Атырау облысындағы мүгедектігі бар жандарды қолдауға бағытталған “Біз де адамбыз” қоғамдық қоры мен “Теңізшевройл” компаниясы бірлесіп, “Шектеусіз шығармашылық” атты жоба аясында мәдени шара ұйымдастырды.
Оған ауданымыздың талантты мүмкіндігі шектеулі жандары мен балалары қатысып, өнер көрсетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл жоба ерекше жандардың бойындағы талант пен шығармашылық әлеуетін аша отырып, олардың қоғам өміріне белсене араласуына үлкен мүмкіндік беріп келеді.
Шығармашылық концертті мүгедектігі бар жандардың жан-жақтылығын дамытуға қолдау білдіріп жүрген «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының өкілі Жұмабек Жұмашев ашып, сөз сөйледі:
-Тағдырдың сынына мойымай, арманына қанат қаққан батыл жандар біздің ауданымызда ғана емес, барлық облыс аумағында бар. Мұндай мерекені ұйымдастырудың маңызы зор екенін атап өткім келеді және ерекше жандарды осы қоғамға қосуда өте маңызды рөл атқарады. Шектеусіз шығармашылық жобасына бір кісідей атсалысып жүрген барша қолдаушыларға алғыс айтамын,-деп тілек білдірді.
Шарада адамгершілік мен еңбек жолында осындай маңызды жобаларға бар өмірін арнап келген Құлсары қаласы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің бұрынғы төрағасы марқұм Енсепов Қайрат Байжанұлын еске алуға арналған шағын бейнеролик көрсетілді. Ізгіліктің жалғасын жалғап, бүгінде игі жолын ұлы Ернар Енсепов жалғастырып, осындай шараға белсене қатысып жүрген барша қолдаушыларға алғысын білдірді. Құлсары қаласы мүгедектер қоғамдық бірлестігі атынан ерекше жандарға үміт сыйлап жүрген, әсерлі жобаларды жүзеге асырып, ерекше жандардың арманына қанат бітірген еңбектері үшін “Біз де адамбыз” қоғамдық қорына арнайы Алғыс хат табыстады.
Қатысушылар концертте ән айтып би билеп, көрермендердің көзайымына айналды. Қазақ халқының жүрегінен орын алған ұлттық биіміз “Қара жорға”, “Вальс” билерін билеп, анаға, әкеге, бауырларға арналған әсерлі әндерімен жанды дауыста өнер көрсетіп, жұртты таңдай қақтырды.
“Арман қанатында” атты шығармашылық концертінің өнерпаздары – мүмкіндігі шектеулі болса да рухы биік жандар. Қазақ – жетімін жылатпаған, кемтарын кемсітпеген текті жұрт. Көңілі аппақ қардай таза жандардың жаны да таза. Жас таланттылардың өнері көпке үлгі болары хақ.
А.Ерденқызы


