Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде буллинг мәселесі өзекті болып тұр. Бұл жағдай оқушылардың психологиялық және әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп, оқу процесінің сапасын төмендетеді. Осыған байланысты «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ғылыми-практикалық ұлттық институтының ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу бағдарламасының ғылыми-практикалық негіздері» тақырыбында арнайы курс өтті.
Жылыойлық педагогтарға арналған бұл оқу биылғы жылдың сәуір айының 14-і мен 25-і аралығында ұйымдастырылып, оған аудан мектептерінің 25 педагогі қатысты. Курста республикалық «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ғылыми-практикалық ұлттық институтының аға оқытушысы Элмира Төребекова дәріс берді. Онда біз тек қана теориялық білім алып қана қоймай, балалардың құқығын қорғау, зорлық–зомбылықтың алдын алу және түзету кезінде басшылыққа алынатын нормативтік-құқықтық актілер туралы білдік.
Оқушыларды жәбірлеудің (буллингтің) алдын алудағы халықаралық және қазақстандық тәжірибеге салыстырмалы талдау жасап, ең танымал антибуллинг KIVA бағдарламасы, буллинг мәселелері және тәжірибелік тренингтер, өмірлік жағдайда туындайтын кейстерді шешу мәселесін меңгердік. Білім беру ұйымында буллингтің алдын алу және тиімді әрекет ету жүйесін құрып, оның қызметін жоспарлауды түсіндік. Сондықтан да бұл курс педагогтардың алған білімін тәжірибеде қолдануына және тиімді әдістерді меңгеруіне көмектеседі. Буллингтің алдын алу бағытындағы мұндай курстар педагогтардың кәсіби құзіреттілігін арттыруға, білім беру мекемесінде қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Айгүл Ербосынова,
№6 мектептің директоры