Ерінбей еңбек еткен жанға қасиетті Жер -ананың берер өнімі мол. Тек, тіршілік тірегін тиімді пайдалана білу керек. Әсіресе, Жер ырысын маңдай терімен сауып келе жатқан диқаншылардың әр жылда алатын өнімі жыл өткен сайын көл - көсір. Оны Құлсары қаласы мен өзге өңірлерде шілде-тамыз-қыркүйек айларында сауда орындарында молынан сатылатыан бақша өнімдерінен көріп жүрміз.
Жасыл ала қарбыз, сары ала қауын мен әңгелек, қияр мен қызанақ, сәбіз бен асқабақ – егін шаруашылығымен шұғылданатын шаруалардың еңбегінің айқын жемісі. Жергілікті халық та өнім таңдарда әбден әккі боп алған. Киелі туған жердің топырағында күн менен нұрға малшынып өскен дақыл мен көкөністің алабөтен дәмді болатынын білетін олар, алдымен өнім өсірген қожалықтың атын тәптіштеп сұрайды. Сондайда ауданымыздың аумағындағы шаруашылықтыкі екенін білсе, ойланбастан сатып алады. Иә, өнімі көптің табар табысы да көп. Жыл сайын диқаншы, бағбаншылардың табысы еселей түседі. Бұл берекелі тірлік емей немене! Тек жылдың төрт мезгілінде де маңдай терін төгіп, бел жазбай жұмыс істеп, өнімнің бітік шығар қуанышты сәтін күтсе болғаны.
Жергілікті «Бірлік» шаруа қожалығы иелерінің бұрынғы бос жатқан жапандағы иен даланы жайқалған егістік алқабына айналдырып, диқаншылық кәсіппен айналысып келе жатқанына бүгінде 25 жылға жуықтады. Ізімғали Карабалинді Жылойда егін шаруашылығының дамуының бастауында тұрған алғашқы қарлығашы деп те айтар болсақ артық емес. «Қарағайдың қарбызы» деген тұрақты тіркесті аудан халқына танытқан да осы Ізімғали ағамыз.
Бәрін басынан бастайық. Нарық келіп, бұрынғы шаруашылық жүргізудің кеңестік жүйесі түбірімен жойылған соң ел дағдарып қалғаны рас. Совхоз, колхоздар тарап кетті. Енді немен күн көрмек керек? Еті тірі, талабы мол жандар қай кезде де қол қусырып, біреуден көмек дәметіп отырмайды. Ізімғали Карабалин де ең алғашқы кәсібін тері илеу өндірісінен бастап көруді жөн санады. Теріден тон тігетін машина да сатып алды. Әттең, мал өнімі- терісі мен жүнін қабылдайтын мекеме ауданымызда атымен жоқ. Қайран, қып-қызыл пайда көзі- тері де, жүн де далада рәсуа боп шіріп, тау төбе боп үйіліп жатты. Үйден халықтан тапсырыс алып тіккенмен, кейде шикізат, кейде керекті құрал болмай іс ілгерілеп алға баспай қойды. Жұрт қытайдың арзан әрі сапасыз тауарын жаппай саудалап жатқан кез. Отандық өнім ұғымы жоқ кез. Осылайша Ізімғали Карабалин бірінші боп қолға алған ісінің сәтсіз аяқталуына байланысты тері илеп тігу өндірісін тоқтатты. Сөйтіп 1998 жылы егіншілік жолға ден қойды. Қарағай деген жерден бау-бақшалық жер алды. Қиындықтар да болды. Алайда бәрін табандылық пен қайсарлық жеңді. Талғат Туриев сынды өзі секілді еңбекқор азаматпен бірігіп бастаған кәсібі болғандықтан шаруа қожалығына «Бірлік» деген атау беріпті. «Қарағайдың қарбызы» жергілікті жұрт аңыз қып айтып, тамсана сатып алатын дақыл болды. Әу бастан-ақ береке мен бірлікті, адал әрі мол табысты көздеген шаруагерлердің істері оңға басып, әлі күнге дейін татулықта бірлесе жұмыс істеп келеді. Шаруаның ебін тауып, ешкімге алақан жаймай туған жерлерінің топырағынан ырыс пен молшылық тапқан қос азаматтың еңбегі жерлестеріне айтарлықтай үлгі.
Қасымдағы серіктесім Талғат екеуіміз бастапқыда тері илеу ісімен айналыстық. Бас киім, аяқ киімге дейін тігіп жүрдік. Бірақ, ол кәсібіміз өзін-өзі ақтамады. Шығынға ұшырай бастадық. Ол уақыттарда жағдайдың өзі мәз емес еді. Содан осы шаруашылық түрімен айналысып көрейік деп шешім қабылдадық. Сәтін салып, ісіміз одан әрі дөңгелеп кетіп, халықты жергілікті өніммен қамтамасыз етерміз, ол болмаса, отбасымызды, балаларымызды асырармыз деген ой келді. Тәуекелге бел буғанның нәтижесі осындай, өздеріңіз көріп те, байқап та тұрсыздар. Егістіктен бөлек, жылқы, сиыр сынды ірі қара бағамыз. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласының ішіндегі басты бағытымыз – осы егін болып табылады. Құдай берген 8 перзентім бар. Олардың 5-еуі ұл, 3-еуі қыз. Балаларым да бұл салаға епті, хабардар. Өз жұмыстарынан қолдары қалт етсе, көп уақыттарын осы шаруашылықтың басында өткізеді, - дейді қожалық иесі Ізімғали Оңдекенұлы.
Жақында осы «Бірлік» шаруа қожалығына аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Ерлан Нұрланов арнайы аяқ басты. Жайқалған егістік орнына онымен бірге аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Әли Саменов, аудандық «Кең Жылой» газетінің тілшісі, өзге де кәсіпкер азаматтар еріп барды. Ерінуді білмейтін еңбекқор егіншілер ісінің нәтижесін көріп, көзайым болды. Ауданда осындай ерік-жігері мықты, табанды, өз ісін сүйетін қарапайым азаматтардың барына қуанды. Кәсібіне таңданыс білдірді. Соған сәйкес, кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы басшысы Ерлан Нұрланұлы оларға көптеген ұтымды ұсыныстарды ұсынды.
Ел Президенті өз Жолдауында 2030 жылға дейін ішкі өнімді 35 пайызға көтеру керектігін айтты. Ал бұл көрсеткішке жету үшін Ізімғали ағамыздай, еңбекке деген талпынысы жоғары азаматтарға қолдау білдіру керек. Осы себепті, мен қожалық иесіне өз бизнесін одан әрі жандандырып, дамыту үшін ұсыныстарымды жеткізуге келдім. Оның ішінде «Атамекен» ұйымдастырып жатқан «Іскерлік байланыстар» жобасынан өтуді ұсынамын. Нақтырақ айтқанда, ауылшаруашылығы саласы бойынша Германия елінен тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуға жолдама беру ойымызда бар. Одан бөлек, қала маңындағы агроаймаққа арналған жердің жобалық-сметалық құжаттамасы біткен соң, жер алып, жылыжай жобасын ұйымдастыру керектігін де айтқым келеді. Өйткені, жергілікті халық тек жаз айларында ғана емес, қыс кезінде де жергілікті, таза өнімді тұтынуы тиіс. Егер бұл ойымыз іске асса, аудандағы азық-түлік бағасы тұрақталып, жергілікті халыққа жұмыс орындары ашылатын еді,-деді кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы басшысы.
Тамшылатып суару әдісі бүгінде аудандағы барлық дерлік егінмен айналысатын шаруашылықтар қолданып келе жатқан тиімді әдіске айналды. Ал сол шетелдік әдісті ең бірінші боп ауданға әкелген де осы «Бірлік» шаруа қожалығының иесі Ізімғали Карабалин болатын. Ол жаңа технологияның құрылғыларын Израиль елінен алдыртқан. Сол жылы шетелдік тәсілді жергілікті жерде тәжірибеге енгізген Ізімғали Оңдекенұлына үздік кәсіпкер ретінде «Жыл адамы» атағын берген екен. Қазірге дейін ол өзінің меншігіндегі 200 гектар жеріндегі өнімнін суғаруға аталған әдісті қолданып келеді.
Аспан астындағы ашық жерге егін дәнін салумен қатар, қожалық иесі осыдан бірнеше жыл бұрын жылыжай ісін де қолға алған екен. Бірақ, қазір шаруашылығының басына тоқ, жылу көздері тартылмауы себепті соңғы 2-3 жылдан бері жылыжай бос тұр. Егер мемлекет тарапынан қандай да бір көмек болса, бұл істі де жандандырып әкетуге құлықты. Алайда, кәсіп бастағанына ширек ғасырға жуық уақыт толса да мемлекеттен бірде-бір көмек алмаған. Субсидияға қолы жетпей келеді. Техникамен де көмек болмағасын, өзі құрастырып, қолдан жасап алған шаруашылыққа қажетті құрылғы, машиналарды қолданып келген. Егін басына барып, «көненің көзіндей» боп тұрған қолдан жасалған тот басқан техникаларды көріп, Ізімғали ағаның жан-жақтылығына біз де таңқалдық. Өйткені, әр жерде мұражай жәдігерлеріндей болып тұрған ескі техникаларды кәсіп иесінің өзі қолдан қайта құрастырып жасаған екен.
Биыл шаруа қожалық иелері жерге қарбыз, қауын, қияр, баклажан сынды өнімдерді егіпті. Одан бөлек, брокколи деп аталатын қырыққабат тұқымдас, бұл топырақта бұрын-соңды болмаған, сонау Жерорта теңізі жағалауында өсірілетін көкіністің тұқымын да жер астына тәжірибе үшін өсіріпті. Егер аталған «жат жерлік» өсімдік Жылыой топырағын жерсініп, тәжірибе сәтті жүзеге асса, келесі жылы да егіп, жергілікті халыққа қолайлы бағаға сатпақшы.
Біз бұрын қарбыз, қауын өнімдерінің дәндерін Голландиядан алдыртып жүрдік. Шетелден келген дәндер мүлде бөлек болады. Аз-аздан алдыртып, шағындау жерге егіп, тиімді ме, тиімсіз бе деп бақылаймыз. Содан соң барып, көп жерді жыртып, мамыр айының ортасында егін саламыз. Бір жылы қарбыз еккен жерімізге, келесі жылы орнын ауыстырып, қияр, қызанақ егеміз. Себебі, дәл сол өнімді ексек шықпай қалуы мүмкін, - дейді қожалық иесі бізбен әңгімесінде.
Сегіз қырлы, бір сырлы Ізімғали ағаның ең басты арманы – Жер -анадан мол өнім алып, халықты құрамы таза, еш химиялық қоспасыз, арзан өніммен қамту. Оның айтуынша, бұрын жерден алған өнімді сатудың өзі де көп қиындық тудырған. Қазір қаладағы белгіленген 10 шақты сауда нүктесіне көлікпен апарып, қауын, қарбыз, басқа да шаруашылық дақылдарын емін-еркін сатуға болады екен. Бұл- егін егетін жергілікті шаруа қожалықтарына көрсетілген қолдау. Одан бөлек, Ізімғали Оңдекенұлы осыдан бірнеше жыл бұрын ауданда алғаш жәрмеңкенің ашылуына мұрындық болғандардың бірі екен. Облысқа қарасты өзге аудандарда іске қосылған жәрмеңкенің Жылыойда да ашылуына мұрындық болған. Елгезек, қашан да тыным таппайтын, ізденіп жүретін Ізімғали ағаның ұсынысы көп ұзамай орындалыпты. Кәсіпкер өз өнімдерін Құлсары қаласында әр аптаның сенбісі күні өтетін жәрмеңкеге де апарып тұұрақты сатады. Ол жерде де «Бірліктің қарбыздары-ай!» деп сағына күтіп, сатып алатын тұтынушылары жетіп артылады.
Ш.ХАМИТОВА