Атырауда қарттар үйінің тұрғындары сабын қайнатуды үйренді

«Теңіз жүрегі» қоғамдық бірлестігінің еріктілері Атырау қаласындағы қарттар үйіне барып, Қарттар күніне орай шығармашылық кездесу өткізді. Қонақтар тұрғындарға көңіл бөліп, жылы лебіздерін білдіріп, мейірім мен қуаныш сыйлады.

Қарттар үшін еріктілер сабын қайнату бойынша шеберлік сабағын ұйымдастырды. Оған шамамен 40 тұрғын қатысты. Әрбір қатысушы өз қолымен сабын дайындап, оны өзімен бірге алып кетті. Бүгінде қарттар үйінде 116 адам тұрады.

Сонымен қатар еріктілер туған күн иелерін құттықтап, концерттік бағдарлама ұсынды. Шараның ерекше сәттерінің бірі – «Теңізшевройл» компаниясының қызметкері, АҚШ-тан келген Джон Ригбидің ән орындауы болды. Ол қазақ тілінде бірнеше ән шырқап, оның бірі — өз шығармасы. Джон екі жылдан бері Атырауда тұрып, «Теңіз жүрегі» ҚБ-нің еріктілік жобаларына белсене қатысып келеді.

«Мұнда келген сайын осы адамдардың мейірімі мен ризашылығын сезінемін. Қазақ тілінде ән айтып, осындай игі бастаманың бір бөлігі болу – мен үшін үлкен құрмет», — деді Джон Ригби.

Шараға барлығы 20 ерікті қатысты, олардың қатарында «Теңізшевройл» компаниясы қызметкерлерінің экспат жұбайлары да болды.

«Теңіз жүрегі» ҚБ-нің жетекшісі Рысты Жексенбаева атап өткендей, еріктілер қарттар үйіне айына екі рет барып тұрады. «Біз үшін басты мақсат — сыйлық апару ғана емес, көңіл бөліп, жақсы энергиямен бөлісу. Мұндай кездесулер қарттарға да, бізге де қуаныш сыйлайды», — деді ол.

«Теңіз жүрегі» ҚБ жобасы «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 2023 жылдан бері жүзеге асып келеді. Екі жыл ішінде еріктілер ұйымы 5 мыңнан астам ересек пен баланы қамтып, өңір бойынша әлеуметтік, білім беру, қайырымдылық және экологиялық бағыттағы түрлі іс-шаралар өткізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT