«Аманат» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында фракция отырысы өтті. Оны аудандық мәслихат депутаты Ерқұл Дәулетбаев жүргізді.
Халық қалаулылары бірінші мәселе бойынша аудан орталығынан базар ашу туралы жайын талқылады. Бұл сұрақ бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ақан Мәмбетиязов жауап берді. Оның айтуынша, мәселе нақтылануы керек және шешімі шықпаған. Келесі аптадағы мәжіліс отырысында жан-жақты қаралмақ.
Теміржол қалашығында емхана салу, №5 Абай атындағы орта мектептің 300 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысын аяқтау мәселесі талқыланды. Осы сауалға аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы С.Нұршиева жауап берді. Ол: «Қыркүйектің аяғында аяқталуға тиіс, облыстық басқарма қадағалау жұмыстарын жүргізіп отыр, - деді өз сөзінде.
Құлсары қаласындағы Береке ықшамауданына 600 орындық жаңа мектеп салу, №20 мектепке 180 орындық қосымша құрылыс салу жайы да сөз болды. Ауданымыздағы «Экопластик», «Промэкология» кәсіпорындарының қызметін жетілдіре отырып, сұрыптау кешені мен полигон құрылыстарын салу мәселелері жан- жақты талқыланды.
Жиналыста депутаттар орындалмай қалу қаупіне ілінген іс-шаралар күн тәртібінен түсірілмейді, келесі аптадағы отырыста жан-жақты қаралсын деген шешімге келді.
Ж.ЕСМҰХАНҚЫЗЫ