Аудан әкімдігінің ғимаратында аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХVIII сессиясы өтті. Аталған жиын 28 қараша күні өткізіліп, Салық кодексіне енгізілетін өзгеріс мәселелеріне қатысты шешімдер ортақ талқыға салынды. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев жүргізіп, депутаттардан бөлек аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланов және қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің міндетін атқарушылар, бөлім басшылары мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде ауданда оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезіндегі салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы сөз болды. Кодекстің 726-бабына сәйкес, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша салықтарды есептеу кезінде кәсіпкерлерге қолданылатын мөлшерлемелер қайта қаралуы мүмкін. Атап айтқанда, қазіргі қолданылып жүрген 4 пайыздық мөлшерлемені мәслихат шешімімен 2 пайыздан аспайтын мөлшерге дейін төмендету құқығының бар екені атап өтілді. Сондай-ақ аталмыш Салық кодексінің өзгерістері өз күшіне 2025 жылдың 18 шілдесінде енгізілетіні туралы хабарланды.
Сессияда аудан аумағындағы кәсіпкерлік ахуал туралы да баяндалды. Биылғы жыл басынан бері ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6568 субъект тіркелген (олардың ішінде 791-і заңды тұлғалар, 5329-ы жеке кәсіпкерлер, 448-ы шаруа қожалықтары). Қазіргі таңда бөлшек салықтың арнаулы режимін 258 кәсіпкер қолданса, 5100-ге жуық жеке кәсіпкер оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейді.
Депутаттар аудан экономикасының дамуына әсер етіп отырған ішкі факторларды сөз етіп, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар мен жанар-жағармай бағасының өсуіне алаңдаушылық білдірді. Осы ретте арнаулы салық режимінің пайыздық мөлшерлемесін 4-тен 2 пайызға төмендету көлеңкелі экономиканы азайтып, жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға үлкен мүмкіндік беретіні айтылды.
Алдағы уақытта да депутаттар халықпен біріге отырып, талай проблемаларды ауыздықтап, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болатындарын да жеткізді. Сессия соңында келесі жиында да келелі мәселелермен бірлесе отырып шешуге мақұлдасып тарасты.
А.Ерденқызы



