Болашақтың бағдарламасы

Биылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасымен «Біріккен Жинақтаушы Зейнетақы қоры» АҚ-на алғашқы нысаналы талаптар есептелініп, жинақтау шоттарына ақша түсе бастағаны белгілі.

304 815 БОЗБАЛА 100 АҚШ ДОЛЛАРЫДАН АЛАДЫ

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 919 131 баланы құрайды. Олар 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі туылған балалар. Оның ішінде 304 815 жасөспірім биылғы жылы 18 жасқа толады. Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді. Бұл жерде мұның барлығы тек алғашқы есептеулер екенін түсінген маңызды. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып тұрады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады. Бағдарлама оған қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі. Ал кәмелет жасқа биыл толатын балаларға бұл ақшалар олардың «БЖЗҚ»-дағы автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаға қатысушы жасөспірімдер өздерінің жинақ ақшаларын кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй немесе білім алу үшін бірден пайдалануға құқылы болады.

НЫСАНАЛЫ ТАЛАПТАР МЕН ЖИНАҚТАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Нысаналы талаптар – бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің еліміздің 18 жасқа дейінгі азаматтары саналатын балалары алдындағы Ұлттық қорда жыл сайынғы инвестициялық кірістің 50% есебінен қалыптасатын міндеттемелері екенін естеріңізге саламыз. Ол соңғы 18 жылда (есепті жылдың алдындағы) орташа алынған кіріс мөлшерлемесі бойынша есептеледі.

Нысаналы талаптар ретінде ескерілетін қаражатқа бала кәмелет жасқа толғанға дейін жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептеле береді. Заңға сәйкес, нысаналы талаптарды пайдалану құқығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайда болады. Кәмелетке толған жылы жинақталған сома «БЖЗҚ»-да ашылған жасөспірімнің нысаналы жинақтау шотына тұрғын үй немесе білім алу мақсатында пайдалану үшін аударылады.

«БЖЗҚ»-да Қазақстан азаматтары болып табылатын және ағымдағы жылы 18 жасқа толатын балалардың нысаналы жинақтау шоттарында жиналған ақша нысаналы жинақтар деп аталады. Бұл қаражатты тиімді пайдалану үшін бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы нысаналы жинақтарды «БЖЗҚ»-дан АҚШ доллары көлемінде аударылатын банктік есеп-шот ашып, уәкілетті операторларға жүгіне алады. Ал қормен келісім жасасқан және "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасымен жұмыс істейтін уәкілетті операторлардың тізімі enpf.kz сайтында орналасқан.

«БЖЗҚ» АҚ "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасымен түскен барлық нысаналы талаптар мен жинақтарды инвестициялық кірістерді қоса алғанда АҚШ долларымен есепке алуды жүзеге асырады. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылар жөнінде ақпарат береді. Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтынан ұл-қызының ЖСН-ын енгізіп, тексере алады. Мұнда сіз, сондай-ақ, бағдарламаның шарттарымен, нұсқаулықпен танысып, өзіңізді қызықтырған сауалдарға жауап ала аласыз. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы жеке кабинетінде тексере алады. Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған әр азамат enpf.kz сайтындағы өзінің жеке кабинетінде, «БЖЗҚ»-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады. Еліміздің жасы, жынысы, өңірлері бөлінісіндегі есептеулер бойынша статистикалық есептер enpf.kz сайтында тұрақты түрде орналастырылатын болады.

БАЛАҢЫЗ ДЕРЕКҚОРДА ЖОҚ БОЛЫП ШЫҚСА...?

Егер бала қандай да бір себептермен "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорында болмаса және бағдарламаның қатысушысы болуға құқығы бола тұра, тізіміне енгізілмесе, онда нысаналы талаптар келесі күнтізбелік жылы өткізіп алған барлық кезеңдер үшін толық көлемде инвестициялық кірісі қоса есептеледі. Бұл жағдайда балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне мына деректерді тексеруге кеңес береміз:

•балада жеке басын куәландыратын құжаттың болуы: туу туралы куәлік, 16 жастан бастап - Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;

• жеке басын куәландыратын құжатта деректемелердің болуы және олардың дұрыс көрсетілуі: Т. А. Ә., туған күні, ЖСН, азаматтығы;

•egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде балалар туралы мәліметтердің болуы, тіркелуі және дұрыстығы, осы ресурста баланың ата-анасына бекітілген баланың нысаналы талаптары бойынша егжей-тегжейлі үзінді көшірмесі ұсынылады.

Егер балада:

•жеке басын куәландыратын құжат, ЖСН жоқ болса, тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінген жөн;

•азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе ол дұрыс көрсетілмеген болса, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек.

"Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін баланың нысаналы талаптары мен инвестициялық кірісті өткізіп алған кезеңдерін ескере отырып, келесі жылы толық есептелетін болады.

Ғалия САДЕШОВА,

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ

облыстық филиалының Құлсары қаласы бөлімшесінің бастығы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT