Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының еліміздегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті ынтымақ пен бірлікте өмір сүруіне қосқан үлесі зор болды. Соның арқасында кең байтақ даламызда бейбітшілік пен тұрақтылық орнап, тәуелсіздік тұғыры нығая түсті. 2016 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан Алғыс айту күнінің де дәл осы айтулы датаға сәйкес келуі бекерден-бекер емес. Төмендегі ділі басқа болса да, жүрегі бір жерлестеріміздің ақша қардай жауған ақ тілектері сол баға жетпес бірлігіміздің куәсіндей. Құлсарыға кіндік қаны тамбаса да, маңдай тері тамған татар ұлтының өкілі Салима Самигуллина да қазақтың қонақжай халық екеніне куә.
1946 жылы Татарстанда дүниеге келген ол 1966 жылы жолдасы Гаяз Самигуллинмен отау құрып, Жылыой жеріне қоныс тебеді. Өмірдің бұралаң жолы жиырма жасар қаршадай татар қызын жат жерге алып келгенде жүрексінгені рас. Бірақ қазақ халқы мейірімділігімен, қонақжайлылығымен тәнті еткен. Алғаш келген жылдары аудандағы перзентханада тазалықшы қызметін атқарады. Кейін «ПНГС» мекемесінде шаруашылық меңгерушісі, кейіннен бөлім басшысының хатшысы болып еселі еңбек етіп, зейнетке шықты. 5 баланың анасы, 6 немеренің әжесі Салима Самигуллина:
- Қазақстанға келгеніме, міне, 60 жылға тарта уақыт өтті. Алғашқы күндерімде қиындықтар болды, бірақ қазақ халқының мейірімділігі, ашық жүрегі мен қонақжайлылығы менің үрейімді жеңуге көмектесті. Көршілерім, әріптестерім, айналамдағы адамдар өз туысындай қабылдады. Тіл үйренуде, тіршілікке бейімделуде қолұшын бергендеріне ерекше ризамын. Қазақ тілін меңгеруім, мәдениетіне үйренуім осы жердегі бақытты өмірімнің кілті болды. Жылдар өте келе Қазақстан менің тағдырыма айналды. Мұнда отбасымды құрдым, балаларымды өсірдім. Ұл-қыздарым осы жердің нұрымен, білімімен, тәлімімен еркін дамыды. Қазақстанның әрбір бұрышы маған туған жерімдей ыстық сезімдер сыйлады. Еңбек жолымда қазақстандықтармен бірге жұмыс жасағанымды мақтан тұтамын. Біз бірлік пен ынтымақтастықтың күшімен көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Менің арманым — Қазақстанның тәуелсіздігі мен гүлденуіне өз үлесімді қосқаныма сенімді болу. Қазақ халқына алғыс айтамын! Сіздер мені өздеріңе ұқсатып, мейірімділік пен бірлікке үйреттіңіздер. Бұл топырақта өткен әр сәт — бақыт пен мақтаныштың кезеңі,-деді ақпандағы ақша қардай ақжарма ақ тілегін жаудырған ақ жаулықты ана.
Е.АЛТАЙҰЛЫ