Сот жүйесінің дамуы қазіргі таңда күн санап қарқын алып келеді. Медиация институтының тәжірибеге енгеніне біраз болды. Медиацияның тарихы тереңде. Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған.
Сондықтан бұл әдіс алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде де болған. 2011 жылдың 28 қаңтарында ҚР Президенті «Медиация туралы» заңға қол қойды. Бұл заң Қазақстанда медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиаторлардың мәртебесін айқындайды. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни, тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілетін келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады. Аталған заң медиацияны азаматтық-құқықтық қатынастардан, оның ішінде, кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын құқық туралы дауларды, еңбек және отбасы құқықтық қатынастардан, жеке және заңды тұлғалардың өзге де жеке құқықтық қатынастардың туындайтын дауларды реттеу кезінде қолдануға бағытталған.
Медиатор – қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым. Іргесі берік қазақ қоғамында небір даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен шешкен, дуалы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ендеше, сот жүйесіне бітімгерлік тәсілін енгізу қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадам деп түсінемін.
Қазіргі таңда судьялардың жүктемесі ауыр екені аян. Сондықтан ең алдымен, кейбір істерді медиаторлардың қарауына беріп, соттардың жүгін әжептеуір жеңілдетуге қол жеткізіледі. Бұл жол тараптардың өздері үшін де тиімді. Оның үстіне араздасқан адамдарды татуластыру – ең оңтайлы жол.
Сонымен қатар ҚР Жоғарғы Сотының пилоттық жобасы аясында татуластырушы-судья институты енгізіліп отыр. Аталған судьялар сотқа келіп түскен талап қоюлар бойынша сот өндірісіне қабылданғанға дейін тараптармен татуластыру жұмыстарын жүргізеді. Тараптарға шақырту қағаздарын жолдайды, олармен әңгімелесу жүргізіп, татуласуға ниет білдірген тараптар арасында дауды сотқа дейін медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасап, оны сот ұйғарымымен бекітіп береді.
Аудандық сотта 2025 жылдың 9 айында талап қою іс жүргізу бойынша 841 азаматтық іс аяқталған, оның ішінде 278 татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы қаралған:
-медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге байланысты-271 (оның ішінде татуластырушы судьямен татуласқаны-186),
-бітімгершілік келісімімен-6,
-партисипативтік тәртібімен реттеу туралы келісімге байланысты-1.
Заңды тиімді жүзеге асыру оның қолданылу аясы, медиация үрдісін жүргізудің қағидалары мен принциптері, даулардың жіктелуі, олардың алдын алу тәсілдері, медиация жолымен дауды конструктивті түрде шешудің фактілері мен шарттары жайында аудандық сотта семинарлар, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып тұрады және де баспасөз беттеріне халықты ақпараттандыру үшін мақалалар жарияланып отырады.
Қорытындылай келе, медиация – бүгінгі таңда дауларды шешудің ең тиімді, адамгершілікке негізделген жолдарының бірі. Ол сот жүйесінің жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдағы бейбіт қатынасты нығайтады. Сондықтан медиацияны кеңінен қолдану- құқықтық мәдениетті дамытудың маңызды бөлігі.
Ардақ Төлебаева,
аудандық соттың татуластырушы судьясы



