1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа кезекті Жолдауын жасады. Мемлекет басшысы биыл еліміздің маңызды кезеңге аяқ басып, жалпыұлттық референдум өткізу арқылы саяси жаңғыру бағдарына халықпен бірге қол жеткізе алғанымызды айтты. Референдумның Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ең айтулы қадам екенін тілге тиек ете отырып, бұл жолғы маңызды құжатта ел өмірінде орын алып жатқан түйткілді мәселелердің шешу жолдарын алға тартты.
Президент Жолдауы еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына бағыталған бірнеше бағдардан тұрады. Мемлекеттің басты байлығы – оның халқы болғандықтан ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру керектігін баса айтты. Жер қойнауы қазынаға толы бай ел болғанымызбен, жерасты байлығының да ертелі –кеш сарқылып, таусылатыны анық. Сондықтан менің ойым, Президент айтқандай ата кәсіпті дамытып, ауылшаруашылығы саласының дамуына көп көңіл бөлуге тиіспіз. «Ауыл шаруашылығын дамыту – өзекті мәселенің бірі болып табылды. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді», - деді Президент өз Жолдауында.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы игерілмей жатқан және заңсыз берілген жерлердің нақты санын айтып, жыл аяғына дейін 5 млн гектар жердің мемлекетке қайтарылатын да айтып өтті. Жалпы ел ішінде заңсыз берілген және игерілмей жатқан жерлер 10 млн-ға жуықтайды екен. Жалпы, осы Жолдаудан байқағаным халықты шын толғандырып жүрген мәселелердің бәрі де Президентті шын толғандырып, соған сай шаралардың қолға алынуы. Алға ілгерушілік, халыққа жақындық пен ашықтық орын алуда. Бұл мені тек қуантады. Қай сала болмасын, өзінің биік дәрежесінде дамуы тиіс. Өйткені, Қазақстан сапалы өнімдер өндіруші қуатты мемлекетке айналуға ұмтыла беруі керек. Енді Президенттің Жолдауында берілген тапсырмаларды Үкімет дереу қолға алып, оң нәтиже шығып жатса, нұр үстіне, нұр болмақ.
Айтпай Сисенов
Облыстық мәслихат депутаты