1 қазан күні Қазақстанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Мерекеге орай Мемлекеттік Корпорацияның Атырау қаласы бойынша филиалы акция өткізді.
Бұл күні ХҚКО қызметкерлері зейнеткерлерді құттықтап, зейнетақы куәліктерін табыстады.
Айта кетейік, күніне филиалдың фронт-офистеріне 30-ға жуық қызмет алушы зейнетақы тағайындау қызметі бойынша жүгінеді. Қарттар күні еліміз бойынша барлығы 800-ге жуық азамат куәлік алды. Ең көп зейнетақы куәліктері Алматы қаласында және Түркістан облысында, ал ең аз мөлшері Ұлытау облысында берілді.
Атыраулық егіз зейнеткерлер Гүлжан мен Маржан Айболовалар да бүгін зейнеткерлік куәліктерін алды. Бірі медицина, енді бірі мұнай-газ саласында 40 жылдай уақыт бойы абыройлы еңбек еткен егіз әжелерге куәліктері №1 ХҚКО-да салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар, олардың 68 мыңнан астамы Атырауда тұрады. Аталған қызметті алушылар зейнетақы куәліктерін тапсыру сәтінде мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары деңгейде болғандығы, сондай-ақ ыңғайлы сервистер арқылы жүзеге асқандығы жайлы айтты.