ЕҢБЕКШІЛЕР ӘУЛЕТІ

Киелі мекен - Кең Жылы- ойда Сасаевтар отбасын білмейтін адам кемде кем. Өйткені, әулет атасы атанған Амандық Ашықбайұлы – ауданның мәдени-рухани дамуына зор үлес қосқан ақиық ақын, әрі өнерпаз жан. Оның үстіне, ел экономикасының күретамыры – мұнай-газ саласында ұзақ жыл еселі еңбек еткен майталман мұнайшы. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, өзінен өрбіген ұлдары да – әке жолын жалғастырған осы саланың мамандары. Бір сөзбен айтқанда, Сасаевтар – мұнайшылар отбасы.

ҚҰЛСАРЫДАН БАСТАЛҒАН ҚҰТТЫ ҚАДАМ

Байлығым болмаса да туа бітті,

Көңілім күмбірлеген күй ағытты.

Әкем де мұнайшы екен, мен туғанда

Болашақ мұнайшы деп қуаныпты.

Бұл жылыойлық ақын Амандық Сасаевтың өлеңінен үзінді. Көріп отырғанымыздай, мұнайшылық бұл әулетке аталары Ашықбайдан дарыған.

Амандық ақсақалды қаламгер ретінде жалғыз жылыойлықтар ғана емес, бүкіл Ембі мұнайшылары жақсы біледі. Ол – қарт Ембінің қара шаңырағы - қазыналы өңірдің өсіп-өркендеуіне білектің күшімен ғана емес, жүректегі жыр-қаламының ұшымен де зор үлес қосқан ардагер азамат. Жас шағынан-ақ оның өлеңдерінде ембілік мұнайшылардың ерен еңбегі кеңінен көрініс тапты. Өйткені, Аманшекең – сол қазыналы қара алтынның қазанында өзі де бірге біте қайнасып, өндіріс ошағында пісіп- жетілген жан.

Иә, расында да, мұнайшылар жанұясында дүниеге келген Амандық Ашықбайұлының осы саланы таңдамасқа хақы жоқ еді. Сондықтан мектеп бітіре сала әкеден қалған кәсіпті жалғап әкетті. Ата-анасыз жетім өскен ол сонау 1961 жылы Құлсары мұнай кәсіпшілігінің бұрғылау бригадасында алғашқы еңбек жолын бастады. Сонда жүріп жетілген жігіт көп ұзамай жаңадан ашылған Прорва кәсіпшілігін көтеруге аттанды. Онда кен орнын алғашқы игеруші Мүтиғолла Маташевтің бри- гадасында жұмыс жасап, шыңдалды. Бұрғышының көмекшісі ретінде еселі еңбек кеткен сол кездегі жас мұнайшы жаңа ұңғымалардың пайдалануға берілуіне мұрындық болып, кен орнының кеңеюіне кеңінен үлес қосты.

Амандық Сасаев көп жылдар отбасымен Жылыойдың Мұнайлы поселкесінде тұрды. Онда осы елді мекен есімімен аталатын кен орны болған еді. Онда қарапайым жұмысшы ғана емес, цехтың кәсіподақ ұйымының жетекшісі қызметін қоса атқарып, басқарманың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Табиғат тарту еткен талантының арқасында мұнайшылар өмірін қаламмен жырлап, баянмен әнге қосып, басқарма атынан түрлі сайыстарға қатысып, өнер сахнасынан түспеді. Ақын ретінде Атырау аймағына танылып, республика Жазушылар одағының алқалы жиындарына шақырылды. Қай мінберге шықса да, өзімен қызметтес қарапайым еңбеккерлердің ерен еңбегін өлеңі арқылы жеткізе білді.

Ал ауылда қарапайым жұмысшы, мұнай өндіру операторы болды. Ауа райының жауын-шашынды, қарлы-боранына қарамастан, ауысымда жейтін азығын арқалап, үйінен шыққан ол 4-5 шақырым қашықтықтағы Мұнайлы кен орнына жаяу тартатын-ды. Сонда күні-түні качалкалармен сырласады. Сыр беріп, бұзыла бастаған ұңғыманың бөлшегін ауыстырады, тұрып қалғанын өз қолымен жөндейді. Сосын темір будканың ішіндегі пешке от жағып, жылынып алады да, сол жалынның жарығымен ақ параққа төгілтіп жыр жазады. Мұнайшы-ақын Амандық Сасаевтың көптеген жырлары осылай туды. Мұнайлыдағы еңбек майданының алдыңғы шебінен көрінген ақын 1975 жылы Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды.

Мұнайлы поселкесі жабылған соң ақын ағамыздың еңбек жолы Ақінген кенішінде жалғасты. Бұл еліміздің егемендік алған кезеңі еді. Мұнда жағдай өзгерді. Жайлы жатақхана, жылы асханалар салынып, өндіріс басына жан бітті. Бұл дәуір ақын өлеңдеріне жаңа серпін берді. Енді жаңарған Ембінің жарқын болашағын жырлады. Сол шалқар шабыттан туған шығармалары «Сезім бұлағы» атты кітапқа жыр бұлағы болып құйылып, баспадан басылып шықты. Осы Қосшағыл мұнай өндіру цехына қарасты кен орнында Амандық Сасаев құрметті зейнеткерлік демалысқа қалғанша тер төкті.

МҰНАЙШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫ

Жұмыс жасаған жылдарында басқарма басшыларынан, қала берді акционерлік қоғам президентінен аз құрмет көрген жоқ.

Ембі мұнайының дамуына білегімен де, жүрегімен де зор еңбек сіңірген ардагер-мұнайшының 44 жылдық тәжірибесінен, әсіресе, жастардың алар тәлімі мол. Отбасында ақылшы, асқар таудай қамқоршы әке, ұл-қыздарының анасына адал жар бола білді. Бар саналы ғибратты ғұмырын аймақтың қара алтын қайнарын тасытуға зор үлес қосқан Амандық Сасаев бүгінде 81-ден асты. «Қазақстан мұнайына – 100 жыл», 120, 125 жыл, «Ембімұнайгазға – 100 жыл», «Қосшағылға – 70 жыл», «Ембі ауданына – 90 жыл» секілді мерекелік медальдары мен Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар – ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.

Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, Құдай қосқан қосағы Шәмсиядан өрбіген ұлдары да әке жолын қуып, ата кәсіпті мықтап тұрып қолға алды. Тұңғышы Өтеген Сасаевтың мұнайшылық еңбек жолы Мұнайлыдан басталып, Қисымбай, Прорва кен орындарында жалғасты. Амандық ағаның орнын басқан ортаншы ұлы Ғалымбек Сасаев болса мұнай өндіру операторы ретінде Ақінген кен орнында еселі еңбек етіп келеді. Одан кейінгі ұлдары Болат Ашықбаев пен Әлімбек Сасаев та - өзге компаниялардың бұрғылау, мұнай өндіру саласында жұмыс жасайды. Сәндібек баласы да Қарабатанда осы саланың пұшпағын илеп жүр. Ал әулеттің жалғыз қызы Гауһар Сасаева мұғалімдік қызметті таңдап, қаладағы №1 мектепте өскелең ұрпаққа ұстаздық етеді.

Аманшекеңнің өмірлік жары Шәмсия Бисенбаева да – мұнай саласының ардагері. Алғашында Мұнайлы поселкесінің балабақшасында тәрбиеші ретінде мұнайшылардың балаларына тәлім-тәрбие берген нәзік жан бір ғана қызметімен шектеліп қалмады. Отбасында аяулы ана, асыл жар бола білген ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Поселкелік кеңестің депутаттығына төрт мәрте сайланып, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын билік басындағы азаматтарға жеткізіп, көптеген мәселенің түйінін тарқатты. Әйелдер советінің төрайымы болып, нәзік жандылардың теңдігін қорғады. Құлсарыға қоныс тепкеннен кейін қазіргі “ҚазТрансОйл” компаниясына қарасты Құлсары мұнай құбырлары басқармасында мұнай айдау операторы қызметінде 20 жыл ерен еңбек етті. Сол басқармадан мұнайшы ретінде зейнеткерлікке қалды.

Мұнайшылар династиясына айналған Сасаевтар отбасы, міне, осындай!

Зейнеткерлікке қалса да ардагер-мұнайшылар қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Айталық, Аманшекеңнің өзі «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ұйымдастырған іс-шаралардан қалып көрген емес. Айталық, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Әнім саған, туған елім Тәуелсіз» атты «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер арасындағы көркемөнерпаздар фестиваль-байқауында керемет өнер көрсетіп, ІІ орынды жеңіп алып, лауреат атануы – соның айғағы.

Бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен асса да, шабыты шау тартпаған ақын, ардагер-мұнайшы Амандық Сасаев кейде баянын сызылта тартып, әсем әнге салады. Сондай сәтте көңілінің көгі көкжиегіне симай, сонау жылдары өзі табаны талмай кезген сағымды сары даласын аңсап, сахарасына деген сағыныш сазын тербетеді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT