Қытай елінде 4-13 наурыз аралығында өткен XIII қысқы Паралимпиада ойындарында еліміздің ұлттық құрама командасы бір қола медальға қол жеткізіп, 53 мемлекеттің арасында командалық есепте 17-ші орынға тұрақтады.
Бұл туралы ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде Бейжің-2022 қысқы Паралимпиада ойындарының қорытындысы бойынша өткен брифингте мәлімдеді.
«Ойындарда пара шаңғы жарысы, пара биатлон, пара хоккей, тау шаңғысы, арбадағы керлинг және сноуборд сынды спорттың 6 түрінен әлемнің 700-ден астам спортшысы бағын сынады. 78 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Оның ішінде біздің спортшылар 12 медаль жиынтығы бойынша жарысқа түсті. Паралимпиада ойындарында ел намысын 5 спортшы қорғады. 2022 жылғы 8 наурызда Александр Герлиц пара биатлоннан 10 шақырым қашықтықта үздік үштікке еніп, қола медальға қол жеткізді», - деді спикер.
Оның айтуынша, бұл медаль тәуелсіздік алған жылдардан бергі Қазақстан құрама командасының қысқы Паралимпиада ойындарындағы үшінші медалі. Сонымен қатар, Александр Герлиц төрт мәрте үздік бестікке кірді.
ortcom.kz