«Тәттіқұмар» жандар үшін ел ішінде орын алып жатқан қант тапшылығы мәселесі жағымды жаңалық болмай тұр. Күніне 3-4 мәрте шекесі терлеп, шекер салып шай ішетін қазекеңдер үшін әдетте дүкен сөрелерінде самсап тұратын қанттың бір мезетте көзден ғайып болуы аса өзекті мәселеге айналды.
Жалпы, Қазақстандағы қант тапшылығы мәселесі осыдан бірнеше ай бұрын басталды. Халық көп баратын ірі сауда орталықтарында құмшекер шекті мөлшермен сатылып, бағасы да өсе берді. Ал кейбір әлеуметтік дүкендердің сөрелерінен қап-қап болып, қаз-қатар жиылып тұратын өнімді сатып алушылар таппай қалды. Ара-тұра қонақ келгенде дастарханға қойылатын шақпақ секердің өзіне де қолы жетпей қиналды тұрғындар. Сөрелердің бос болуы біраз нәрсені аңғартса да, сол уақытта жауаптылар «Қазақстанда қант тапшылығы жоқ» деген жауап қатып, халықты сендіргісі келді. Жауаптылардың сөзінен соң халықтың дүрбелеңі біраз басылғандай болып еді, жақын арада аталған мәселені Жылыой тұрғындары да қайта көтере бастады. Демек, бұл түйткілді мәселе өзіміздің ауданға да жете бастаған.
- Елімізде азық-түлік бағасы онсыз да шарықтап, күн санап өсіп жатыр. Жалпы, баға бақылаудан шығып барады. Айлығымыз, шайлығымызға жетпейді. Бар тапқанымызды тамаққа жұмсаймыз. Қымбатшылықты жалғыз біз емес, бүкіл халық болып басымыздан кешіп жатырмыз. Оның үстіне міне, азық-түлік тапшылығы туындауда. Қанттың жыры өз алдына. Қазір кім-кімнен сұрасаң да айтып жүргендері осы – қант жетіспеушілігі. Базарды ерінбей шарлап шықтым. Көп жерде қант жоқ екен. Ал кей сауда нүктелерінде адам басына 2-3 келіден ғана өлшеп беріп, сатып жатыр. Бағасын естіп, жағамды ұстадым. Бір кг шекердің бағасы 600-ден асып, 700-ге жеткен. Мыналары енді масқара ғой! – дейді Құлсары қаласының тұрғыны А.Нұрбаева.
Жергілікті әлеуметтік желілердегі парақшалардан да тұрғындардың алаңдаушылығын аңғаруға болады. Ертеңгі күнімізді ойлап, «қантты таласып алып жатырмыз» дейді көпшілігі. Тіпті, олардың айтуынша жақын арада бұл мәселе шешімін табатынға ұқсамайды. «Жаздан күзге жетіп, қысқа ұласады» деген сынды пікірлер қоғам арасында өршіп тұр. «Халық айтса, қалып айтпайды» деп біз де мәселенің анық-қанығын білу үшін тиісті мамандардың жауабын білуге жүгіндік.
- 13 маусым күні облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен құмшекер бағасын тұрақтандыру және бағасының шамадан тыс өсуіне жол бермеу мақсатында ауданға 12 тонна құмшекер келді. Негізі, облысқа қарасты барлық аудандарға әртүрлі мөлшерде қант бөлініп, жеткізілді. Бір ауданға 8 тоннадан, бір ауданға одан да аз бөлінді. Ал Жылыой үлкен аудан болған соң ең көбі бізге бұйырды. Сол келген 12 тонна құмшекерді азық-түлік дүкендеріне бөліп бердік. Орталық базар маңайында орналасқан көтерме сауда нүктелеріне де жеткіздік. «Лидер», «Ярмарка» сауда орындарында да қазір қант бар. Бірақ, онда адам басына 3 келіден сатылуда. Өзінің келген бағасы – 495 теңге, ал сауда орындарында 1 кг секер 500-дің үстінде сатылып жатыр. Жасыратыны жоқ, бұл мәселе біздің ауданда немесе елімізде ғана емес, көршілес мемлекеттерде де орын алып жатыр, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Алдияр Мирамбаев.
Бас маманның сөзінен соң біз ол айтқан базар маңындағы азық-түлік дүкендеріне аттандық. Ең әуелі, сауда жасау үшін тұрғындар көп аяқ басатын сауда орнына ендік. «Құмшекер бар ма?!» дегеніміз сол еді, дүкеншісі «Жоқ» деп қысқа қайырды. Мамандардың жауабынша, сауда орнынан ауданға қарасты ауылдық округтердің азық-түлік дүкендері иелері қанттың барлығын аз уақытта сатып алған. Одан шығып, жақын жердегі келесі дүкенге кірдік. Бұл нүктеде қант бар болып шықты, алайда, тұрғындар айтса-айтқандай бағасы аспандап кеткен. Бір келі қантты – 700 теңгеден сатып жатыр. Дегенмен, жауапты мамандар ол қымбатқа сатылып жатқан қанттың біз айтқан 12 тоннаға қатысуы болмауы мүмкін. Басқа елден тасымалдаған болуы керек дегенді айтады. Десе де, бағасына қарамай қант саудасы қарқынды жүруде. Өйткені, алда жеміс-жидектер пісіп, тосап қайнатар науқан басталғалы тұр.
Қазақстандағы қант жетіспеушілігі мәселесі алпауыт тәтті фабрикаларының да жұмысын тоқтатуға алып келген. Мәселен - атақты «Рахат» фабрикасы. Отандық фабрика өзінің Шымкенттегі филиалының жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр болды. Сонымен қатар, қантты көп қажет ететін «Барбарис», «Ирис» өнімдерін де шығаруды тоқтатқан. Десе де, аталған екі өнімге де халық тарапынан сұраныстың көп екенін жақсы білеміз. Кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығындағы бар қантты сатып алса да, олардың жұмысын алаңсыз жалғастыруға бұл қор жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан өзге елдерден әкелуді қолға алған. Құмшекердің жетпеуі ірі фабрикалардың жұмысына осылай кедергі келтірсе, торт, өзге де тәтті түрлерін сатып, нәпақасын тауып отырған шағын кондитерлердің ертеңгі күні қандай болмақ?! Тәттінің құрамына қосатын өнімдердің бағасы артқан сайын, торт бағасы да шарықтайды деген сөз емес пе? «Қымбатшылық қалтаны қақты» деген осы...
Осыған дейін «Қант жеткілікті» деп келген министрлік де мәселенің барын жасырмады.
«Ресей Федерациясының қант экспортына салған тыйымына байланысты тапшылық болып отыр. «ЕЭҚ кеңесінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі шешімі шеңберінде Қазақстан Республикасына 31 тамызға дейін 350 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі құрақ қантты бажсыз әкелу құқығы берілді. Қазақстан арқылы өтетін теміржолдарда қант тиелген 152 вагон жүріп жатыр. Олар 10 мың тоннадан астам өнім тасымалдайды. Қазір 58 вагон өнім елге жеткізілді. Қалған 94-і 7 күнде келуі керек», - дейді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өз жауабында.
Ш.ХАМИТОВА