БІРЕГЕЙ БІРЛЕСТІК

Қарап отырсақ, дені сау адамдарға қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығы, қоғамдық жұмыстағы белсенділігі әлдеқайда жоғары келеді. Оған көп алысқа бармай-ақ аудандық «Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне барсақ, көзімізді анық жеткіземіз. Зағип болып, жарық сәулені көре алмаса да, жүректегі мейірім сәулесімен күллі жаратылысқа жылуын шашып тұрғандай сезінесің.

ҒИМАРАТ СУҒА КЕТСЕ ДЕ...

Иә, аудандық «Соқырлар қоғамының» жыл басынан бері істеп келе жатқан жұмыстары өте көп. Аудандағы төтенше жағдайдың кезінде де, одан кейін де өз қызметтерін бір сәт те тоқтатпай, дамылсыз еңбек етіп келеді. Оны көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.

Тасқынға дейін бұл қоғамдық бірлестік қала орталығындағы ескі ғимаратта редакциямен көршілес отырған болатын. Ол кезде де талай шараларына куә болып, мерекелерде бір болғанбыз. Бірақ, қаламыздың көп бөлігін басып қалған тасқынның өр суы бұл бөлікті шайып кетіп, соның салдарынан қазіргі кезде қоғамдық ұйым аудандық орталық кітапхананың бір бұрышын паналап жүр. Дегенмен, жасалып жатырған жұмыстар ұшан-теңіз.

Айталық, тасқынға дейінгі 8 наурызда «Әлем – әдемі әйелмен» атты мерекелік концерт өткізілді. Бұл шараға бірлестік мүшелері белсене араласып, әуезді ән де, күмбірлеген күй де тартылды. Әжелер ансамблі де өз өнерлерін көрсетіп, келген көпшіліктің көңілін көтерді. Қоғамдық бірлестіктің ер-азаматтары нәзік жандыларға жылы лебізін білдіріп, арнайы сыйлықтарын ұсынды. Ал Ұлыстың ұлы күні ұлттық мейрамымызды тойлап, айналадағы ағайынға ақтан ұсынып, бірлестік мүшелеріне дастархан жайылды. Сонымен қатар, 19 наурыз күні «Әжелер – дәстүрімнің балқаймағы» атты сайыс өткізіп, қазынаға толы қарттардың көңілін бір көтеріп қойды. 27 наурызда Атырау қаласында бірлестіктер тара- пынан «Наурыз» мерекелік кеші өтті. Және сол Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған аудандағы онкүндікке де айрықша атсалысты. Әр мереке сайын көштен қалып көрмеген өмірге махаббаты шексіз жандар қаламыздың төбесіне қара бұлт үйірілгенде де шегінген емес. «Ғимаратымызды су басса да, өз жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз» дейді қоғамдық бірлестік басшысы Алмаш Мускалиева:

-Жалпы қоғамдық бірлестіктің тарихы терең. Биыл құрылғанымызға 85 жыл толып отыр. Барлық облыс, аудандарда филиалдар жұмыс жасап жатыр. Соның ішінде Жылыойдағы бірлестіктің жұмысы ерекше деп айтсам болады. Біздің бірлестіктің мүшелері мәдени жағынан да, спорттық шараларда да артта қалып көрген емес. Әрдайым «Қазақ қоғамына қандай пайда келтіре аламын» деп жүрген азамат пен азаматшалар. Өкінішке орай, қаламызда болған қиын жағдайдан кейін ғимаратымыз суға кетіп қалды. Дегенмен, ол кезде де біз өз жұмысымызды тоқтатқан емеспіз. Төтенше жағдай кезінде қолымыздан келгенше қаламызды құтқарып қалу үшін күш-жігерімізді аяған жоқпыз. Алдағы уақытта да барымызды салатын боламыз. Жұмысымызды жеңілдетіп, қолғабыс беріп, көмек қолын созған өңіріміздің аптал азаматтары жетерлік. Ол кісілерге шексіз алғысымызды білдіреміз. Аудан әкімдігі де қолынан келгенді аянып қалған емес. Ендігі бір тілегіміз: өзімізге бір ғимарат берсе, жақсы болар еді. Себебі, қазірдің өзінде бірлестіктің 105 мүшесі бар. Алдағы уақытта барлық көзі нашар көретін немесе зағип жандардың басын біріктіріп, қоғамдық өмірге белсене араласуы үшін барымызды салатын боламыз. Неге десеңіз, ұяңдық таны- тып, өз-өзінен оқшау қалып қоятын жандар бар. Әсіресе, жастар арасын- да белсенділік аз болады. Сол кісілердің барлығын қоғамдық бірлестікке тартатын болсақ, 300-ге жуық жылыойлық жиналады. Сондықтан, осы бір өтінішімізді естіп, әкімдік тарапынан жағдайымызды жасауға атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді,- дейді ол.

АЯДАЙ БӨЛМЕДЕГІ ШЕКСІЗ ӘЛЕМ

Бүгінгі таңда аудандық орталық кітапхананың бір бөлмесін мекен еткен қоғамдық бірлестіктің жұмысы күн өткен сайын қыза түсуде. Қасиетті Ра- мазан айында Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің ұйымдастыруымен бірлестік мүшелеріне арнап ауызашар ұйымдастырылды. Қадірлі Құрбан айт мерекесінде де арнайы шара өтіп, қоғамдық бірлестіктің атынан мүмкіндігі шектеулі жандарға сыйлық табысталды. Кәсіпкер Мәншүк Жиенбетованың демеушілігімен «Арай» мейрамханасында аудандағы көзі көрмейтін немесе нашар көретін жандарға арнайылап мерекелік дастархан жайылды. Шіліңгір шілденің ыстығында аудан әкімі аппаратының бастамасымен қоғамдық бірлестік ішіндегі жағдайы төмен және аз қамтылған 30 отбасыға азық-түлік таратылды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туған күнінде де бірлестік мүшелері бос жатпады. Аудандық кітапханамен бірлесіп, арнайы шара өткізіп, Абайдың өлеңдері мен әндерін шырқап, ұлы ақынды тағы да бір ұлықтады. Бұл ретте бірлестіктің белсенді мүшелері туралы Алмаш Төреғалиқызы былай деді:

-Біздің іште өнерге, спортқа құштар жандар жетерлік. Олардың талпынысы да, махаббаты да шексіз. Республикалық сахналарда да өнер көрсетіп жүрген Еркін Сүйешов – мақтанышымыз. Одан бөлек, спортта да, мәдениетте де тек ауданның емес, облыстың намысын қорғайтын саңлақтарымыз бар. Аманжан Қожасейілов, Айнагүл Жекеева, Жанаргүл Баймешова, Мансұр Ысқақов, Саламат Темірбеков, Бақтылы Байзулдиева, Күміс Молдабековалар сөзімізге дәлел болады. Қазіргі таңда бірлестікте 5 қызметкер жұмыс істеуде. Оның ішіндегі екі қызметкер – мүмкіндігі шектеулі жан. Саламат Темірбеков – спорт саласының жауапты азаматы. Бүгінгі күні осы тамызда өтетін дойбы мен тоғызқұмалақ жарысының іріктеуіне бірлестік мүшелерін дайындап жатыр. Және де қоғамға бейімдеу үшін көзі көрмейтін жандарға арналған брайль аппаратымен оқыту әдісін қолданып жатырмыз.

Жалпы алғанда аудандағы қоғамдық бірлестіктің жұмысы жақсы жолға қойылған. Әкімдік тарапынан ғимарат беру мәселесі бойынша көмек көрсетілсе, одан әрі қызметін қыздыра түспек. Осыған дейін бірлестік аудандық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық кешін де ұйымдастырып үлгерді. Осы жасаған жұмыстарына қарап тұрып, бұл кісілерді мүгедек деп айтуға ауыз бармайды. Себебі, мүмкіндігі шектеулі болғанымен, санасы шектеусіз жандардың қоғамға, жалпы адамзатқа тигізер пайдасы он екі мүшесі сау кейбір адамдарға қарағанда әлдеқайда көп.

Ендеше, қоғамда маңызды орын алатын қоғамдық бірлестіктің жұмысына алға қарай да сәттілік тілеп, өсіп-өркендей берсін демекпіз.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT