адамның өмірін сақтап қалу үшін өз жанын қиған полиция қызметкері Ғазиз Байтасов ел жадында мәңгі қалды. Ол ерен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атанды. Әрине, әр ерліктің ауқымы әртүрлі. Алайда адам өмірін сақтап қалу қай кезде де ең биік ерлік, ең үлкен адамдық қасиет. Осы тұрғыдан алғанда полиция майоры Аманкелді Мұқашев та бүгінгі бейбіт күннің батырларының бірі деуге толық негіз бар. Ол қатал тәртіп сақшысы ғана емес, жүрегі кең, адам өміріне бейжай қарамайтын, биік адамгершілікті ту еткен азамат екенін нақты ісімен дәлелдеді. Көпшілік жиіркеніп, сырт айналатын, тәуекелге баруға именетін жағдайда Аманкелді Мұқашев ойланбастан әрекет етті. Себебі оның алдында бір ғана мақсат болды – адам өмірін аман алып қалу. Аталған ерлігі үшін ешқандай марапат алмағаны да сұхбат барысында белгілі болды. Дегенмен, бұл оның жасаған ісінің маңызын кемітпейді. Шынайы ерлік атақ пен даңқ үшін емес, адамдық парыз бен кәсіби антқа адалдықтың нәтижесі екені анық. Қазіргі таңда Аманкелді Мұқашев әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді. Ол бұл қызметінде де заң мен тәртіпті ғана емес, қарапайым азаматтың қауіпсіздігі мен өмірін басты құндылық ретінде ұстанып келеді. Осы орайда ел тыныштығы жолында, адам өмірін сақтап қалу үшін жасалған мұндай ерлік елеусіз қалмай, лайықты деңгейде бағаланып, марапатталса деген көпшіліктің де, біздің де ақ тілегіміз бар. Өйткені дәл осындай азаматтардың еңбегін дәріптеу жас буынға үлгі, қоғамға сенім ұялататыны сөзсіз. Жылыой жұрты үшін Аманкелді Мұқашев – жай ғана тәртіп сақшысы емес, абыройлы тұлға, бейбіт күннің нағыз батыры болып қала бермек. 

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT