Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы – бұл барлық келіп түскен пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, ашық түрде дайындалған сапалы әрі сараланған құжат. Бұл туралы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Конституциялық комиссияның жетінші отырысында мәлімдеді.
Артур Ластаев жаңа Конституция жобасы ашық жарияланғанға дейін ұзақ және қажырлы жұмыс жүргізілгенін атап өтті.
«Бірнеше ай бойы белсенді талқылау. Жұмыс тобында да, біздің Комиссия отырыстарында да. Секцияларда да қызу пікірталастар болды, нақты дәлелдер келтіріліп, диспуттар өтті. Бірақ мақсатымыз ортақ болды – мемлекетімізді одан әрі дамытудың теңгерімді стратегиялық құжатын дайындау», - деді ол.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл отырыстардың онлайн форматта көрсетілгенін, осылайша, қазақстандық мемлекеттіліктің ең жоғары негізі жабық емес, кабинет ішінде емес, барынша ашық түрде әзірленін атап өтті.
«Комиссия салмақты және жан-жақты сараланған жобаны дайындау үшін қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт жұмсады деп санаймын», – деді Артур Ластаев.
Оның айтуынша, қазір Қазақстан қоғамы жауапты кезеңге аяқ басып жатыр: алдағы уақытта ел өмірін айқындайтын құжат талқылануда.
«Ең бастысы – бұл кезеңде орынсыз қызбалыққа ұрынбау, жалған және бұрмаланған ақпарат таратпау керек. Дәлелді диалогты жалғастырып, тарихи үдерістегі өз жауапкершілігімізді сезінуіміз қажет», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Артур Ластаев Ата заң жобасында адамның барлық құқықтары мен бостандықтары сақталғанын, ал кейбір мәселелерде – күшейтілгенін атап өтті.
«Преамбулада еліміздің тарихында алғаш рет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтау қағидаты жарияланды. Енді бұл мемлекет қызметінің қағидаттарының біріне айналады. Оны енгізу барлық негізгі қоғамдық институттардың ДНҚ-сына адам құқықтарының басымдығын енгізеді. Мемлекет пен оның азаматтарының құндылық бағдарларын белгілейді» - деді ол.
Артур Ластаевтың пікірінше, адам құқықтарына арналған бөлімнің атауын өзгертудің өзі олардың бастылығын анықтайды. Бұл ретте бөлім үш санатқа – құқықтар, бостандықтар мен міндеттерге негізделеді.
«Яғни қарапайым тілмен айтқанда: «Мен істей аламын», «Мен таңдаймын», «Мен міндеттімін». Олар жеке және қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін рұқсат етілген, еркін және тиісті мінез-құлық шегін анықтайды», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Жеке бас бостандығына қатысты нормаларға түсініктеме бере отырып, ол жаңа Конституцияға сәйкес қамауда ұстауға шағымдану құқығын сақтай отырып, сот шешімі бойынша ғана жол берілетінін атап өтті. Бұл ретте құқық субъектісіне, өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңды тәсілдермен, соның ішінде қажетті қорғаныспен қорғау құқығы жаңа редакцияда сақталған.
Сонымен қатар жаңа Конституцияның жобасында жеке өмірге және дербес деректерге қол сұғылмаушылыққа тікелей кепілдік беріледі, бұл қарқынды цифрландыру жағдайында үлкен маңызға ие.
Артур Ластаев сондай-ақ ар-ождан мен қозғалыс бостандығына, еңбекке, тұрғын үйге, меншікке және денсаулықты қорғауға құқық үнемі қорғалалатынын атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттің зайырлы сипатын сақтауды толық қолдады. Оның айтуынша, Қазақстан бір дінді екіншісінен жоғары қоймайды, атеистерге де, діндарларға да қысым көрсетуге жол бермейді, ар-ожданның толық еркіндігін қамтамасыз етеді.
«Зайырлы сипат елдің институционалдық тепе-теңдігін нығайтады және теологиялық ілімдер бойынша әйелдер мен балалар құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе қалыңдықты алып қашумен күресу және оларды діни рәсімдер бойынша некеге мәжбүрлеу тұрғысынан қарағанда аса өзекті. Сондықтан біз Конституцияда ескішілдік сарқыншақтарын жоятын жаңа норманы толығымен қолдаймыз. Некені тек мемлекет тіркеуі керек. Некедегі ерлер мен әйелдер тең құқықты», – деді Артур Ластаев.
Қорытындылай келе, ол Комиссия халықаралық стандарттарды, Қазақстанның ерекшеліктерін және одан әрі мемлекеттік құрылыстың прогрессивті идеяларын ескеретін сапалы және жан-жақты сараланған құжат дайындағанын айтты.



