«Зейін-Атырау» қоғамдық қорының «Қадам» жобасы туралы Арухан Аленова таныстарынан естіп біледі. Көпбалалы, бір жағынан, екінші топ мүгедектігі бар әйел өзінің денсаулық жағдайына қарамастан, асқан қызығушылық танытып, жоба қатысушыларының қатарынан көрінгісі келеді. Сөйтіп, жыл басында жобаға қатысуға өтінім берген еді.
Арухан Алпысбайқызының асқақ арманы оны алдамады. Жылыойлық қыз-келіншектерді оқытып, дамытып, кәсібінің жаңарып-жақсаруына себеп болған әлеуметтік жоба оның өміріне де біршама өзгерістер әкелді. Жобада нәзік жандыларды негізгі 5 мамандыққа оқытпас бұрын түрлі психологиялық, бизнес-тренингтерден өткізіп, қатыстыру көзделген. Міне, осылайша Арухан өзі секілді өзге де қатысушылармен бірге бойындағы қорқынышын жеңіп, кәсіп бастаудың қыр-сырын меңгерді. Оған қоса әлеуметтік желіні дұрыс қолдану арқылы табыс табуды үйренді.
Иә, мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған, көпбалалы, жалғызбасты аналардың көп жағдайда жанұялық жағдайына байланысты жылдар бойы жұмыссыз үйде отыратыны белгілі. Ал күнделікті қайталана беретін үй тірлігімен айналысып жүріп олардың көпшілігінде жаңа өмірге аяқ басып, алғашқы қадам жасауға деген тәуекел жетпей жатады. Жобаның алғашқы кезеңінде әйелдердің бойындағы қорқынышымен, комплекстермен күресуге бағытталған көптеген жұмыс жасалды. Ал жобаның екінші негізгі кезеңі шілде айында ғана басталды. Әйелдер өзінің таңдауы мен икеміне қарай бет әрлеуші, шаш сәндеуші, тігін, аспаз және маникюр мамандықтарын оқып-меңгеруді бастап кетті. Осы 5 мамандықтың ішінде Арухан Аленованың таңдауы тігін саласына түсті. Қазірде ол жылыойлық тігінші, дизайнер Тё Софьяның шәкірті атанып, одан оқып білім алып, шеберлік әлеміндегі қабілетін шыңдап жатқан жайы бар. Жоғарыда жоба қатысушысы атанғалы Аруханның өміріне оң өзгерістер ене бастағанын тілге тиек еткенбіз. Солардың бірі жылдар бойы пәтер жалдап жүрген көпбалалы ерекше ананың баспаналы болуы еді.
- Жеті жылдан бері пәтер жалдап тұрып келдік. Осы жобаға қатысуға ниет білдіріп, қабылданғаннан кейін жоба жетекшісінен бастап өзге де қызметкерлері, оқытушылар барлығы жанұя жайымды біліп, тұрмысымнан хабардар болды. Содан соң республикалық "Асар Үме" қорының Жылыойдағы өкілдерімен байланысқа шығып, маған үй алып беруге жұмыстанды. Қор мүшелері келіп, жағдайыма куә болып, бейнежазбаға түсіріп алып, жоғарғы жақтағы өкілдеріне жіберіп, бас-аяғы үш-төрт күннің ішінде менің баспаналы болатыным жөнінде қуанышты хабар жеткізді. Жаңа үйіме өткен маусым айында қоныс тептім. Осы игілікті іске атсалысып, үлес қосқан жандардың барлығына алғысымды білдіремін. Өзім мүмкіндігі шектеулі ана болсам да, миымда шектеу болмаған. Жаратқаннан әрқашан үмітті едім. Балаларымның несібесіне орай тұрмысымның түзеліп, жағдайымның жақсаратынын сезгенмін. Енді, міне, аз уақыт болса да кәсіби түрде оқып меңгерген мамандығым да бар. Үйімнің бір бөлмесін тігіншілікке арнап, тапсырыс қабылдап, табыс тапқым келеді. Өмірде арманы асқақ адамның түбі бір белесті бағындырып, жеңіске жетері анық. Менің де осы жобаға қатысқалы мақсатым айқындалып, өмір сүруге деген құлшынысым артты. Өзімді "ерекше жанмын" деп артқа тартпай, жұмыс жасап, адам - дармен араласып, сапалы өмір сүру жолын таңдағанымды мақтан тұтамын!– дейді Арухан Алпысбайқызы.
Расында да, "Қадам" жобасы – әлеуметтік жобалардың ішіндегі бірегейі. Ана бақытын, әйел бақытын көздейді. Ал әйел бақытты болса, отбасының барлық мүшесі бақытты. Ендеше, бақытты отбасы көп болса, күллі қоғам бақытты!
Ш. ХАМИТОВА