Ең маңызды салаларға инвестиция тарту керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы барша қазақстандықтардың бойына сенім берген, алға жылжуына тың серпін берген саяси алып күш болды. 

Жолдауда даму мен өркендеудің жолында атқарылатын іс-шараларды тізбелеп, құзырлы органдарға жан-жақты тапсырма берді. Президент өз сөзінде: «Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін терең сараптама жасап, түбегейлі шаралар қабылдауға дайын болуы керек. Арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке компанияларды, қажет болса, шетел компанияларын тартуға болады.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күш болуға тиіс. Бірақ көбі коммуналдық мүліктерді басқарумен және аса маңызды емес жобаларды жүзеге асырумен шектеліп отыр. Олардың аймақ экономикасына әсері шамалы. Үкімет осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруы керек. Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек» - деді.

Біздің тұрғылықты жеріміз – Жылыой ауданында әлемге аты әйгілі шетелдік «Теңізшевройл» компаниясы орналасқан. Одан бөлек, мұнай саласында қарқынды жұмыс істейтін көптеген ірілі-ұсақты компаниялар бар. Демек, Президенттің дәл осы айтқан ойын жүзеге асыруға біздің облысымызда, соның ішінде өз ауданымызда зор мүмкіндік бар деген сөз.

Бұған дейін де түрлі бағытта шетелдік компаниядан инвестиция тарту арқылы, Жылыойда бірнеше тиімді жобаларды жүзеге асырдық. Ал одан әрі өркендеу жолына түсу үшін жергілікті билік өкілдері, халық қалаулылар бірігіп тиімді шаралар жоспарын жасауды қолға алу керек. Ел болашағы үшін білім, денсаулық саласына, жастар дамуына, кәсіпкерлік саланы дамытуға көптеп инвестиция тартуға жұмыс істеу қажет.
Мұхтар Тлеубергенов, мұнайшы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT