Билік пен халық арасындағы «Даналық көпірі»

Әлеуметтік желіні пайдаланып өзін «қоғам белсендісі» санайтын кейбір пысықайлардың негізсіз таратқан жалған ақпараты, жанды жүдетер жұмыссыздық, имандылыққа бет бұрған жастардың діни сауатының төмендігі, осалсып кеткен ұрпақ тәрбиесі сынды өзге де қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелер аз емес. Қазіргі заман ағымына қарай қоғамның назары да басқа арнаға бұрылып, отбасы деген киелі ұғымның титтей де қадірі қалмай барады. Соның кесірінен көптеген шаңырақтың шырқы бұзылып жатыр. Қоғамдағы осындай және басқа да проблемаларға алаңдаған аудан әкімдігі жанындағы ақсақалдар кеңесі өңірдегі ардагерлер және аналар кеңестері мен аудандық ішкі саясат, Жастар ресурстық орталығы басшыларының, Қазақстан халқы ассамблеясының аудандағы сарапшысының, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар мәселелерге бейжай қарай алмайтын азаматтардың басын қосып, «Даналық көпірі» атты кездесу ұйымдастырды. Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткен бұл шараның кездесу деген аты болмаса, ашық пікір алмасуға ұласқан «дөңгелек үстелге» ұласқандай болды. Мұндағы мақсат – өзекті әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді талқылау, олардың шешілу жолдарын іздестіріп, ақсақалдар кеңесі, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сындарлы диалог орнатып, ұсыныстар әзірлеу үшін интерактивті алаң қалыптастыру. Кездесуді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Н.Ақназаров ашып, жалпы бұл бағыттағы атқаратын міндеттерге тоқталып өтті. - Біздің басты ұстанымымыз - қоғамдық ұйымдарға ақыл-кеңес айта отырып, бағыт-бағдар беру. Ақсақалдар кеңесі мен қоғам арасындағы байланысты нығайту. Халықтың өзекті мәселелерін талқылап, оны аудан басшылығына, мәслихатқа жеткізу,- деді. Әрине, «дөңгелек үстелде» айтылғандай заман ағымы деп бәрін біржақты қарай салуға тағы болмайды. Өйткені қазіргі жастар – болашақ атаана. Сондықтан бұрынғы ата-әжелердің берген тәрбиесін қайта жаңғыртып, оның озық тұстарын ұрпақ санасына сіңірген абзал. Бұл, әсіресе, теріс діни ағымның жетегіне еріп, адасқан жастарға ауадай қажет-ақ. - Отбасының әр мүшесі дастархан басына жиналып, бірге ас ішетін еді, қазір ол да қалып барады. Бір үйде төрт адам болса, төрт жаққа қарап бөлек ауқаттанады. Әке-шешесіне билік жүргізеді. Үйге қонақ шақыруға, қарапайым теледидар көруге тыйым салады. Одан да жастар білім алып, ғылымды неге меңгермеске,- деп көп жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ардагер азамат А.Төремұратов өз ойын ортаға салды. Иә, «Тәрбие – тал бесіктен» басталады. Отбасы тәрбиесінде болашақ жастардың өз орны бар. Соңғы уақытта қоғамның өзекті мәселесіне айналған жас жанұялардың шырқы жиі бұзылып, ажырасу көбейіп барады. Бұл да қазіргі қазақ қоғамының дертіне айналды. Қазақта «Бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деген даналық сөз бар. Жастардың дұрыс тәлім алуы өз санасына байланысты. Ата-ана балаға жақсы тәрбие бергенімен, оны араласатын ортасы бұзуы мүмкін. Ардагер азаматтармен бірге кездесуге қатысқан жастар дәл осындай пікірде. «Біз аға буынға қарап бой түзейміз, егер үлкендеріміз кішіге ізет көрсетіп, адамгершілік үлгісін көрсетіп жүрмесе, бізді түзу жолға салып отырмаса, онда жастардан үміт күту – бос әурешілік» деді. Кездесу соңында аудандағы өзекті мәселелердің түйінін тарқату үшін ортаға тасталған ұсыныстар талқыланып, жүзеге асыру жолдары сөз болды. Ал айтылған ой-пікірлер мен көтерілген проблемалар Н.Ақназаров айтқандай, аудан басшылығы мен мәслихаттың қаперіне беріледі. А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT