Аудандық мәслихаттың №11 сайлау округінің депутаты Ғафур Орынғали жақында өз сайлаушыларымен кездесіп, бұқараның мұң-мұқтажын тыңдады. Ол қаладағы ІІ, ІІ а, IV, IVа, V, Vа ықшам аудандары мен Қ.Сыдиықов көшесінің бойындағы үйлердің тұрғындарымен жүздесті. Басқосу Құлсарыдағы Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы №18 жалпы орта білім беретін мектепте өтті.
Бейсенбідегі кездесуде біраз мәселелер қозғалып, қарашаны толғандырған проблемалар көтерілді. Сайлаушылары алдында сөз сөйлеген Ғафур Орынғали бірден барлығы ашық, әрі еркін форматта өтетінін ескертіп, барлық сұрақтарды бүкпесіз қоюға шақырды. Осыған дейін көтерілген түйткілдерді жасырмай, оның орындалысын жіпке тізгендей қылып айтып шықты.
Тұрғындардың осыған дейін көтеріп жүргені V ықшам аудандағы аудандық полиция бөлімінің тірек бекеті еді. Құрылысы біткенімен, әлі де болса қызметін бастамаған. Бұл сауалға аталған ықшам ауданның учаскелік инспекторы әрі полиция майоры Елдос Наржанов жауап берді:
- Ол жерде электр желісі жоқ. Сол мәселені шешу үшін тиісті бөлімге құжат жіберіп қойдық. Егер электр желісі арқылы барлығы оң шешімін тапса, біз жұмысымызды бастауға дайынбыз,-деді өз сөзінде.
Ал, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкері Бейбарыс Тарғынов бұл мәселенің қолға алынатынын және екі аптаның ішінде ретке келетінін жеткізді. Одан бөлек, электр желісі тартылатын болса, аумақтағы камералар да іске қосылады. Сол тоқ жүйесінің жоқтығынан бейнекамералар да бейқам күйде.
Судың да мәселесі әлі шешімін таппаған. Кеш қарая жоғарғы қабаттағы пәтерлерге су жетпей, қысымы төмендейтін көрінеді. Ал, тұрғындарды бұл мәселе жегідей жеп, түнгі уақыттарда, тіпті, дәретханаға шығудың өзі мұң болған. «ЖылыойСу» ЖШС-нің өкілі болса, аталған жайт бойынша тексеріс жүргізілгенін жеткізді. Бірақ оған кей тұрғындардың есік ашпауы кедергі болған-мыс. Себебін анықтау үшін барлық қабаттағы құрылғыларды тексеру керек екенін жеткізді. Толыққанды бақылау жүргізілмеген соң нақты жауабын айту қиынға соғатынын айтты. Негізінен, аталған ықшам ауданның тұрғындары да кей үйлерде адам тұрмайтынын мойындады. Кей жағдайда ол пәтер иелері көршілеріне кесел келтіреді екен. Мысалы, А. есімді тұрғын төменгі қабаттағы пәтерде адам тұрмағалы бірнеше жылдар өткенін айтты. Соның кесірінен іші құрт-құмырсқа мен түрлі жәндіктерге толы. Оның ішінде қауіптісі де болуы әбден мүмкін. Күрт көбейген зиянкестер жоғарғы қабатқа да шығатын көрінеді. Оның үстіне ол пәтерден бөлінетін жағымсыз иіс те жайсыз күй тудырып, денсаулыққа кері әсер етуде. Бұл сауалға жауап берген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкері Бейбарыс Тарғынов:
- Алдағы күндері ол үйдің иесін анықтап, тиісті шаралар қолданамыз. Банкке өтіп кеткен болуы мүмкін. Ондай жағдайда да мәселені түпкілікті шешу үшін барлық тетікті іске қосамыз. Одан бөлек, алдағы жылдары V ықшам аудандағы барлық көпқабатты үйлердің қасбетін жаңарту жоспарда тұр. Сыртқы келбеті келісті болып, болашақта ықшам ауданның көркі көз тартатын болады,-деп жауап берді.
Бұралқы иттердің мәселесі бұл ықшам ауданды да айналып өтпеді. Көзіміз көріп жүргендей, жалпы қаламыздың барлық жерінде қаптаған көше кезген «бөрібасарлар». Мұның жайы қаншама рет айтылса да, оң нәтиже шығар емес. Себебі, бірнеше жылдан бері проблема күрделеніп келеді. Жыл сайын қыруар қаржы бөлінсе де, қаңғыбас иттер азаяр емес. Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Азизхан Демесінов тағы да «барлығы алдағы уақытта шешіледі» деген құрғақ уәдемен құтылды. Одан басқа, тұрғындар дезинфекция жұмыстарының да соңғы кездері дұрыс жүргізілмейтінін жеткізді. Кім көрінген арнайы аппаратты жалға алып, сапасыз жұмыс атқаратын көрінеді. Ал, оны тексеріп жатқан құзырлы мекеменің жоқтығын айтып мұңын шаққан тұрғындарға әкімдік қызметкерлері нақты жауап бере алмады.
Жаңадан салынған аялдамалардың сапасына күмән көп. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметі бойынша қалаға жаңадан 80-ге жуық аялдама салынған. Оның тек бесеуінде ғана жылынатын жабық кабина бар. Оның есіктері тәулігіне 24 сағат бойы ашық тұрады-мыс. Бірақ, дәл сол күні кешкілік уақытта арнайы барып, І ықшам аудандағы жабық кабинасы бар аялдаманы тексеріп көрдік. Есігі тарс жабық тұрды.
Кездесу соңында сайлаушыларының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мәселелерді ашық көтеріп жүрген аудандық мәслихаттың №11 сайлау округінің депутаты Ғафур Орынғали мұндай басқосулар алға қарай да өз жалғасын табатынын жеткізіп, келген тұрғындарға алғысын білдірді. Кездесуден кейін халық қалаулысы сол аймақтағы көтерілген мәселелерге орай кейбір орындарды тұрғындармен бірге барып, куәсі болды.
Е.АЛТАЙҰЛЫ