Өрт сөндіруші болу тек кәсіп емес, бұл – ерлікке бастайтын жол. Олар үшін әр күн – белгісіздікке толы. Бір мезетте тыныш отырған жерден бой көтерген алапат тілсіз жауға қарсы аттанып, өз өмірін қатерге тігу – бұл мамандық иелерінің қалыпты тіршілігіне айналған. Бірақ осы «қалыптылықтың» артында үлкен жүрек пен шынайы батылдық жатыр.
Иә, бүгінгі қоғамда қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген өрт сөндірушілердің еңбегі көбіне көзге көрінбей қалып жатады. Оларды тек бір жерде жалын тұтанғанда немесе апат кезінде ғана еске аламыз. Алайда, осы үнсіз қаһармандар әр күнін дайындықпен, тәуекелмен және тәртіппен өткізеді. Өйткені олар – халықтың сенімін арқалаған жандар.
Өрт – тек материалдық шығын ғана емес. Ол адамның үрейі, тағдыры, өмірі. Ал өрт сөндіруші – сол жалынның ортасына қаймықпай кіріп, өзін қатерге тіге отырып, өзгелердің өмірін арашалап қалатын адам. Тіпті, кейде өз өмірін қиып, біреудің ғұмырын аман алып қалатын да солар.
Оған мысалды көп алысқа бармай-ақ өзіміздің Құлсарыдан да іздеуге болады. Таяуда қаладағы жанар-жағармай құю станциясында болған жойқын жарылысты алалық. Соның салдарынан аяқ астынан лап еткен алапат өрт айналасындағы ғимараттарды да шарпып, тұрғын үйлер мен ондағы адамдарға да қауіп төндірді. Ал өрт сөндірушілер болса, оқиға орнына жедел жетіп, ештеңеге қарамастан, "тілсіз жаумен" бетпе - бет арпалысты. Олар үйлерге таралу қаупі бар отты тоқтатып, ондаған адамның аман қалуына себепші болды.
Бұл аз десеңіз, күні кешегі Атырау қаласы маңындағы «Ақжайық» табиғи резерватындағы орын алған алапат қамыс өртін алалық. Онда өрт сөндірушілер күні – түні уақытпен санаспай, көбі қорық ішінде қонып жатып, тілсіз жаумен арпалысты емес пе?! Соның арқасында табиғи өрт ауыздықталып, облыс орталығы тұмшалаған түтіннен құтқарылды.
Осыдан-ақ, бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – ерлік екенін ұғамыз. Мұндай қызмет иелеріне қоғам тарапынан әрдайым қолдау мен құрмет қажет. Олардың еңбегін елемеу – өз қауіпсіздігімізді бағаламау деген сөз.
Иә, өрт сөндіруші – жүрегі жалындап тұратын мамандық. Ол жалын тек оттың емес, адамға деген жанашырлықтың белгісі.
Дильназ Азидолла,
студент