Бала арманды орындауға ешқашан да кеш емес

Ауданда осыдан үш жыл бұрын «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен «Жаңаша» қоғамдық қоры құрылып, соның аясында қала тұрғындары үшін жаңа бастамалар бой көтерген-ді. Соның бірі - «50+ ешқашан кеш емес» жобасы. Жоба осы жылдың басында грантқа ілігіп, алғаш рет аудан төңірегінде халыққа ұсынылған еді. Ақпан айында жаттығу жұмыстарын бірден бастап кетті. Игілікті істі жарыққа шығарушы Алтынай Серікбайдың көздеген жоспары бүгінде жүзеге асып, көптің көңілінен шығып жүр. Еңселі елуден асқан әйел мен ерлер қауымын, сондай-ақ ардагер, зейнеткерлерді қамтып, оларға өмір сүру тәртібін жеңілдетіп, тасада қалған талантын ашуға көмектесетін жобаға қазір елуге жуық қала тұрғыны үздіксіз қатысады.

Жоба аясында қазір ауданда түрлі шеберлік класстар өткізіліп, облыстан, сондай-ақ бас қала Астанадан да білімді коучтар мен тренерлер арнайы келіп, қала тұрғындары үшін тегін сабақтар жүргізуде. Үлкен кісілер үшін осы жасында мүмкін емес болып көрінетін қыш құмыра жасау, бет әрлеу, психологиялық тренинг, қаржылық сауаттылық, компьютерді меңгеру курстары бұл жобада кең көрініс тауып, бір айда төрт рет ұйымдастырылды. Жоба қатысушыларының сабаққа үзбей келуі йога, вокал, ағылшын тілін үйрену сабағының да қажет екендігін айғақтап тұр. Аудан көлемінде ғана жүзеге асқан жобада қазір төрт мұғалім қызмет атқарады. Олардың бірі әннен сабақ берсе, бірі йогадан, енді өзгесі би мен шет тілін үйретуден дәріс береді. Шектеулі елу адамды ғана қамтитын жобада бүгінгі күні 50 мен 73 жас аралығындағы әйел адамдар қатысуда. Оның бірі – жетпістің белесіне шыққан Сәния Ихсанқызы. Ол өз сөзінде:

-Менің қазір 7 немерем бар, балаларым бөлек тұрады. Өз өмірімді сүріп, бос уақытымды өзіме арнаймын. Жетпістен ассам да салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқанды ұнатамын. Бұл жобаны достарымнан естідім. Денсаулығым жарап тұрса әлі талай жыл қатыса беруге бармын. Сабақ беретін мұғалімдердің бәрі де ұнайды. Өз ісінің мамандары, көңілімнен шығады,-дейді.

Бұл жобаға аудандағы білікті де білімді мамандар топтастырылған. Олар қала халқымен жұмыс жасап, үлкендердің алғысына бөленгеніне дән риза.

-Менің жасым 52-де. Йогадан сабақ беріп жүргеніме бір жылдан асты. Бұл салаға өзімнің денсаулығыма байланысты келген едім. Аяғым сыр беріп ауырғанда осы спорт түрінен ғана ем таптым. Әрі қарай зерттеп, бұл саланың маманына айналдым. Йога дегеніміз – жан, тән, сананың гормонияда тоғысуы. Өмірімізде тепе-теңдік болмаса, ішкі жан дүниеміз дұрыс болмайды. Ал ол үшін санада білім тұнып тұруы керек. Йогамен айналысу арқылы біз өз-өзімізді танимыз және басқара аламыз. Бұл спорт түрімен барлық жастағы адамдар айналыса алады. Басында жобаға қатысушылар йоганы және оның бізге берер пайдасын түсінбейтін. Қазір жақсы көреді, сабақтан қалмайды.Егер үлкендеріміз шынымен денсаулығының жақсарғанын қаласа, онда бір тәуліктің ең болмаса бір сағатын осы йогаға арнауы керек. Маман ретінде айтқым келетіні, бұл спорт түрімен айналысқан әйелдер ашуланбайды, дауласпайды, стреске түспейді, тек өз өмірін әдемі сүріп үйренеді,-дейді йогадан сабақ беретін мұғалім Айнұр Қожаназарова.

Жобаға қатысуға өтініш білдірушілердің көптігіне қарап зейнеткерлердің белсенді өмір сүруге құштар екендігін байқаймыз. Жұмыс барысын қадағалап, орын босай қалса кезекте тұрған жаңа қатысушыны жобаға қосып жүрген координатор Нұргүл Хайруллина:

-«50+ешқашан кеш емес» жобасы қор мүшелерінің көптен бері ойында жүрген іс еді. Жыл басында «грант ұттық» дегенді естігенде қатты қуандық. Жобаға сұраныс өте жоғары. Шыны керек, ауданымызда аға буын өкілдеріне арналған іс-шара – жоқтың қасы. Олардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен айналысуына баса мән берілмейді. Қазіргі аға-апа, ата-әжелеріміз мүмкін бұрын биші, актриса, әнші болуды армандап, бірақ сол өнерін шыңдауға мүмкіндігі жетпеген шығар. Біз сондай бала арманды орындауға ешқашан кеш емес екендігін түсіндіргіміз келеді және сол мақсатта жұмыс жасаймыз. Қатысушылардың жобаға кері байланысы жақсы. Үнемі алғыс арқалап, жылы лебіздің астында қалып жатамыз. Өздерінің ұсынысын айтып, жиі пікірімен бөлісіп тұрады. Жоба әзірге аудан төңірегін қамтиды. Бірақ, келесі жылы Атырау қаласынан да ашатын ойымыз бар,-дейді.

Иә, үйренуге, көруге, біліп-тануға ешқашан кеш емес. Сондықтан ақ жаулықты аналар мен асқар таудай әкелеріміз қамшының сабындай қысқа ғұмырында сәнді де мәнді өмір сүрсе екен дейміз. Ал осындай үлкен кісілердің өмір сүру тәртібіне алаңдаушылық білдіріп, бос уақытын тиімді өткізуін қалайтын жанашыр жандардың барында мұндай жобалар аяқсыз қалмасы анық. Мақсаты айқын, қадамы нық «Жаңаша» қоғамдық қорының жаңа жобаларының көбеюіне қашанда тілекшіміз.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT