Армия айбыны

Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осы мақсатта елімізде жыл сайын көктем-күз мезгілінде жастарды мерзімді әскери қызметке шақыру дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдары негізінде, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2025 жылғы 13 ақпандағы №782 Жарлығына сәйкес наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында азаматтарды мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру науқаны өтуде. Бүгінгі бозбала, ертеңгі сарбаз Осыған орай, бұл бағыттағы жұмыстар жайында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Тұрлан Сәденовтен ақпарат алдық. Оның айтуынша, көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз, сәуір, мамыр және маусым айларында жүзеге асырылады. Ал қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айларында күзгі әскерге шақыру науқаны ұйымдастырылады. Аудан бойынша белгіленген міндеттемелерге сәйкес Ұлттық ұлан қатарын толықтыру үшін – 26 азамат, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері үшін – 36 азамат, Шекара қызметі үшін 12 азамат әскерге шақырылуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде және көктемгі науқан осы айдың соңына дейін жалғасатын болады. Әскерге шақырылған әрбір азамат арнайы медициналық комиссиядан, денсаулықты тексеру мен психологиялық дайындықтан өтеді. Комиссия құрамында денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау және әскери құрылымдардың мамандары бар. Бұл – әскерге тек физикалық және моральдық тұрғыдан дайын жастардың іріктелуін қамтамасыз етеді. Иә, қазіргі шақыру науқаны кезінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім жүйелі жұмыс атқарып келеді. Әскери есеп жүргізуден бастап, медициналық тексеруден өткізу, психологиялық дайындықты бағалау, азаматтарды әскери бөлімдерге жөнелтуге дейінгі барлық іс-шаралар тиісті заңнамаға сәйкес жүргізілуде. Әскерге жарамды жастар Қазақстанның Қарулы Күштерімен қатар, Ұлттық ұлан және Шекара қызметі қатарында Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге мүмкіндік алуда. Бұл – тек әскери міндетті орындау ғана емес, сонымен қатар нағыз тәртіп, төзімділік пен жауапкершілік мектебі. Жасыратыны жоқ, қазір әскерге барудан жалтарып жүрген бозбалалар бар. Десек те аудан жастарының басым бөлігі елге адал қызмет етуге ниетті екенін көрсетіп келеді. Олар Отан қорғауды мәртебе санап, болашақта әскери борышын абыроймен атқаруға дайын. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жастармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, әскери қызметтің маңыздылығын насихаттап келеді. Бұл ретте әскери-патриоттық тәрбие де өзінің өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Елін сүйетін, оны қорғауға дайын ұрпақ тәрбиелеу - мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Бұл жұмыс отбасынан басталып, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдар арқылы жалғасын табуы тиіс. Аудан мектептерінде бұл бағытта оң қадамдар жасалып келеді. Әскери-патриоттық жарыстар ұйымдастырылып, жастардың патриоттық сезімін оятуда. Мектеп оқушылары алғашқы әскери дайындық пәнімен білім алып, саптық дайындықтан өтіп, әскери тәртіпке ерте жастан бейімделуде. Сонымен қатар Қазақстан тарихы пәнінен оқытылатын сабақтарда да елдік рухты оятатын деректер қарастырылады. Сонымен қатар колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында әскери-спорттық жарыстар жүйелі түрде өткізілуде. Ұрпақ пен ардагерлер арасындағы байланыс та жақсы жолға қойылған. Ауданымыздағы тыл еңбеккерлері мен Ауған соғысы ардагерлері жастармен кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісуде. Бұл – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Мұның барлығы түптеп келгенде, ата-бабамыздың ерлік дәстүрін жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеуді көздейді. Азаматты шыңдайтын өмір мектебі Мерзімді әскери қызмет – әрбір ер-азамат үшін Отан алдындағы қасиетті борыш. Армия – тек әскери білім мен машық емес, сонымен қатар темірдей тәртіп пен жауапкершілікке үйрететін бірден-бір мықты мектеп. Жас сарбаздар шыңдалып, нағыз азамат болып қалыптасады. Ал әскери борышын өтеушілерге мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған, оның ішінде жоғары оқу орындарына түсу және мемлекеттік қызметке жол ашылады. Ауданнан жыл сайын бірнеше ондаған жас сарбаз әскер қатарына аттанып, еліміздің түрлі өңірлерінде азаматтық борышын өтеп келеді. Олардың арасында әскери қызметте үлгілі болғаны да аз емес. Иә, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – еліміздің егемендігін, аумақтық тұтастығын, ішкі тұрақтылық пен сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты тірек. Ел қорғанысын нығайту ісі тек шекара күзетімен шектелмейді. Бұл – бүкіл қоғамның, оның ішінде әрбір азаматтың жауапкершілігін талап ететін салмақты міндет. Қарулы Күштердің қуатты болуы, әрине, алдымен, елдің ішкі бірлігі мен ұрпақтың отансүйгіш рухына байланысты. Сондықтан әскери қызметті насихаттау, жастарға патриоттық тәрбие беру және әскерге шақыру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру – тек аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғана емес, қоғам болып жұмыла көтеретін жауапкершілік жүгі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрылған 33 жылдың ішінде әскеріміз техникалық тұрғыдан заманауи деңгейге жетіп, еліміздің қауіпсіздігін сенімді қорғауға қабілетті құрылымға айналды. Қарулы Күштер құрамына құрлық әскерлері, әуе қорғанысы, әскери-теңіз күштері, арнайы бөлімдер мен шекара қызметі кіреді. Соңғы жылдары әскерді заманауи техникалармен жабдықтау, цифрландыру, кәсіби даярлық және логистиканы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде әскери бөлімдерде жаттығулармен бірге интеллектуалды дайындыққа да көп көңіл бөлінеді. Сарбаздар әскери техника мен байланыс жүйелерімен жұмыс істеуді үйренеді, ұжымдық еңбек пен кәсіби біліктілікті дамытады. Ал мемлекет тарапынан әскери қызметке барған жастарға бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Тұрғын үй бағдарламасына қатысу, жоғары оқу орнына түсу кезіндегі артықшылықтар, кейбір мемлекеттік қызметтерге орналасуға жеңілдік. Бұл борышты тек міндет емес, болашаққа жол ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Онда заң мен тәртіп қатаң Иә, жасыратыны жоқ, соңғы уақытта әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаздарымыздың қыршын кетіп, бейбіт заманда ажал құшып жатқанын теледидар хабарларынан естіп жатамыз. Бұл, әрине, көңілге кірбің ұялатады. Бұл мәселелерді шешу үшін түрлі іс-шаралар қолға алынып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деген болатын. Мемлекет басшысы әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет екенін атап өтіп, әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсыратынын еске салды. Осыған байланысты сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен басшылық пен құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін баса айтты. Президенттің бұл сөздері әскердегі тәртіп пен жауапкершілікті одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді. Ауданда жастардың арасында әскерге өз еркімен барып, алдын ала дайындық жүргізетін жігіттер де бар. Көбіне олардың көпшілігі спортты жанына серік еткен жандар. Олар әскери білім алып, болашақта шекара қызметінде, Ұлттық ұланда немесе басқа да құрылымдарда еңбек етуді армандайды. Бұл — елдің қауіпсіздігіне сенім арту мен Отан алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Біздің ел бейбітшілік пен тұрақтылықты басты құндылық деп санайтын ел. Алайда кез келген елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы — сенімді қорғаныс жүйесіне, елін қорғауға дайын азаматтарына да байланысты. Еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрбір әскерге жарамды азаматтың әскери дайындыққа, тәртіпке бейімделуі қажет. Ал осы бағыттағы жұмыстардың іргесі — жастарға білім беру, тәрбие, ақпараттандыру және қоғамдық қолдауда жатыр. Иә, Отанды қорғау – бұл тек әскери қызмет емес, бұл – азаматтық сана мен елге деген сүйіспеншілік. Қарулы Күштер – мемлекеттің қалқаны ғана емес, рухымыздың, бірлігіміздің, болашағымыздың қорғаны. Қоғамда әскери қызметтің беделі артса, жастар тәртіпке, ерлікке, елге қызмет етуге ұмтылады. Бұл – елдігіміздің айғағы. Сондықтан ауданда әскерге шақыру науқаны тек міндет емес, бұл ұлт болашағына салынған іргетас. Әрбір жас сарбаздың сапқа тұруы елге деген сенімді күшейтеді. Отанын қорғауға дайын ұрпақ елдің жарқын келешегі деп білеміз. А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT