ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУ ЖОЛЫНДА

Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз ма- ман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.

Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.

Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс.

Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі. Расында да, Әділетті Қазақстан құру үшін біз, ең алдымен, бәрін өзімізден бастап, келешек ұрпағымызды осы мақсатта тәрбиелеуіміз керек екен.

Біз қашан да болашаққа көз жүгіртіп отыратын елміз. Басынан қилы-қилы заман өткен ата-бабамыздың найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кең байтақ жерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап кетуінің өзі қазақтың тектілігі еді. Сондай текті халықтың ұрпағы – болашақ жастарымыздың да өз ісіне адал болып қалыптасуы бәріміз үшін де маңызды болмақ.

Күні кеше төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі - жазғы Олимпиада ойындары өтті. Қазақстанның атынан шыққан әр спортшы үшін жанымызды шүберекке түйіп, саңлақтарымызға шын жүрегімізбен тілеулес болып отырдық. Алтын мен күміс, қоладан алқа таққан қазақстандықтар қалың бұқараның қуанышын еселей түсті. Жеңіс үшін барын берген ұл-қыздарымыздың бойындағы өр рухы бізді де бір серпілтіп тастады. Маңдайыңнан теріңді сорғалатып, ерік-жігеріңді шыңдайтын, адамның өз болмысын түсінуге жетелейтін бекзада өнер – спорт арқылы жерлестеріміз Қазақстанның атын күллі әлемге әйгілеп жатты. Көк Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды асқақтата шырқатып жатқан еліміздің ұл-қыздарын осындайда адал ұрпаққа теңеп, ел болашағына зор үмітпен ғана қарайтынымыз рас. Әрине, осы орайда Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың жоғарыда айтып өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзі есімізге түсе қояды. Ұлттың ұлылығын танытатын келешек ұрпақтың бойынан қашанда ерік-жігер, елге, жерге деген сүйіспеншілік арта берсе екен дейміз.

Әрине, адалдық спортта ғана емес, әр салада еңбек етіп жатқан әрбір азаматтың бойынан табылатын құнды қасиет болса, еліміздің өркендеп, дами беретіні сөзсіз. Қазақ ұрпағын біреудің ала жібін аттамауға, антқа берік, уәдеге шынайы жүзбен қарауға тәрбиелеген. Сол ұлағатты бабалардың аманатын сақтау – бүгінгі ұрпақ алдындағы парыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру идеясы да, осы бағытта екенін ел болып қолдап, жаңа өзгерістерге жол ашуы- мыз керек.

Иә, дүниежүзі тарихынан ойып тұрып орын алар өркениетті елдердің тұрақтылығы мен жетістігінің кепілі– адалдық. Ұлттың атағын ұлтын шын сүйе білетін, терең ойлы текті ұрпақ қана асқақтата алады. Сондықтан, бала тәрбиесіне ұлт болып, баршамыз жанашырлық көзқараспен қарап, атсалысқанда ғана ұрпағымыз саналы, болашағымыз жарқын болары анық.

Адал ұрпақ – болашағымыздың жарқын кепілі. Сондықтан адал ұл- қыздарымыз көп болғай!

Қанат МЫҢБАЕВ,

аудандық мәслихат төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT