Ауыл шаруашылығы – экономиканың күретамыры

Кейінгі кезде ауданымызда ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, биылдың өзінде шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінген. Қажетті несиелер уақытылы беріліп, шаруалардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік жасалды. Ол өз сөзінде Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн. Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік беретінін жеткізді.

     Әрине, бұл іске отандық және шетелдік инвесторлар тартылған. Инвестицияның жалпы көлемі – 2 миллиард доллардан асады. Соның нәтижесінде үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өндірілген өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де экспортталады.
– Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін, өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы қажет. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Олар цифрландыру тәсілдерін енгізу арқылы тиімділікті арттырып отыр. Осындай тәжірибелерді кеңінен тарату үшін барлық жағдай жасалуы керек, – деді бұл жөнінде Президент.
      Иә, Президенттің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқару жөніндегі тапсырмалары өте өзекті және дер кезінде айтылған бастама деп санаймыз. Жайылым тапшылығын шешу, жерді тиімді пайдалану, заңсыздық пен қағазбастылықты жою – біздің саладағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Сондықтан бұл бағытта жасалып жатқан қадамдар тек шаруаларға ғана емес, бүкіл халыққа тиімді болмақ.

Жәнібек Сабыров
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT