ЕҢ КЕДЕЙ ЖАН

Құдайдың адамзатқа берген ғұмыры өзге жаратылыстардан ерекше. Әр пенде баласына әртүрлі тағдыр жазылған дерсің. Сол тағдырда адам шіркіннің басынан не өтпейді? Құлайды, сүрінеді, қайта тұрып тіршілікке кіріседі де, пешенесіне жазылған ғұмырын сүреді…

«Ал бұл өмірде ең кедей адам кім?». Бұл сұраққа жауап беру қариядан бастап, жас балаға дейін оңай көрінер. Дегенмен жауаптар әртүрлі. Бірі ең кедей деп дүние-мүлкінен айырылған мүсәпір десе, енді бірі ақшасы жоқ тақыр кедейді айтар. Бірі ең сүйікті адамынан айырылған бейбақты, ал тағы бірі оқуға түсе алмай жылап қалған жасты көрсетіп: «Егер оның ақшасы болғанда, бұлай қиналмас еді, кедейлік-ай!» деуі мүмкін. Әрине, бұл жауаптардың барлығы адамзаттың жүріп өткен жолына, таңдауына байланысты өзінше дұрыс болса керек. Біз оған қарсы шығып, ақыл айта алмаспыз. Дегенмен, бүгінгі жазбада осы сауалдың терең мәніне үңіліп көргім келеді.

Менің түсінігімде ең кедей адам – туған жерінен айырылған жан. Иә, туған елі мен жерінен бір сәтке ажыраған пенде - материалдық әрі рухани тұрғыдан да ең кедей адам. Тіпті, ақшасы асып-тасыса да атамекені жоқ адам - ең бейшара адам. Бәлкім, бір жерден айырылса, басқа мекенге барып тіршілігін жалғастырар деп ойларсыз. Мүмкін, бір жерге тәуелді болу күлкілі деп те түсінерсіз. Иә, мен де дәл осылай ойлайтынмын. Мен де туған жерден кетсем, соншалықты қиналмаймын деп жүрдім. Бірақ осыдан бір жыл бұрын, туған жерім – Құлсары қаласы қауіпті аймаққа айналып, тасқын су басқанда, мен туған мекенімнен аз уақытқа алыстаған едім. Міне, сол сәтте «Туған жер – Құдайдың адамзатқа берген ең ыстық, ешқандай байлықпен алмастыруға келмейтін құнды мекені» екенін ұғындым.

Туған жер – адам шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Қандай оқиға орын алмасын, ол әрдайым жанына жақын, жүрегіне ыстық болып қала береді. Кез келген жаннан «Өміріңдегі ең қымбат күндер қайда өтті?» деп сұрасаң, ол міндетті түрде балалық шағын еске алады. Себебі балалық шақ – адамның кіршіксіз таза көңілімен асыр салып, алаңсыз ойнаған күндерімен, ең тәтті сәттерімен есте қалады. Ал, дәл осы балдәуреннің куәсі – туған жер. Асыр салып ойнаған шақтар, ата-ананың мейіріміне бөленген сәттер мен достармен бірге күлкіге толы күндер – бәрі-бәрі туған жердің әр бұрышында мәңгілікке өз ізін қалдырады. Бұл мекен пенде баласына өміріндегі ең жақын адамдармен, туған топырақпен табыстырып ерекше сезім сыйлайды.

Туған жердің әр көшесі, әр бұрышы – балалық қиял мен асқақ армандардың үнсіз куәгері… Адам ержетіп, өмір жолында түрлі таңдауларға кезігеді. Әртүрлі армандардың жетегіне ілесіп, қиялымен құс қанаты жетпеген қиырларға самғаған сәттерінің де үнсіз куәсі – туған жері. Бірақ адам, шіркін, үнсіз жаратылыс емес қой. «Дамимын, өсемін, жетілемін» деген үмітпен туып-өскен атамекенімен қоштасып, арманның жетегінде алысқа қанат қағады. Бұл - өмірдің әділ заңдылығы. Адам өсуі керек, өркендеуі керек. Бірақ, білесіз бе? Адам туған жерінен қашықтаған сәтте тек қана мекенінен емес, балалық шағынан, ата-анасы мен жақындарынан, ең сүйікті ескі достарынан, есті шақтарынан да қоса алыстайды. Сол кезде, тіпті, ол қаншалықты байып, дамып, өмірдегі ең ұлы жетістіктерге жетсе де, жүрегінің түкпірінде бір сағыныштың, бір бостандықтың барын сезінеді. Содан да адамның көңіл түкпірінде бір бос кеңістік пайда болады. Ол – туған жердің, балалық шақтың, сағынышты сәттері. Оның орнын ештеңе толтыра алмайды. Сол сәттер адамды еріксіз үнсіз мұңға жетелейді.

Мен бала күнімде өз заманынан әділдік таппай, өз жерінен жыраққа кеткен ақын-жазушылардың шығармаларын, өлеңдерін оқығанда, олардың туған жерге деген ыстық сағынышын сезетінмін.

Туған жердің ауасын қайта жұтсам ғой деп зар қаққан армандарын танитынмын. Бірақ сол кезде бұл сағыныш маған түсініксіз көрінетін. Ал, шын мәнінде, туған жерге деген сағыныштың артында – ыстық махаббат, мұң мен аңсарға толы жылы жүрек тұрғанын байқамаппын. Ол тек алыста қалған мекенге деген сағыныш қана емес, сол жердегі өткен өмірдің, балалық пен жастықтың, естеліктердің, ең қымбат сәттердің сағынышы екенін кейін ұқтым… Иә, біз кейде қарбалас тіршілікке еніп, өміріміздің басты құндылықтарын ұмытып кетеміз. Кейде реалист болуды жөн санап, тек өзімізді ғана ойлағымыз келеді. Алайда, шын мәнінде біз қандай адам болсақ та, бізді әрдайым құшақ жая қарсы алатын, бар болмысымызбен қабылдайтын – осы бір аса құнды, мән-мағынаға толы атамекен, туған жер екен.

Иә, туған жер! Туған жер – ол сенің болмысыңның бір бөлігі, сені адам қылған қасиетті мекен. Ол – сенің тұңғыш тәй-тәй басқан қадамыңның, алғашқы армандарыңның, өмірге деген үкілі үмітіңнің куәсі. Ол сенің бар болмысыңды қалыптастырған, жүрегіңдегі ең асыл қасиеттерді сіңірген құтты мекен! Неткен құдірет! Осындай қасиетті мекеннен айырылып қалған адам – бұл дүниедегі ең бейшара, ең мүсәпір, ең кедей адам екен…

Әйгерім ҒАЛЫМЖАН,

студент,

Алматы қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT