Атырауда бір әулетте жеті дәрігер бар

Бір әулеттен жеті дәрігер!.. Фтизиатр, окулист, невропатолог, стоматолог, жалпы тәжірибе дәрігері және екі уролог!.. Олар – отбасымен денсаулық күзетінде!..

Балтыр сыздап, бас ауырса, ақ халаттылардың алтын қолына жүгінетіміз шындық. Ал, бүйрек ауруы мазалаған әр атыраулық ағайын әкелі-балалы Харасовтарды іздейді. Ол «мұнайлы мекенде олардан басқа уролог жоқ» деген сөз емес. Бірақ, елдің сеніміне селкеу, аманатына қиянат жасамаған жанға деген көптің бағасы. Себебі, біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі, тіпті, артық. Әлімсақтан медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саланың бірі болғандықтан, біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты меңгеру оңай емес.
Бүкіл саналы ғұмырын медицинаға арнаған КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты уролог Басаролла Харасов – адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараған алтын қолды дәрігер. Өз ісіне шын берілген маман әлі де бұл саладан қол үзбей, зейнетке шықса да, жеке кабинет ашып, шипа іздеп келген қамкөңіл жандарға адал қызмет етіп келеді. Қаһарлы қырық үшінші жылы Исатай ауданында дүниеге келген Басаролла Харасұлы дәрігер болуды жастайынан армандаған екен. Мақсатшыл бозбала адам жанының арашашысы, Гиппократ антына адал дәрігер боламын деп шешті. Сөйтіп, мектептен соң Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын 1969 жылы бітіріп, арманы болған дәрігер мамандығына қол жеткізеді.

Армандар алдамайды емес пе, еңбек жолын Атырау облыстық ауруханасында уролог болып бастаған жастың тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарайтыны, еңбекқорлығы мен тәжірибесі ескеріліп, 1972-1973 жылдары аурухана бас дәрігерінің орынбасары, ал 1973-1986 жылдары облыстық қан құю станциясы бас дәрігері болып жоғарылатылған. Таң атқаннан кеш батқанша жанына шипа іздеген науқастың қас-қабағына қарап ем-дом жасайтын дәрігердің мәртебесі қашан да биік.

Басаролла Харасов та өз биігінен түспеді, облыстағы ауыру көрсеткіші мен жастар арасындағы өлімді азайтуда, мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, мамандар дайындау жұмыстарын атқаруда зор үлес қосты. 1986 жылдан 1993 жылға дейін облыстық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлығына қайта тағайындалып, одан соңғы он үш жыл бойы үздіксіз урология бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Жұмыс бабында ізбасарлар тәрбиелеп, жас кадрлар мен медицина училищесі оқушыларының практикалық жұмыстарына да көп көңіл бөлген Басаролла Харасов 2006 жылдан бері уролог-ординатор қызметіне біржола ауысты. Әлбетте, адам өмірін сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін құндылық – еңбек.

Саналы ғұмырын осы салаға арнап, адал еңбекті жанына серік еткен ол бүгінде құрметті демалыста. Оның жары Базаргүл Мырзағалиева да денсаулық дәнекері. Ұзақ жылдар дәрігер фтизиатр болып еңбек етіп, дертіне шипа іздеген жанның жанына жалау бола білді.

– Ата-ананың басты мақсаты – жақсы тәрбие. Жарыммен бірге төрт баланы тәрбиелеп, өсірдік. Оның екеуі жолымызды қуған ақ халатты маман иесі атанды. Қазір жанұяда жеті дәрігер бар. Ұрпақтарымның дәрігерлік мамандықты таңдағанына ризамын. Әсіресе, бір отбасынан бірнеше дәрігерді дайындап шығару – мен үшін зор жауапкершілік. Жұбайым екеуміз дәрігерліктің қиындығын жақсы білеміз. Көпшілігі өзі қиынсынған жұмысты баласына беруге тырыспайды. Біз керісінше, ұрпағымызға табыстауды жөн көрдік. Себебі, нағыз дәрігер – жүрегі таза, ізгілік қасиеті мол адал жан. Ұрпағының осындай адал жолда жүргенін кім қаламайды?! Ниетімізге орай, балаларымыз да мамандықтарын жан қалауымен таңдады. Жауапты да қиын мамандық иесінің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан, ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүруі қажет, — дейді Басаролла Харасұлы.

Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты, еңбектің ғана адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген ол «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағынан асқан қасиетті ұғым жоқ екенін айтады. Қазақта «Ата көрген оқ жонар» деген аталы сөз бар емес пе, қос дәрігерден тараған төрт баланың екеуі әке-ананың жолын жалғап, медицина саласында еңбек етіп жүр. Халық ықыласына бөленген Әлібек Басароллаұлы – көптің көңілінен шыққан, білімі мен білігі үндескен, абыройлы жан. Оған медицина саласы сегізінші сыныптан бастап етене таныс, өйткені Атырау қаласындағы медициналық училищесінің түлегі. Жазғы демалыс кезінде жедел жәрдемде санитар болып қосымша жұмыс та жасады. Отан алдындағы борышын өтеу кез келген еркек кіндіктінің міндеті екенін жақсы түсінген Әлібек те әскер қатарынан келген соң медициналық білімін жетілдіріп, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясында білім алған. Оқу орнын 1998 жылы аяқтағанда облыстық ауруханаға уролог дәрігер болып жұмысқа қабылданған дәрігер сол мекемеден табан аударған емес.

Ең қызығы, бұл әулеттің келіні Гүлсім Қазмағамбетова да сол академияның түлегі, балалар ауруханасында невропатолог дәрігер. Отағасы Әлібек екеуі алты перзент тәрбиелеп отыр. Дәрігерлер династиясындағы Балжан мен Нұржан да бала күнінен ақ халат киіп, дертіне шипа іздеген жанның жанына жалау болып жүретін дәрігерлер жұмысына қызыққандарын айтады. Екеуі де аталары Басаролланың ісін жалғап, Балжан стоматология саласын таңдаса, Нұржан – болашақ уролог. Бүгінде Павлодардағы резидентурада оқып жүр.

Ғибратты ғұмыр иесі Басаролланың қызы Венера да дертке шипа, жанға дауа табатын салаға қызмет етуді қалапты. Бүгінде көз аурулары ауруханасының жоғары санатты көз дәрігері. Сала ардагері Басаролла Харасовты алаңдататыны – ауылдағы дәрігер тапшылығы. Оның пікірінше, бұл проблеманы жою ең басты міндет болуы тиіс.

– Ол үшiн ауыл мектебiн жақсы үлгеріммен оқып шыққан, дәрiгер мамандығын қалайтын жас түлектерді квота арқылы оқытуды қамтамасыз ету керек деп санаймын. Оқу қаржысын аудан арқылы төлеп, проблеманы жоюға болар еді. Ойлап қарасақ, әр жақтан шақырып алған мамандарға жұмсалатын қаражаттан гөрі, жастарды оқыту қаржысын өтеу әлдеқайда жеңілдеу. Тағы бір себебі, медициналық жоғары оқу орындарында ақылы оқыған жас бітіргеннен кейін мол табыс табуды ойлап, ауылда да, мемлекеттiк медицина мекемесінде де қызмет жасағысы келмейді. Жалпы айтқанда, дәрiгерлерді жетiстiру үшiн облыс бойынша бір жылдық емес, 10-15 жылға арналған стратегиялық жоспар керек, — дейді ардагер дәрігер.

Сонымен қатар, ол облыстың денсаулық сақтау саласын маманмен қамтамыз ету үшін жыл сайын қанша дәрігер дайындау керектігiн зерделеп, бiлiктi дәрігерлердi зейнеткерлікке шыққанда жұмысты жалғастыруына мүмкіндік беру де мәселені шешудің бір жолы деп есептейді. Олай болмаса, маман тапшылығы ешқашан жойылмауы да мүмкін. Бұл отбасындағы дәрігерлердің жұмыс барысына туыстық қарым-қатынас ешқандай кедергі жасамайды екен. Керісінше, қысылтаяң шақта бір-біріне көмек беріп, қолдау көрсете алады. Дертіне дауа іздеген жандардың диагнозын бірге талқылап, бір-бірін толықтырып отырады. Жан рахаты үшін жұмыс істейді. Соның нәтижесінде халық та зор сенім білдіреді. Мұндай баланс сақталған жерде ілкімді ілгерілеу болатыны белгілі. Бұл бір әулеттің бір мамандыққа деген адалдығын, шексіз сүйіспеншілігін аңғартады.

Жеті дәрігер!.. Үш буын!.. Атадан балаға жалғасқан жарқын жол!.. Сабақтастық!.. Сара жолдан айнымаған денсаулықтың сақшылары. Олар дәрігерлер династиясы емей немене?!

Рита ӨТЕУҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT