Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесі

Мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы негізінде әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру мақсатында еңбек шарттарын, жұмыскерлердің еңбек қызметі мен санын есепке алуды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе іске қосылды. Еңбек кодексінің еңбек шартына қатысты бірқатар бабына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №321-VI заңымен толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, күшіне енді. Атап айтқанда, кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар туралы 1-бабы бұрын мүлде болмаған 35-1-тармағымен толықтырылып, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне түсінік берілген. Осы кодекстің жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері жөніндегі 23-баптың 1-тармағы 13-тармақшамен, яғни «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен үміткерлердің және жұмыскерлердің алдын ала келісімімен еңбек қызметі туралы мәліметтерді алуға құқығы бар» деген мәтінмен толықтырылды. Сондай-ақ, кодекстің 23-бабының 2-тармағының 27-тармақшасымен «Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, осы Кодекстің 28-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 13-тармақшаларында көзделген мәліметтер қамтылған. Оған енгізілетін өзгерістер және толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу» міндеттелген.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізудің маңыздылығына тоқталсақ, жұмыс беруші жұмысқа үміткер адамның бұған дейін қайда, қанша жыл және қандай мамандық бойынша жұмыс істегені туралы толық ақпарат алуға құқылы. Шарттағы мына мәліметтер: қызметкердің ЖСН, аты-жөні, шарттың нөмірі, мерзімі, жасалған күні және қолданылу күні, қызметкердің лауазымы, жұмысты орындау орны, жұмыс уақытының режимі, әскери міндеттілігі, іскерліктер мен дағдылары туралы деректер еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Одан басқа жұмыскерлерге қатысты мәлімет еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне мүлдем енгізілмейді. Еңбек кодексіне енгізілген өзге де өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі №353 бұйрығымен бекітілген «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу» қағидасы жұмыс барысында қолданылуда.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жедел тіркеуді ұйымдастыру» жұмыстарын жүргізу мақсатында қала, аудандардың әкімшілік басшылары, кәсіпкерлік палатаның өкілдерімен «WhatsApp» желісі арқылы құрылған топ жүйелі түрде жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі таңда бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесінде облыс бойынша 4726 мекеме «еnbek.kz» порталына қосылып, 321 205 еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркелген.

Атырау облысы өңірінде орналасқан барлық кәсіпорындар мен ұйымдар өз жұмысшыларының еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жедел тіркелуін ұйымдастырулары қажет. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өз тарапынан еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркеу бағытында мекеме-кәсіпорындардың мамандар бөлімі қызметкерлеріне тәжірибелік көмек көрсетіп, кеңес беру үстінде.

Д.Ким,

еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT