«Бұл – ұлыстың емес, ұлы істің ұлы күні»

Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Жаңа Қазақстан құру идеясын көтерген еді. Президент бастамасын, әрине, барша отандастарымыз қызу қолдады. Бірақ өткен жылы мәдениеттанушы ғалым Серік Ерғали «Әз Наурыз дұрыс тойланғаннан кейін ғана Қазақстан жаңара бастайды» деген пікірін ашық білдірді.

Қарап тұрсақ, осы ұлттық мерекеміз – Наурыз мейрамын ширек ғасырға тарта талмай зерттеп келе жатқан ғалымның сөзінің жаны бар секілді. Өйткені әрбір елдегі бастаған істің берекесі халықтық жаңа жылдың мерекесінен бастау алатыны анық. Осыны жете түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы отыз жыл бойғы тойланып келе жатқан қасаң қағиданы бұзып, өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «...Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген еді. Алайда содан бері қарай серпіліс бола қоймағанына ренжіген Серік Ерғали Президенттің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатындағы «Әз Наурызды естен шығармаған жөн» деген ескертуін тағы бір мәрте еске түсірді. Сөйтіп Наурыз мерекесінің түп-төркінін түйсініп, оны шын мәнінде өз деңгейінде тойлай бастағанда ғана еліміз Жаңа Қазақстан құра алатынын қадап тұрып айтты.

Оның сөзінше, мемлекеттің жаңаруы жаңа жылдың жаңаруынан бастау алуы тиіс. Өйткені қазақтың жыл басы - біз осыған дейін ойлап келгендей күн мен түннің теңелуінен емес, батыс өңірімізде сақталған Көрісу – Амал мерекесінен басталады. Ол: «Қазақта күн мен түннің теңелуін наурыз деп атаған жоқ. 13-інде 90 күн қыс шықты деп есептейді. 1 наурыз – көктемнің бірінші күні», - деп Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Ахат Шәкәрімұлының күнделігінде де бұл дерек келтірілгенін алға тартады. «Әкей айтты бүгін – ескіше 1 март. Қазақша жаңа жыл. Ұлы істің ұлы күні», - делінген жазбада деген ғалым өз сөзінде жаңа жылды көрісу ғұрпы арқылы тойлау Қазақстанның батысында сақталып қалғанына шүкіршілік етеді. Егер 14 наурыздағы Көрісу – Амал мерекесі еліміздің батысында сақталмағанда, онда Қазақстан халқы әлі күнге Наурыз мерекесінің аяғын ғана мерекелеп жүретін еді деген пікірін білдірді.

- Қазір біз Наурыз мейрамын қазақтың этнографиялық еске алу күніне айналдырып жібердік, шын мәнінде ол мереке емес. Былай айтқанда, көшеде сахна қойылады, сахнада түрлі өнер көрсетіліп жатады. Қалған халық тек көрермен болады, басқа ешқандай мейрамның мәні қалған жоқ. Бұл жерде мереке бүкілхалықтық болу керек, әр адам өзінше тойлауы керек. Соның бір дәстүрі қалыптасуы керек еді. Оның атрибуттары, оның идеологиясы жасалуы керек еді. Өкінішке қарай, біз қаншама жылдар бойы ұсынып келе жатырмыз, ол жасалған жоқ. Ал Наурыз іс жүзінде күллі қазақстандықтарды біріктіретін жалпыхалықтық мерекеге айналуы керек. 14 наурыздан басталатын мейрам қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, әзербайжан қатарлы түркі халықтары, тәжік, күрд этностары үшін таңсық емес. Шығыс славяндардың 14 наурызда аяқталатын масленицасы да Наурыздың қарсаңында болады. Демек, Ұлыстың ұлы күні шын мәнінде барша халықтың мейрамы. Оның әр күніне жеке атау беріп, атрибуттарын белгілеу көне мерекені нақты тұжырымдамасы бар мейрамға айналдырады. Біз 9 күнге шуақ, алас, жайнау, шаттық, береке, тағзым, өркен, үйлесім, бас таң күні деген атаулар бердік. Осы күндері үлкендерге сәлем беруден бастап, аруақтарға құран бағыштау, сенбілік ұйымдастыру, қайырымдылық жасау, Наурыз таңын қарсы алу тәрізді көптеген шара ұйымдастыруға болады,-деген еді.

Бүгінде ғалымның ұсынысы халық арасында да, ел тізгінін ұстаған азаматтар тарапынан да қызу қолдау тапты. Сондықтан да өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Наурызды тойлаудың жаңаша тұжырымдамасы жасақталып, 14 наурыздан бастап 23 наурызға дейін әр күнге атау беріліп, Наурызнама ретінде атап өтілуі сондықтан еді.

-Ұлыстың ұлы күнін 7-9 күн тойлауды мен ойлап тапқан жоқпын. Қазақта бұрын болған салт. ХІХ ғасырда ескіше 1-8 наурыз (жаңаша: 14-21 наурыз) аралығында Наурыз мейрамын 8 күн бойы тойланғанын Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай атап өтеді: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым...». Ғұлама мұны өзінің «Наурыздама» атты еңбегінде айтқан. Сонымен бірге ол Төле би заманында қазақтың наурыздамасына көршілердің ешқайсысының мерекесі теңесе алмағанын айтады. Едіге бидің 100 жолдасымен Сәті байға Наурыздама жасатуға барғаны жайлы әңгімені келтіреді. Ең қызығы, «наурызнама» деп емес, «наурыздама» деп жазған. Қисынға салсақ «наурыздату» деген жеке ұғым шығады»,- дейді Серік Ерғали.

Мәдениеттанушы бұл мейрамның ежелден бері тойланып келе жатқанын дәлелдейтін «құжат» тапқанын айтады.

-«Наурыз мейрамының «төлқұжатын» таптым десем де болады. Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауында шамамен 5 000 жыл бұрын жартаста қашалған ежелгі суреттер бар. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адам кейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтан кейіпті Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сиыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі Наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл – сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл – Күн мен Түннің теңесу сәті», - деп түсіндірді маман.

Соңғы жылдары Қазақстанда «Амал» немесе «Көрісу» мейрамы танымал болып, кең қанат жайып келеді. Алайда мәдениеттанушы Серік Ерғалидың айтуынша, бұл мейрам 1988 жылдары пайда болған да, тек ол кезде қазақтың Әз Наурызын тойлау күндері ауыстырылған.

- Наурыз мейрамы Кеңес Одағы кезінде ресми тойланбаса да, халық ешқашан одан бас тартқан емес. Ел ішінде мерекенің жұрнағы түрлі сипатта сақталып қалды. Батыс өңірлерде Наурыз мейрамы бұрыннан-ақ 14 наурызда басталады. Өйткені мүшелдік жаңа жыл осы күні кіреді. Ескіше - 1 наурыз. Мәшһүр Жүсіп те солай жазған. Кейін зерделесек шығыста да, теріскейде де ертеректе 14 наурыздан бастап жыл кірген деп есептелген екен. 1914 жылы 9 наурызда шыққан «Қазақ» газетінің 53 санында «Наурыз» деген зерттеу мақала жарияланыпты. Онда «... төрт тоқсанның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқсанның басы 9 наурыз болғандықтан, бұл күн – «наурыз» айы, «жаңа күн» деп аталады» деп жазылған. Яғни, жаңа күнтізбе бойынша 14-15 наурыз мерекенің басы саналған. Этнограф Досымбек Қатыранұлы бұрын көрісу амалының шығыста да, орталықта да болғанын жазады. Ал Шоқан Уәлиханов болса 14 наурызда Күн мен Тоқты жұлдызының «көріскендей» сипатын сызып қалдырған. 1989 жылдан бастап Наурыз мейрамы ресми түрде 21-22-не ауыстырылды. Сондықтан, халық амал жоқ 14 наурызды «амал», «көрісу» атап кетті. Қазақ этнографиясында ондай жеке дара мереке жоқ. Ол 22 наурыздағы ұлы тілек айтылумен аяқталатын 9 күндік мейрамның басы. Мәшһүр Жүсіп наурыздаманың соңында, күн мен түн теңескен кезде тілейтін ұлы тілек қабыл болатынын жазған,- деген Серік Ерғали өткен жылдан бастап төл жаңа жылымыздың өз деңгейінде атап өтіліп келе жатқанына шүкіршілік етеді. Жақсы дәстүр алға қарай жалғасып, тамырын тереңге жая түссе, жаңарып, байи түссе деген ізгі тілегін жеткізді. Өйткені «Бұл Қазақстан болашағы үшін маңызды» дейді ол.

- Осы уақытқа дейін бұл мейрамның дұрыс мерекеленбеуінің себебі – оның сәті келген жоқ. Сәті енді түсті. Ол сәт Жаратқанның арнайы бір жасаған уақытына сәйкес. Біз қалай Наурызды дұрыс мерекелейміз, солай Қазақстан жаңару жолына түседі. Мәселе сонда. Мен мұны ғалым ретінде зерттеп жүрген жоқпын, Қазақстанды жаңарту жолында жүрген адаммын. Қалай біз дұрыстаймыз, сол сәттен бізде жаңару басталады. Бүкіл сала бойына жаңарады. Бұл – мифологиялық, мистикалық дүние. Бұл – ғаламмен сәйкес дүние. Және бұл – ұлыстың емес, ұлы істің ұлы күні. Ұлы іс деп, қазақ жер бетіне тән емес көктегі нәрсені айтқан. Көктегі жұлдыздардың қалпын, яғни күн мен түнді теңестіру адамның қолынан келмейтін дүние. Сондықтан бұл өте маңызды дүние,- дейді мәдениеттанушы.

Ендеше ұлы істің ұлы күнімен бірге жұртымыз да жаңарып, өркениеті өркен жайған озық елдердің қатарына қосылайық!!!

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT