Мемлекеттік қызмет – ел мен халық арасындағы алтын көпір. Оның берік болуы, ең алдымен, мемлекеттік қызметкердің әдебіне, мәдениетіне, заңға сай әрекетіне тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күн санап күшейіп келеді. Бұл - заңдылық. Себебі халық сенімі мен мемлекеттік саясаттың сабақтастығы осы сала мамандарының адалдығы мен әділдігіне негізделеді. Осыған байланысты елімізде Әдеп кодексінің қабылдануы орынды шешім болды. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ашық мемлекет» тұжырымдамасында да анық айтылған-ды.
Иә, Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керек, міне, осыны тайға таңба басқандай қылып айқындап берді. Сол арқылы мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылады. Ол жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы және қызметтік қатынастардағы мінез-құлық, сонымен бірге көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеу кезінде көрінетін мінез-құлық стандарттары деген бес бөлімнен тұрады. «Бұл кодекстің бізге қажеті қанша?» деген сауалға да жауап көп. Иә, әдеп қазақта бұрын да болған, қазір де бар, бола береді де. Бірақ дәл осы нормалардың барлығы мемлекеттік қызметшілердің бойынан табылуы үшін бізге Әдеп кодексі қажет болатыны анық.
Негізінен, оның басты міндетіне келсек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықты болдырмауға бағытталған. Соның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге қолғабыс тигізеді. Жалпы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру негізгі міндет ретінде қарастырылған. Ал оның 12-қадамында жаңа этикалық ережелерді енгізу жайының қамтылуы тегін емес.
Мақсатына үңілсек, түптеп келгенде мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін әзірлеуге бағытталғанын аңғара қоямыз. Осылайша осыдан алты жыл бұрын Әдеп кодексі қабылданып, Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы да пайда болды. «Ұлт жоспарында» қамтылып, белгілі бір қадамында оған ерекше тоқталудың мақсатын қазір түсіндіру де артық болар, бәлкім. Олай дейтінім, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметте мемлекеттік қызметкердің әдебі маңызды рөл атқарады. Неге олай? Бұл шындығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда айрықша маңызға ие. Ал мемлекеттік қызметкердің бойында әдеп болмай, тұжырымдаманы толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес те. Иә, елімізде Әдеп кодексі қабылданғаннан бері Әдеп жөніндегі уәкіл де өз жұмысын бастап кетті. Ал «Оның функциясына не кіреді?» деген сауалға тоқталсақ, тарқатар дүние көп. Мәселен, ол біріншіден, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қадағалайды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде көрсетілген нормаларды сақтай отырып, халықпен тіл табысып жұмыс жасауына да баға бере алады. Ол – бір жағынан өз функциясы шеңберінде мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші. Біз осыдан 10 жыл бұрын қабылданған Әдеп кодексі арқылы неге қол жеткіздік? Бұл сауалдың да түйінін тарқатсақ, жазылар дүние көп.
Біріншіден, бұл заң қызметтік әдеп нормаларының бұзылуына жол бермейді. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына жол ашылады. Дәл осы Әдеп кодексі аясында моральдық-әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениеті қалыптасады. Жалпы қазақ әдепті болуды отбасындағы баласының бойына тәрбие арқылы сіңірді. Себебі жанұяда айтылған әдептің ертең ел болашағына маңызды рөл атқаратынын түйсігімен түсінді. Осы Әдеп арқылы мемлекеттік қызметкердің мінез-құлқында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасады. Мемлекеттік қызметшінің білімі мен білігін жетілдіруге даңғыл жол ашылады.
Ұжымдық моральдық әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениеті де әдеп арқылы қалыптасары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінде қамтылған нормаларды сақтай отырып, жұмыс жасағаны абзал. Сонда ғана халық пен билік арасы жақындап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға қол жеткіземіз. Президент неге «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға тиіспіз» дейді? Бұл бірінші кезекте халық пен билік арасындағы алшақтықты жақындатады. Ал өзара түсіністік қалыптасқан қоғамда жүйелі жұмыс жүрерін айтпаса да жақсы білесіздер. Бірақ оның жүзеге асуына басты себеп осы әдеп екенін ұмытпаған абзал. Себебі Әдеп кодексінде көрсетілген барлық нормаларға сай жұмыс жасаған мемлекеттік қызметші өз саласында сыбайлас жемқорлыққа да мүлде жол бермейтіні анық.
Қалия Мұхитова,
ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық
бөлімінің басшысы, аға сот орындаушы