ДӘНЕКЕРЛЕУШІ

2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны аян. Бұл бастама өндіріс пен құрылыс саласында тер төгіп жүрген еңбек адамының беделін көтеруді көздеп отыр. Осы орайда 30 жылға жуық дәнекерлеуші болып еңбек етіп келе жатқан Тілек Хасановпен тілдескен едік. Ол 1979 жылы Құлсары қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келіп, еңбекке ерте араласқан азамат.

Темір мен оттың тілін терең түсінуге бел буған бозбала 1995-1996 жылдары Атырау қаласындағы №6 кәсіптік-техникалық училищесінде білім алып, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, тас қалаушы (сварщик, плот- ник, каменщик) мамандықтарын қатар меңгереді. Дәнекерлеуші болуға отбасының әсері зор болғанын айтады. Әкесі, атақты дәнекерлеуші Нұрлығайын Хасанов 45 жылдан астам уақыт, ағасы Сайфадин ширек ғасыр дәнекерлеуші боп еңбек еткен. Жастайынан осы екі азаматтың еңбекқорлығын көріп өскен Тілек бұл кәсіпке бала кезден қызығып, дәнекерлеушілікті таңдаған. Абыройлы мамандықты меңгерген ол өзі де сол әулеттің еңбек жолын жалғастырып келеді.

- Дәнекерлеуші – нағыз ер-азаматқа тән мамандық. Бұл кәсіпте тек қол мен аяқ қана емес, баспен де жұмыс істеуің керек. Темірге жан бітіру – қауіпті де күрделі іс. Өз жұмысыңа үлкен жауапкершілікпен қарап, өлшеп-пішіп, нақты шешім қабылдай білу – осы саланың басты талабының бірі. Қара металл дәнекерлеу, газбен дәнекерлеу (автоген), алюминий, электродпен дәнекерлеу, сондай-ақ тот баспайтын болатпен жұмыс істеу тәсілдерін меңгердім,- дейді ерекше маман иесі Тілек Нұрлығайынұлы.

1997 жылы «Нефтехиммонтаж» мекемесінде еңбек жолын бастаған жас жігіт 1998-2024 жылдар аралығында Маңғыстау, Атыраудың Қарабатаны, Батыс Қазақстанның Ақсайы секілді өңірлердегі ірі зауыттар мен құрылыс нысандарында темір балқытып, ірі құбыр желілерін дәнекерлеуге атсалысқан. Сондай-ақ ағасы Сайфадин Хасановтың қолдауымен Теңіз кенішіндегі түрлі өндірістік мекемелерде еңбек етіп келді. Онда «TCO 2000 Turnaround» (күрделі жөндеу жұмыстары) жобасына сіңірген зор үлесі үшін, «Хемимонтаж» мекемесінде «Кәсіби шеберлігі үшін» Алғыс хаттармен марапатталған.

Міне, осылайша көптеген жылдар ішінде бірнеше ірі өндіріс орындарында тәжірибе жинақтап үлгерген ол, жұмыс барысында түрік, венгр, италиялық, үндістандық әріптестермен иық тіресе еңбек етіп, шеберлігін шыңдаған. Қазіргі таңда Құлсары мұнай құбырлары басқармасында өз мамандығы бойынша дәнекерлеуші ретінде жұмыс жасап жүр. Еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсіп, қарапайым жұмысшы бола жүріп үлкен құрметке ие болған маманның еңбек жолы бүгінде жастарға үлгі.

Қазіргі таңда ол өмірлік жары Бибігүл Аяповамен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы иесі. Көп балалы отбасын асырау үшін Тілек Нұрлығайынұлы жұмыс көзі азайғанда қол қусырып қарап отырмай әкесімен бірге жеке кәсіппен де айналысып кетеді. Тұрғын үйлерге жылу жүйесін жүргізіп, ауланың қақпа-есіктерін құрастырып, орнатумен айналысып, шеберлігін шыңдап келеді.

- Жастарға айтарым – ешқашан еңбек етуден қашпаңдар. Бір кәсіпті мақсат тұтып, сол істі терең меңгерсеңдер, өмірде өз жолдарыңды табасыңдар. Дәнекерлеуші болу – бұл оңай емес, алайда нағыз ер-азаматқа лайық іс. Бұл кәсіпке тек шеберлік қана емес, жүректілік те қажет. Себебі дәнекерлеу – дәлдік пен батылдықты талап ететін жауапты жұмыс. Жұмыс барысында ең бірінші – қауіпсіздік маңызды. Тек өзіңнің ғана емес, қасыңда бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріңнің де амандығы әрдайым басты назарда болуы тиіс. Өйткені адам өмірі мен денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ,- дейді ол.

Расында да, Тілек сынды өз ісінің мамандары – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып жүрген нағыз еңбек ерлері. От пен темірді тілсіз бағындырған азаматтың өмірі мен еңбек жолы – нағыз жұмысшы мамандығын меңгергісі келетін аудан жастарына үлгі-өнеге.

Азамат МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT