Бүгінгінің батырлары

Қазіргі қоғам үшін кәсібін жетік меңгерген, өз ісінің хас шебері, нағыз маман иесі ретінде дами алатын тұлғалардың болуы аса маңызды құндылық. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

Бұл бастама қарапайым еңбек адамы үшін таптырмас мүмкіндік, ал еліміз үшін экономикалық өсу, өрлеу жолы. Президент осы Жарлық арқылы жұмысшы мамандық иелеріне үлкен қолдау білдіріп, қоғамда еңбексүйгіштік, табандылық, қайтпас қайсарлық сынды асыл қасиеттерді дәріптеуді көздеді. Еліміздің өндірістік, техникалық және қызмет көрсету салаларындағы білікті кадрлардың рөлін арттыру, жастарды еңбекке баулу және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында қолға алынып отыр.

Бүгінде жұмысшылар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің тынымсыз еңбегімен үлес қосуда. Өйткені қоғамның түрлі салаларында қызмет ететін жұмысшы мамандар – ел дамуының іргетасын қалаушылар. Иә, еңбек нарығы жыл сайын жаңарып, халықтың сұранысы мен қажеттілігіне сай тиімді шешімдер қабылданып келеді. Дегенмен, біз күнделікті өмірде осындай оң нәтижелерге куә бола тұрсақ та, сол жетістіктердің артында қарапайым жұмысшылардың маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатқанын ескере бермейміз. Ал шын мәнісінде жұмысшылар көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды қозғаушы күш.

Айталық, электр жарығын қосатын қарапайым жұмысшының еңбегін көзбен көрмесек те, күнделікті тұрмысымыз электр маманына тәуелді. Ал құрылысшы - біз тұратын қаланың, ғимараттардың сәулетті келбетін өз қолымен жасайды. Көшедегі тас жолдар тақтайдай тегіс, қыста үйіміз жылы, жазда суымыз салқын болса – соның бәрі көзге көрінбейтін еңбек иелерінің тынымсыз төккен маңдай терінің жемісі. Біз күн сайын қолданатын заттардың, жайлы өміріміздің артында мыңдаған жұмысшының ерен еңбегі, шынайы шеберлігі жатыр. Таңмен таласа бірге тұрып, шілденің аптабына, қыстың қара суығына да қарамай жұмысқа шығатын, осындай түрлі маман иелері – қоғамның тірегі. Егер қарапайым жұмысшылар болмаса дүниежүзінде дағдарыс дәуірі басталып, елдің әл-ауқаты нашарлап, экономика құлдырап кетер еді. Сондықтан да жұмысшы мамандықты таңдау – тек нәпақа табудың жолы емес, бұл – елге, халыққа қызмет етудің, өзінің сүйікті кәсібі арқылы қоғамға пайда келтірудің айқын көрінісі.

Қарапайым жұмысшы батыр болмаса да, батыл. Олар қарапайым болғанымен, елдің дамуына тікелей ықпал етуші еңбек қайраткерлері. Олар күн сайынғы қажырлы күш-қайратымен елдің ертеңін қалыптастырады. Яғни, әрбір жұмысшы – болашақтың іргетасын қалап жүрген тұлға. Қазір техниканың дамыған заманы десек те, адамның қол күші мен тәжірибесі әлі де қажет. Сондықтан еңбектің қадірін біліп, жұмысшы мамандықты құрметтеу – әрқайсымыздың борышымыз.

Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекерден бекер жариялаған жоқ. Бұл бастаманың артында сенім мен зор үміт тұр. Еңбек – елдің ертеңі. Ал сол еңбегін маңдай тер арқылы халқына сіңіріп жүрген әр жұмысшы – бүгінгі күннің батырлары.

Ә.Ғалымжан,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

журналистика факультетінің 2-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT