Бала күннен бергі серігім

Баспасөз десе бүйрегім бұрып тұрады. Өйткені бұл салаға мен бала шақтан жақын болдым. Оқушы кезімде мектептің қабырға газетін қазіргі қаламгер, құрдасым Мереке Құлкеновпен бірге шығарғанмын.

Менің алғаш көргенім «Социалды құрылыс», кейін «Коммунистік еңбек», «Қызылқоға», «Қазақстан пионері» газеттері болатын. Оларды бала кезден жаныма серік еттім. Ең алғаш республикалық «Қазақстан пионері» газетіне «Құстар күнін қарсы алдық» атты мақалам шықты. Бұл – 1964 жылы, ол кезде Сағыз бекетінде Кенбай атындағы орта мектептің 5 класс оқушысы едім. Мұқыр орта мектебінде 9-10 кластарда оқып жүргенімде аудандық «Қызылқоға» газетіне хабарларым мен мақалаларым жарық көріп жүрді. 1970 жылдардан бастап республикалық баспасөзге ден қоя бастадым.

1972 жылдан Солтүстік Үстірт мұнай барлау экспедициясында бұрғышының көмекшісі болып еңбек еттім де, өмір жолым басқа арнаға бұрылып кетті. Бірақ сонда да ақпарат саласымен байланысым үзілген жоқ. Өйткені менің қазақ баспасөзіне кейінірек те баса мән беруіме үлкен ықпал еткен Сәбидолла Құрманұлы деген ағамыз болды. Ол көшіп-қонып жүрген көптеген геолог-барлаушылардың балаларын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстаз-басшы еді.

Бертінде Маңғыстаудан Құлсарыға көшіп келдім. Аудан орталығынан шығатын бұрынғы «Ембі» («Кең Жылой») газеті редакциясының жазушы-журналистерімен кездесіп, жүздесіп жүрдік. Олар: Нұрдәулет Ақназаров, Бақытжан Бозданов, Айтуар Өтегенов, Қонаш Қалдыоразов, Тементай Әділханов, Бисенбай Бигелдиев секілді «Сен тұр, мен атайын!» дейтін марқасқа жігіттер еді. 1980 жылдың қаңтар айының басында «Ембінің» тілшісі Қаржау Оразбаев журналист ретінде өндіріс басында жүрген менен сұхбат алып, ол мақала аудандық газет бетінде жарияланды. Ол кезде Жемісбай Нұртілеуов бұрғылау бастығы да, мен қасында бұрғылау шебері болып жұмыс жасап жүрген кезім еді.

Ол дәуірде баспасөзге қатты мән беретін, газет бетінде жарық көрген сын мақала жиналыстарда талқыланып, өндіріске келтірген зардабы ауыр болса, жауапты адамдар қызметімен қош айтысып жататын. Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясына Мәскеуден, Ленинградтан, Алматыдан, Қарағанды мен Атыраудан да әртүрлі ірі өндіріс басшылары, ғылым кандидаттары, докторлар, ақын-жазушылар мен баспасөз саласының өкілдері келіп өндіріс саласымен танысып, барлау-бұрғылау ісін өз шығармашылығына арқау ететін. Соңынан шағын концерт, сый-сыяпат, ас мәзірін ұсынып, марапатпен шығарып салатынбыз. Жалпы эскпедиция ұжымы баспасөз саласымен тығыз достық қарым-қатынаста болды. Жазушылар Әбу Сәрсенбаев, ақын Шөмішбай Сариев пен басқа да қазақ зиялыларын тік тұрып қарсы алдық.

Баспасөз Кеңестер Одағының басты идеологиясы, мықты қаруы болатын. Сондықтан да оның таралымына қатты мән берді. Сол дәуірде Қазақстан газет-журнал таратуда, оны насихаттауда Одақ бойынша ІІІ орыннан көрініп жүрді. Бұл жетістікке менің де қосқан үлесім бар деп есептеймін. Өйткені сол науқанға белсене атсалысқан жанның бірімін. Экспедиция атынан халықты газет-журнал жаздыруға үгіттеп, оны таратуда сіңірген еңбегім жоғары бағаланып, аудан көлемінде «Үздік баспасөз таратушы» деп танылып, ІІ орын алғаным бар.

Бұл үрдістен қазір де жаңылғаным жоқ. Бүгін де Жаңа Қазақстанның баспасөз жаршысы бола білдім. Әр баспасөзге жазылу науқаны басталған уақытта арнайылап орталық «Қазпоштаға» барып, зейнетақымнан 65 мың теңге қаржы бөліп, өзім сүйіп оқитын басылымдардың бірін де қалдырмай жаздырып аламын. Яғни, аудандық «Кең Жылой»-дан бастап, облыстық «Атырау», республикалық «Егемен Қазақстан», басқа да еліміздің аумағынан түрлі деңгейде жарық көретін газет-журналдарға жазылып, үзбей оқып тұрамын.

Осы баспасөз беттерінде түрлі мақалаларымды да жариялап, нақыл сөздерді насихаттап, жалынды ақпаратшысы болып келемін. Алға қарай да осы саламен байланысым үзілмек емес. Осы сәтті пайдаланып, өңірдің барлық бұқаралық ақпарат құралдары саласында еселі еңбек етіп жүрген қызметкерлерді кәсіби төл мерекесімен шын жүректен құттықтап, еңбекте жеміс, толағай табыс тілегім келеді.

Қалыбай Ерғазы,

мұнай-газ саласының ардагері,

газеттің белсенді авторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT