Бүгін Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өтті.
Бұл жаһандық деңгейдегі маңызды басқосу қазіргі қақтығыстарға толы күрделі әлемде конфессияаралық және өркениетаралық диалогты нығайтуда, өзара түсіністік пен құрметті арттыруда ерекше мәнге ие.
Еліміздің осындай ауқымды Съезге тұрақты түрде алаң ұсынып келуі тегін емес. Бұл біздің қазақ даласының сан ғасырлық тағылымымен, тереңнен тамыр тартқан бірегей болмысымен астасып жатыр. Мемлекет Басшысы әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін күрделі, күрмеуі қиын мәселелерді дипломатия әлеуетін пайдалану арқылы, қақтығыстар мен соғыстардың алдын алуға болатынына ерекше мән беріп келеді.
Қандай заманда өмір сүрсек те, бір-бірімізді терең түсіну, өзара құрмет таныту және жан дүниемізбен қабылдай білу – бұл біздің ең үлкен рухани қазынамыз. Бұл қазынаны көздің қарашығындай сақтау және оны келер ұрпаққа мирас қылып қалдыру – бүгінгі дін көшбасшыларының қасиетті миссиясы.
Думан Мұратұлы,
Жылыой аудандық мешітінің бас имамы