Әкенің өнегесін алған ұл ананың ақ сүтін ақтайтыны анық. Алайда, бүгінгі күні «бірінші өзімді тәрбиелейін, балам бәрібір маған ұқсайтын болады» деп өзін қамшылайтын әкелердің қарасы қаншалықты көп? Міне, осыдан-ақ, әкенің отбасындағы орны қаншалықты маңызды екенін білсек болады.
Қазақта «Отан отбасынан баста- лады» деген қасиетті сөз бар екенін барлығымыз білеміз. Алайда бұл сөздің түп тамырының сонау ата-бабамыздан қалған тәлім-тәрбие мен әдет-ғұрып, ата салтпен ұштасатынын аңғармай жатамыз. Бұлай деуімнің себебі, бүтін бір отбасының айрандай ұюы, шаңырақ түтінінің түзу шығуы, керегенің кең, терезенің тең болуы сол шаңырақтың иесінің, қазіргі тілмен айтқанда, басшысына байланысты. Оның өмірдің қилы кезеңінде де парасаттылығы мен ақылын алға салып, абыройды алғашқы орынға қойып, өз ұрпағының бойына нағыз қазақы тәлім-тәрбиені тал бесіктен дарытуды басты парызы санауында болып тұр. Отбасының ынтымағы мен ұйымшылдығы, береке мен бірлігі үшін аянбай қызмет ететін әкелердің өрісі қашан да кеңейіп, тамыры тереңге жайылмақ.
Күні кеше үлгілі жанұялардың қатарына кіріп, «Мерейлі отбасы» байқауының үздігі атанған Бердиевтер отбасының бәйтерегіне айналған Табылды аға – біз айтып отырған ұрпағына берері мол, тәлімі тағылымды, тәрбие бастауын ата-баба өнегесінен алатын асқар таудай әке, ардақты ата, аяулы жар.
Шаңырақ бірлігін алдыңғы орынға қоятын Табылды аға сол отбасының береке-бірілігі үшін аянбай еңбек еткен ер. Ол 1947 жылы Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген. А. Жданов атындағы орта мектепте 8 сыныпқа дейін білім алып, 1963-1965 жылдар аралығында сол кездегі «СПТУ-9» деп аталған кәсіптік-техникалық училищеде механик мамандығына оқыды. Кейін Түркістан қаласындағы индустриялды-педагогикалық техникумды тәмамдап, өзі оқыған №9 училищеде аттай он жыл оқытушы-шебер болып қызмет атқарады. Кейін Орал қаласындағы ауылшаруашылық институтын аяқтап, өзінің туған ауылындағы «Қазақстан» совхозында ауыл шаруашылық техникаларын жөндеу шеберханасына меңгеруші болып орналасады. Білікті де білімді маманды аудандық партия комитеті көтермелеп, «Коммунизм таңы» совхозында бас инженер етіп жібереді. Онда төрт жыл басшылық қызметте тәжірибе жинақтаған Табылды Бердиевті кезінде өзі білім алған оқу ордасы - №9 кәсіптік-техникалық училищеге директор қылып тағайындайды. Басшылар жүктеген міндетемелерді мінсіз атқарған Табылды аға 1987 жылы «Қазақстан» совхозына оралып, бас инженер ретінде совхоз тарағанға дейін еселі еңбек еткен. Кезінде өзі түлеткен кеңестік шаруашылық ыдараса да ол еңбек майданынан қол үзген жоқ. 1996 жылы болатжолдың бойына қызметке ауысып, «Қазақстан темір жолы» мекемесінде жол монтері, шебер, бас шебер қызметін абыроймен атқарды.
Нар көтермес нарықтың ауыртпалығы Табылды ағамызды да тынымсыз жатқызбады. Еңбектен қол үзбей жүріп, байырғы кәсібін жандандырып, 1996 жылдан бастап «Наурыз» шаруа қожалығын құрды. Бүгінде жасы сексенге таяп қалса да, аттан түскен жоқ. Бала, немерелерімен бірге сол шаруашылықтың шаруасын дөңгелентіп жүр. Ағамыздың тау қопарар белесі әлі алда тұрғандай.
Міне, осындай еңбекқор азаматтың артында сүрінгенде демеп, құлағанда қолдайтын өмірлік жары Баян Қойбағарова апай тұр. Қазірде аяулы әже атанған жанмен Табылды аға 1970 жылы ақ некесін қидырған. Сол күннен бастау алған отбасының мұнарасы - бүгінде жел құлатпас тас қамал, керегесі кең шаңырақ. Жапырағы кеңге жайылған ағамыздың жанұясында 5 қыз, 1 ұл өмірге келіп, олардан 5 немере, 17 жиен, 4 шөбере өсіп келеді.
Өмірі өнегеге, еңбек жолы ерен ерлікке толы ардагер ердің ғибратты ғұмыры тек ұрпағына ғана емес, бүгінде бүкіл ауылға, қала берді тұтас ауданға үлгі.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ