Ауылдың әлеуетін көтеру – басты міндет

«Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Нұртас Байжанов Жылыойға арнайы іссапармен келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов, «Ауыл» партиясының аудандық филиалы төрағасы Жасұлан Балағұлұлы кездесуге қатысты. 

Сондай-ақ «Ауыл» партиясы жанынан құрылған «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссияның облыстық төрайымы Ақмарал Мәдиқызы мен аталған комиссияның аудандағы төрайымы Гүлдана Нұрбекқызы да облыстық партия төрағасының халықпен кездесуінде қатысушылар қатарынан табылды.

Биыл ауыл үшін маңызды бастамаларға ұйытқы болып келе жатқан саяси ұйым – «Ауыл» партиясының құрылғанына 25 жыл толды. Ширек ғасыр ішінде партия елдегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында іргелі жобаларды, тың идеяларды жүзеге асырды. Осы уақыт ішінде ауылдағы ағайынның мүддесін қорғауды мақсат тұтқан, тек қана ауылдың емес, ауылды дамыту арқылы елдің әлеуеті мен экономикасын арттыруды көздейтін жанашыр жандар жиналды бұл партияда.

- Біз сіздермен ауылдың дамуы, елдің азық-түлік қауіпсіздігі, аграрлық саланың болашағы және «Ауыл» партиясының нақты атқарып жатқан жұмыстары туралы ашық әңгіме жүргізу үшін жиналып отырмыз. «Ауыл» партиясы халқына уәде беріп қана қоймай, сол уәдесін жүйелі түрде орындай алатын саяси күш. Біздің басты міндет – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, жерді тиімді пайдалану, шаруаны қолдау және ауыл жастарына мүмкіндік беру,-деді кездесудегі алғы сөзінде өңірлік партия төрағасы Н.Жарылғасынұлы.

Төрағаның айтуынша, бүгінде Мәжілісте – 8, өңірлердегі мәслихаттарда 226 депутат ауыл мәселелерін шешу жолында тұрақты жұмыс істеп келеді. Ал партияның сайлауалды бағдарламасында 24 негізгі міндет бар. Осы бағыттар бойынша нақты нәтижелер де баршылық. Атап айтсақ, партияның ықпалымен «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң әзірленді. Бұл – елді азық-түлік дағдарысынан қорғауға бағытталған стратегиялық құжат. Агробанк құру туралы заң жобасы басталды. Мақсат – фермерге арзан, қолжетімді несие беру, ауыл шаруашылығын дамытуға нақты қаржы тетігін ұсыну. Жайылым тапшылығы бойынша әділ бөлуді қамтамасыз ететін заңнамалық түзетулер енгізілді. Аграрлық мамандардың мәртебесін көтеру үшін жаңа мемлекеттік атақ – «Аграрлық саланың еңбек сіңірген қайраткері» енгізілген. Соңғы екі жылда партия депутаттары 100-ден астам депутаттық сауал, Үкіметке 800-ден астам нақты ұсыныс жолдады.

Ал аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен жиында аудандық шаруа қожалық өкілдері мен иелері ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйін қозғады. Бірі малға азық болар жоңышқа егуге бос жер телімін сұраса, бірі ауыл жастары арасындағы жұмыссыздық мәселесін көтерді. Сондай-ақ қожалық иелері мал шаруашылығын дамыту үшін жер көлемін кеңейту жайын, электр желісін тарту, төрт түлік өсіру шаруашылығында ең керекті мамандық иесі – ветеринария саласы мамандарын баспанамен қамтамасыз етіп, олардың біліктілігін арттыру да кездесуде кеңінен қозғалды. Сонымен қатар тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты басқа да сұрақтар талқыланды. Кездесу барысында көтерілген мәселелер партия тарапынан бақылауға алынып, тиісті органдарға жеткізілетіндігі атап өтілді.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT